- Advertisement -

Жазылмаған естелік

130

- Advertisement -

Бала кезімде журналист болсам деп қатты армандайтынмын. Тіпті қиялыммен қияны шарлап кеткен кезімде аз емес. Сол арманымды малданып жүріп, бірді-екілі мақала жазып та көрдім. Бірақ, басылымдарға ұсынуға біртүрлі жүрексінетінмін. Бірде тәуекелге бел буып, жазғанымды аудандық газетке бердім. Газеттегілер алып-ұшқан көңілі басылмасын деді ме, жүрекжарды жазбамды өңдеп-түзетіп, жариялап жіберген. Ал республикалық «Қазақстан пионері» газеті жазған мақалама байланысты хат жолдады.

Аудандық газеттегілердің бұл қамқорлығы мен үшін жолашар жоралғыдай болды. Осыдан кейін көрген-түйгенімді қағазға түртіп жүретін болдым. Жазғанымның бәрі газет-журналға жариялауға жарай бермейтінін білем. Оным өзімше, машық алып, қаламымды ұштағандағым еді. Ондағы ойым – күллі халыққа қасірет әкелген сұм соғыс жайлы, сол соғысқа қатысқан әкем Әзімхан Бердалиев жайлы көлемді мақала жазу.
Мақала жазуға әбден төселдім деген кезде үстелге отырдым. Ақ қағазға «Ұлы Отан соғысы» деп жазып, соңына үш нүкте қойдым. «Адам баласы үшін соғыстан асқан кесапат жоқ. Соғыс дегеніміз – қайғы-зар, қантөгіс. Ананы баладан, баланы әкеден айырған зұлмат. Тарихта небір алапат соғыс болғанмен, солардың бірде-бірі адамзатқа әкелген қасіреті жағынан екінші дүниежүзілік соғыспен теңесе алмайды. Өйткені бұл соғыста бүкіл дүниежүзінің халқы зардап шекті. Сондықтан,олар бүкіл әлемге билік жүргізіп, бұғауда ұстағысы келген Гитлерге тойтарыс беру үшін Кеңес әскерлерімен бірге қолдарына қару алып, шайқасқа шықты. Біздің армия өз елімізбен қоса Еуропаны да фашистік тепкіден азат етті».
Жазғанымды қайталап оқып шықтым. Оқулықтардағы жазбалармен, газет беттеріндегі мақалалармен бір сарындас сияқты. Ары қарай жаза алсамшы. Шабан аттай кібіртіктедім де қалдым. Әкем туралы қозғайтын естелігім жаңа ғана көкейімде сайрап тұрған еді… Сол күйі мақала аяқталмай қалды.
1977 жылы мектепте соғыс ардагерлерімен кездесу өтті. Осы тәлімді шара туралы шағын хабар жазып, аудандық газетке ұсындым. Мақала жарық көрді. Ауылдастарымның бәрі мақтау айтып, арқамнан қақты. Бірақ, мен мақтана алмадым. Себебі, осы шараның ұйымдастырушыларының бірі болғандықтан кездесуге келген майдангерлер туралы тізіп жазып, әкемді қоспаған едім. Осыным үшін қатты ұялдым. Көпті көрген жан емес пе, ол кісі бұған пәлендей мән берген жоқ.
Әкем Әзімхан – осы өңірге есімі белгілі болған, бақуатты тұрмысы бар, атақты Тәжі бидің ұрпағы. Тәжі би жомарттығымен, кісілігімен елге сыйлы болыпты. Тұрмыстан таршылық көріп, қысылған ағайындарына үнемі қол ұшын беріп, бидай-арпа үлестіріп тұрады екен. Берісі – Жуалы, арысы – Қаратау, Шаян өңірлеріне ол кісіні білмейтін жан жоқ болған деседі. Әлі күнге Тәжі бидің айтқандары ел аузында жүр.
Осындай текті атаның ұрпағы болғандықтан ба, әкемнің де ауылдастарының ортасында беделі жоғары еді. 1941-1942 жылдары Белорусь майданында соғысқан. Бірнеше рет жарақат алып, елге оралған. Колхозда бөлімше басшысы болып жұмыс істеген. Кейін 1954-58 жылдары Сталин атындағы колхозды басқарған. Ел еңсесін көтеру үшін тынымсыз еңбек еткен. 1958 жылы алған «Құрмет белгісі» ордені сол өлшеусіз еңбегінің белгісі.
Есейген сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді екен. Мен журналист болмадым. Әкем туралы естелік жазылмай, аяқсыз қалғаннан кейін, бұл ойымнан айнып қалдым. Міне, содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Әкем жайлы мақаланы аяқтаудың реті енді келіп тұр.

Мұрат Бердалиев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support