- Advertisement -

Ауылдағы дүбірлі дода

68

- Advertisement -

Ат бәйгесі мен балуан күресі қанат жайып келеді. Күрес дегенде бүгінде халықтың ықыласына айналған қазақ күресінің орны бөлек. Астананың төрінде немесе ірі қалаларда өтетін бұл спорт түрін халық теледидардан тамашалап, айызы қанды. Қазір «Қазақ барысы» үшін өтетін дүбірлі доданы жұртшылық асыға күтетін болды. Ел мерейін асырып жатқан осы додада жамбылдық балуандар да жүлделі орындардан көрініп жүр. Бір Бейбіт Ыстыбаевтың өзі «Қазақ барысы», «Еуразия барысы» атанып, мерейімізді тасытты.
Халықтың зор қолдауына ие болған қазақ күресінен дүбірлі жарыс енді ауылда да өте бастады. Жақында Талас ауданының Қожағаппар ауылында өткен балуандар бәсекесін дүйім жұрт тамашалады. Осы ауылдың тұрғыны болған, ұзақ жыл бұрынғы «Майтөбе» кеңшарының трактор бригадасының бригадирі, «Шолақтау» кеңшарының орталық қойма меңгерушісі, ауданда алғашқылардың бірі болып «Жансая» шаруа қожалығын ашып, шаруасын дөңгелеткен еңбек ардагері Қуанышбек Дәуренбековке ұл-қыздары ас өткізіп, ат шаптырып, балуан белдестірді.
Ата жолымен өткен аста балуандар бәсекесіне Жамбыл өңірінің ең таңдаулы балуандары белдесті. Алдағы шілде айында Астанада өтетін «Қазақ барысында» облыстың намысын қорғайтын екі балуанның бірі – Айбол Айтбек, осы дүбірлі жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көрінген Жасұлан Әбішев, Айдос Теңгебаев, Аманғали Жартыбаев, Алматы қаласының өкілі Виктор Демьяненко, келешегінен үлкен үміт күттіретін жуалылық Нұрсұлтан Райқұлов белдескен доданы ауыл тұрғындары тік тұрып тамашалады. Үш сағатқа созылған бәсекеде Айбол Айтбек түйе балуан атанып, жүлдеге 500 мың теңгені олжалады.
Балуандар күресімен қатар өткен ат бәйгесінде 35 шақырымға созылған аламан бәйгеде Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының жүйрігі алдына қара салмай, бәйгеге тігілген «Daewoo Nexia» жеңіл автокөлігін қанжығасына бөктерді. Бұдан кейін көкпаршылар ортаға шығып, күш сынасты.

Әділ Әділет.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support