- Advertisement -

Жамбылдықтар өңірге өз үлестерін қосқысы келеді

85

- Advertisement -

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында филиал төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алғаш болып келген Тараз қаласының тұрғыны Асқар Әлменов шағын үлгідегі қоқыс жою зауытын салуға қаржы бөлуге көмек сұрады. Кәрім Нәсбекұлы қоқыс жоюға арналған шағын зауыттың 350 мыңнан астам халық тұратын Тараздай үлкен шаһардың қажеттілігін өтей алмайтынын бірден айтты. Дегенмен, тұрғынның ізденіске толы еңбегін бағалайтынын, егер жоба тиімділігін дәлелдесе, Шу, Қаратау, Жаңатас сияқты шағын қалаларға қолданып көруге болатынын жеткізді.

Келесі кезекте қабылдауға жазылған қаладағы Сәрсенбаев көшесінің тұрғындары №18 «Еркежан» балабақшасының жер телімін ішінара пайдаланған «Қаратау-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 7 қабатты тұрғын үй құрылысын тоқтатуды өтінді. Кәрім Нәсбекұлы жер телімін иелену де, құрылыс жұмыстарын жүргізу де заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін ескертті. Алайда, серіктестік заң талаптарын бұзған болса, жауапқа тартылады. Сондықтан да осы мәселені жан-жақты зерделеу үшін облыс әкімі К.Көкірекбаев қала әкімі Н.Календеровке арнайы комиссия құруды тапсырды. Сонымен қатар Алматы қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айбек Жалымбетов «ТМЗ» ЖШС-нан 4 миллион теңгеден астам қарызын әлі күнге қайтара алмай жүргенін айтып, шағымданды. Бұған қатысты «ТМЗ» серіктестігінің қаржылық директоры Бауыржан Алатаев қарызды қайтаруға мүмкіндік болмағанын, бірақ, мәселені оң шешу жолдары қарастырылып жатқанын сөз етті.
Бұл күні жер асты газ жүйесін жүргізу барысында жолдар мен су арықтарының бұзылғандығын алға тартып келгендер де болды. Зейнеткер Сұлтан Әміркенов Төңкеріс алқабында осындай олқылықтардың орын алғанын айтып, мердігер «Газсервис» және «Айсері» серіктестіктері жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тартып жатқанын ашына жеткізді. Тағы бір зейнеткер Райхан Тәуірбаева да Қойгелді көшесінде жер асты газ жүйесін жүргізгеннен кейін жолдардың талқаны шыққанын тілге тиек етті. Мердігер «Мастер Шер» серіктестігі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбеген. «Қалада газ құбырлары жаңғыртылуда. Мұның бәрі де ел игілігі үшін істеліп жатыр. Бірақ, газ жүйесін тартқандар асфальт бетін қалпына келтіруі қажет. Халық шаң жұтпауы тиіс. Барлық мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелері бар. Сол бойынша арнайы комиссия барып тексереді. Егер, міндеттеме орындалмаса, жағдай басқаша болады», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, қабылдауға шақыртылған мердігер компаниялардың басшыларын өткір сынға алып.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support