- Advertisement -

Батырбектің жүрген жері береке

148

- Advertisement -

Әдетте табысы тасыған кәсіпорын, зауыт, мекеме басшылары, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, шаруа қожалықтарының жетекшілері жайлы мақалалар газет беттерінде жиі жарияланып жатады. Жөн-ақ. Еңбегі елеулі болса, неге жазбасқа?! Осындайда ойға оралады. Ал сол өңірді басқарып, жұмысын ұқсатып, халықтың жағдайын жақсартып отырған әкімдер жайлы сирек оқимыз. Олардың еңбегі де ерен ғой. Мәселен, қай ауданда қандай өзгерістер  болып жатыр, одан хабардармыз. Елбасының сарабдал саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыруда аудан әкімдеріне артылар міндет аз емес. Жыл сайын өзгеріп, жаңарып жатқан ауыл өмірінде олардың атқаратын шаруасы шаш етектен. Ауылға су керек пе, керек. Ауылға газ керек пе, керек. Жол керек пе, керек. Жаңа мектеп, балабақшалар көптеп салынып жатыр. Олардың құрылысына қатаң талап керек. Осының бәрін жүргізетін аудан, ауыл әкімдері емес пе?! Сондықтан халыққа жаққан, ел жанды азаматтардың жақсы аты шығып жатуы өте орынды.

Мен 30-шы жылдардың ұрпағымын. Өмірден көрген-түйгенім аз емес. Талай заманды, қиын-қиын уақыттарды көрдік. Алайда дәл бүгінгідей шат-шадыман, берекелі, мерекелі заманды бастан өткермеппін. Қазір қай ауылға жолың түспесін, өзгеріп жатқан өмірді көреміз. Өріс тола мал, егін егіліп жатыр. Мұның бәрі жекеменшік. Қанша еңбек етсең де рұқсат. Түрлі техникадан жер қайысқандай. Ауқатты отбасылардың қатары жылма-жыл артып келеді. Осының бәрі мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауының арқасында жүзеге асып жатқан шаруа ғой. Әйтпесе, күннің атысынан қас қарайғанша ауыр бейнетке жегілген кешегі кеңестік заманда халықтың тұрмысы қандай еді?!
Біздің Байзақ өңірі де өмір көшіне ілесіп, дамып келеді. Тәуелсіздік жылдары ауданды басқарған азаматтардың ішінде Батырбек Құлекеевтің орны бөлек. Бұл азаматты бұрын сыртынан білетінмін. Талас ауданының әкімі қызметінде жүргенде оның атқарып жатқан жұмысы барынша көрінді. 2000-шы жылдары нарық заманына беттеп ел есін жия алмай жатқан уақытта осы қиындықтан құтылудың бір жолы халыққа малды тауарлы несие түрінде таратып, үлкен жақсылық жасады.  «Таластық тауарлы-несие» жобасы осылай іске асты. Салық өтемі ретінде айырбасқа (бартер) мың-мыңдап кетіп жатқан малды шаруа қожалықтарына үш жылға несиеге беріп, оның шығынын жергілікті бюджет арқылы жаба отырып, кейін салық есебінен өтеудің технологиясын енгізді. Соның нәтижесінде 4 жылда 15 мыңнан астам тоқты тұрғындарға несиеге берілді.
Жүздеген отбасы 100, 200, 300 тоқтыдан несие алып, оны өсіріп, отбасын асыраған еді. Осы несиенің дұрыстығы – кейін көптеген азаматтар шаруа қожалығын құрып, мыңғыртып мал өсіруде.  Батырбек сол ауданда әкім қызметінде жүргенде Аманкелді газ кеніші пайдалануға беріліп, Таластың атын шығарды.  «Сабақты ине сәтімен»  деген осы шығар, бұл күнде еліміздің игілігіне жарап отырған Аманкелді газының дер кезінде пайдалануға берілуіне оның да өзіндік үлесі бар деп білемін.
2007 жылы Б.Құлекеев Байзақ ауданының әкімі болып тағайындалғанда, іскер азаматтың ауданға басшы болуы көпті қуантты. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауданда іргелі істер атқарылды. Қарасу, Жаңатұрмыс ауылдарында екі қабатты заманауи мектептер бой көтерді. Үлгілі, Қостөбе, Түймекент, Сухамбаев, Дихан-1, Дихан-2, Мәдімар ауылдарының клуб үйлері күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан бірнеше балабақша ашылды. Аудан орталығы Сарыкемердің тозып кеткен орталығы жаңартылып, ескі парктің ортасына Кеңес Одағының Батыры  Ақәділ Сухамбаевтың бюсті орнатылды. Аудандық «Байзақ баба» мешіті жөндеуден өтті. Ал ауыл шаруашылығында шаруа қожалықтарының жұмысы жанданып, малды асылдандыру, егінді әртараптандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды.  Мәдениет, спорт, денсаулық білім салаларында алға басушылық байқалды. Қорыта айтқанда, ауданда үш жыл әкім қызметінде болған Б.Құлекеев осы уақыт аралығында өзін іскер, елжанды, жаңашыл, талапшыл басшы екендігін танытты.  Ауданның соғыс және еңбек ардагерлеріне деген ықыласы әр жиындарда байқалып тұратын. Оларға деген қамқорлығын үнемі жасап отырды. «Батаменен ер көгерер» деген дана халқымыз сол көптің батасын алған Батырбек бүгінгі таңда да жері шұрайлы Жуалы жерін абыроймен басқарып отыр.  Азаматтың шығар тауы биік болсын  дейміз!

  Есіркеп Серікбайұлы,
Байзақ ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support