- Advertisement -

Тарихымыздың тамыры тереңде

98

- Advertisement -

2 Қазақ хандығы – біздің мемлекеттілігімізді дәлелдейді. Мемлекеті бар халық қашанда бақытты. Сондықтан да мемлекеттік мейрам – елімізді ұлықтайтын, барша әлемге тарихымыздың тамыры тереңде екенін дәлелдейтін мереке. Ал осы мерекені тойлау кезінде біз өзіміздің кім болғанымызды айғақтай отырып, жаңсақ пікірлерге нақты жауаптар бере аламыз.

Осы секілді орамды ойлар «Қазақ хандығы – ата тарихымыздың асқар белесі» атты конференцияда жан-жақты қаузалды. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің мәні мен мағынасы және мемлекеттігіміздің қалыптасу ерекшеліктері, тарихы және оның тағылымдарын айшықтау мақсатындағы конференция облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық мемлекеттік мұрағаттың ұйымдастыруымен болды. Оған Тараз қалалық және аудандық мемлекеттік мұрағат басшылары, қызметкерлері, жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің студенттері сондай-ақ Алматыдан арнайы келген белгілі тарихшылар қатысты. Жиынды облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Ол баяндамашыларға кезек бермес бұрын айтулы мерейтойдың Тараз төрінде өтетіні және тойлану барысы жайлы сөз қозғады.

Ол мерейтой үстіміздегі жылдың 17-18 қыркүйек аралығында өтіледі деп жоспарланып отырғанын айтты, ондағы орын алар негізгі іс-шаралардың барысына тоқталды. Оның айтуынша, мереке қарсаңында «Еуразия барысы», «Мерекелік тарту акциясы», «Тараз – ғасырлар куәсі» атты тарихи көрмесі және жазушы Қалихан Ысқақтың «Қазақтар» атты тарихи-драмалық қойылымы көрсетіледі деп күтілуде екен. Сондай-ақ, мерейтойдың екінші күні шараның тағылымдық және тәрбиелік мәнін асқақтату ниетінде «Көне Тараз» археологиялық паркі мен «Ежелгі Тараз» мемориалды монументінің салтанатты ашылуы болады деп жоспарланып отырғанын білдік.
Бұдан кейін сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев «Жәнібек хан ту тіккен – Хантау» тақырыбында ой қозғады. Шу ауданындағы Хантау аумағын хандықтың негізін қалаған Жәнібек ханның тұрағы болғанын тағы бір нақтылай түскен ол ондағы өзінің зерттеу жұмысы барысында болған сапары жайлы барынша баяндауға тырысты.
– Халқымыздың жер, тау, өзен, көл немесе басқа бір нәрселерге ат қойғанда, оның белгілі бір сыртқы көріністеріне, себеп-салдарына, мағынасына қарап қоятыны белгілі. Сондықтан да бұл таудың Хантау аталуы да бекер еместігі өзінен-өзі айғақталып тұрғандай. Ол ғана емес, мұнда Үлкен Хантау, Орта Хантау, Бала Хантау (немесе Кіші Хантау) деген атаулар да кездеседі. Аталған таулардың басында хан отыратын «ханның тағы» деп біздің хабаршымыз таққа ұқсас үш тасты көрсеткен еді. Әрине, бұл аңыздың шындыққа қаншалықты жанасымды екендігіне күмән келтіруге болмайды. Хантауда хандардың өмір сүргендігі жайлы аңыздарды дәлелдейтін басты бір айғақ, Хантаудың солтүстік шығыс жағында «Хан қорасы» деген қораның орны бар.
Бұлардың бәрі ойдан шығарылған атаулар емес. Олар, шындығында, болған уақиғалар куәсі. Сондықтан да олар ел аузында бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Бұл хабар, тарихи мағлұматтар халқымыздың тарихын жазуда еш уақытта өшпес орны бар тарихи дәлелдер. Әсіресе, Қазақ хандығының құрылған жері деген орындар Хантауы, хан тағы, хан орны, Жәнібек ханның қыстауы, хан сатысы тағы осы сынды хан атымен байланысты орындар біздің ұрпақтарымыздың жадында мәңгі сақталуы тиіс, – деді Сәйден Жолдасбаев.
Жиында сөз алған басқа да баяндамашылар тарих тереңінен тартылған түрлі мағлұматтарды мысалға ала отырып, мазмұнды әңгімелерін қонақтардың зердесіне тоқытып, көңіліне қондырды. Айталық, «Созақ – Қазақ хандығының тірек қаласы» тақырыбындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Дөкей Талеевтің, «Қазақ хандығының қайнарында» тақырыбындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақыновтың және «Хандар салған сара жол» тақырыбындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақыт Мырзабековтің тағылымды баяндамалары көптің көкейіндегі түрлі сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, «Мойынқұм, Хантау – Қазақ хандығы ту тіккен киелі мекен» тақырыбы аясында ой өрбіткен облыстық мемлекеттік мұрағатының бөлім басшысы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет те пікірін ортаға салды.
Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев қорытындылады.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support