Әркімге өз «Эрмитажы» ыстық

Әркімге өз «Эрмитажы» ыстық
ашық дереккөз
Әркімге өз «Эрмитажы» ыстық

5облыстық тарихи-өлкетану музейі төл мерекелері қарсаңында жаңа жәдігерлермен толықты

 1977 жылдан бастап мамырдың 18-і Халықаралық музей күні ретінде аталып келеді. ҚР Мәдениет министрлігінің мәліметіне сүйенсек бүгінде Республика көлемінде 150-ден астам музей жұмыс істейді. Олардың қатарында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі де бар. Апта басында облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің төл мерекесін табысты атап өтті. 2Музей – ғылым мен тарих үшін қызығушылық тудыратын құнды жәдігерлердің сақталатын орны, тарихтың айнасы. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тараздың көп ғасырлық тарихын дәлелдейтін баға жетпес қазыналар бар. Музей құрылған алғашқы жылдарда археологиялық заттар ең құнды экспонаттар болып саналды. Олардың мерзімі мен ғылыми суреттеуін музейдің кеңесінің өтінішімен сол кездегі жас ғалым М.Е.Массон жазды. 3Жалпы музейдегі археология бөлімі келушілерді адамзаттың еңбек әрекетінің ілгері дәуірдегі басталуымен таныстырады. Бұл бөлімде ең алғашқы адамзат баласының Қаратау тауларынан табылған, тастан жасалған еңбек құралдары ұсынылған. Қазып алынған адам сүйектерінің қалдықтары кейінгі кезеңмен – біздің заманымыздан бұрынғы  2 мың жылдағы қола дәуірімен белгіленген. VІ-ХІІ ғасырларда сақтардың дәуіріне тән заттар: қола қазандар, сақ жауынгерінің дулығасы, қола мүсіншілер. Экспозицияда Қазақ хандығының құрылу кезеңіне және Ресейден, Украинадан, Өзбекстаннан ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында қоныс аударушыларға үлкен көңіл бөлінген. 4Тараздың 2000 жылдық мерейтойына орай музей ауласынан тағы да бірнеше жаңа бөлім ашылды: «Көне түркі тас мүсіндері мен жазулары», «Тараз – 2000», суретші Л.В.Брюммердің көркемсурет залы. Бүгінде музейдің жалпы экспозициялық алаңы 2010 шаршы метрге жуық. Тағы бір бөлім – саяси қуғын-сүргін жылдары, соғыстың бас кезінде Қазақстанға жер аударылған ұлты неміс Л.В.Брюммердің шығармашылығына арналған. Өмірінің соңғы 15 жылын Таразда өткізген Л.В.Брюммер, өзінің барлық туындыларын (1000-ға жуық картиналарын) қалаға мұра етіп қалдырған. Тараздың 2000 жылдығын мерекелеу күндерінде музейге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев арнайы келіп, Ұлы Жібек жолының баға жетпес тарихының қастерлі заттарын мұқият сақтайтын музей қызметкерлерінің, құрылысшылардың жұмыстарына жоғары баға берді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығына», «Ұлы Жеңіске 70 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына», «ҚР Конституциясының 20 жылдығына» орай ауқымды іс-шаралар өткізді. Атап айтатын болсақ, тақырыптық баяндамалар, жылжымалы көрмелер, деректі фильмдер, оқушылар арасында әңгіме-дүкен, пікір алмасу және музейде тақырыптық экскурсия мен музей сабақтары жүргізілді. Музей қызметкерлері тәжірибе алмасу, біліктілігін арттыру мақсатында Қарағанды, Астана, Орал қалаларына іссапарларға жіберілді. Сонымен бірге, музейдің көрме залында суретшілердің жеке көрмесі, балалар көрмесі ұйымдастырылып тұрады. Даталы күндерге байланысты тақырыптық көрме, байқаулар, ашылу салтанаттары өткізіледі. Халықаралық музей күніне орай қаламыздың қақ ортасында орналасқан жәдігерлер үйіне бас сұққанымызда, жаңадан тағайындалған директор Үртай Сапақова музейдің жұмысын жандандыру мақсатында алдағы уақытта жаңашылдықпен жұмыс жасайтынын айтты. «Биыл музей түні қаламызда өткізілген жоқ. Оның бірнеше себептері бар. Жалпы, атқарылған әрбір шара өзін-өзі ақтауы керек. Осы жағын алдағы уақытта ескеріп, жаңаша жобалармен жұмыс жасайтын боламыз» деді Үртай Сапаққызы. Әркімнің өз Эрмитажы бар. Біздің музейіміз де қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлермен толыға түсіп, алдағы уақытта өңірдің Эрмитажына айналары сөзсіз...

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол». Тараз қаласы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар