Қарасора қылмысқа бастайды

Қарасора қылмысқа бастайды
ашық дереккөз
Қарасора қылмысқа бастайды

Бүгінгі қоғамға жегі құрттай жабысқан түйткілді мәселе – жапан дала төсін жайлаған жабайы қарасораның заңсыз бизнестің көзіне айналуы болып отыр. Осы проблема тұрғысынан алғанда, Шу өңірі қылмыс әлемін өзіне аудартқаны жасырын емес. Қаулап өскен қарасора оңай олжаға кенелуге құлшынған қылмыскерлердің аранын ашып, құқық қорғау органдарының жұмыс күшін еселеуге тура келіп отыр. Сондықтан да жыл сайын «Көкнәр» республикалық жедел-профилактикалық шарасы өтеді. Маусым-қазан айлары аралығында іске қосылатын қылмыстық топтардың әрекеттеріне қарсы тұру операциясы биыл да басталды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, Әділет генерал-майоры С.Құсетов, бес облыстың ішкі істер департаменті басшыларының орынбасарлары, ҰҚК және ҚМ Мемлекеттік кіріс комитетінің шекара қызметтерінің, есірткіге қарсы күрес бөліністерінің аумақтық басшылары қатысты.

«Дельта-долина» ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөлімі ғимаратының алдында өткен жиын барысында құқық қорғау органдары қызметкерлері өз бөлімдері бойынша сап түзеді. Онда ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы Сұлтан Құсетов сөз сөйлеп, «Көкнәр-2015» шарасының ерекшеліктерін, техникалық толықтырулар туралы мәліметтер берді. Мәселен, биыл алғаш рет құмды аймақтарда арнайы мақсаттағы бөліністердің қатысуымен патрульдеуді жүзеге асыру үшін жолсыз жерлермен жүре алатын 4 КамАЗ автокөлігі, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты пайдаланылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өз сөзінде: «Өңірдегі заңсыз есірткі айналымының көлемі тек халық денсаулығына қатер төндіріп қана қоймай, экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайды, мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық реформаларды тұрақсыздандыруға ықпал етуі мүмкін. Облыста бұл мәселеге көп көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен ІІД-не материалдық-техникалық базаны жабдықтауға 612 миллион теңге, «Көкнәр» жедел ұйымдастыру шараларын өткізуге 28 миллион теңге бөлінді», – деді. Сонымен қатар, ішкі істер органдары мен арнайы бөліністер қызметкерлеріне арналған 40 орындық тұрғынжайдың АҚШ елшілігі әскери қарым-қатынас бөлімінің тікелей ықпалымен салынғандығын айтып, елшілікке алғысын білдірді. Содан соң, көпшілік аталмыш ғимаратпен, «Дельта-Долина» есірткіге қарсы күрес бөлімінің ғимаратымен, операцияға тартылған техникалармен танысты. Жиында арнайы үйретілген иттердің қылмыскерлерді қолға түсіру әдістері көрсетіліп, осында ұсталған қылмыскерлерден алынған есірткі шөптері өртелді.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар