- Advertisement -

Дағдарысты сезіп отырған жоқпыз

76

- Advertisement -

«Қазақ осы дүние мен малыңды,Оңды-солды шашу үшін жинайтын», – дейді қазақтың ақылман ақыны Қадыр Мырза Әли. Рас, қазақ сондай кең көңілді, жомарт пейілді, қолы ашық халық. Бар-жиған тергенін бір тойға шаша салуға да бейім тұратыны сол пейілінен. Десек те, қазір қазаққа тойлайтын емес ойлайтын шақ туып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттерінің өзін қыспаққа алып отырған қаржы дағдарысы біздің елімізді де айналып өте қоймасы белгілі. Әзірге, біз Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында дағдарыстың салқынын сезіп отырған жоқпыз. Бірақ, оған қарсы қолданар игі амалдарымызды тоқтатпау керекпіз. Ондай амалдардың негізгісі — үнемге жүгіну. Әлбетте, осы орайда ағыл-тегіл, көл-көсір жомарттығымызға тұсау салуға тура келеді. Олай дейтініміз, осынау қиын шақта ысырапқа ұрынбаудың қаншалықты маңызға ие екендігі айтпасақ та түсінікті. Бұл турасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да барынша ұғынықты әрі жан-жақты қаузалды.

Қазақ ешқашан ұлыларын ұмытқан халық емес, ұмытпайды да. Бірақ, мемлекет қаржысын мерейтойларды атап өтеміз деп желге ұшырудан ештеңе өнбейді.
Мақұл, ел мақтаныштарын ардақтағанда, Елбасымыз айтқандай, олар туралы баспасөз беттерінде жақсы дүниелер жариялап, оның үлгілі еңбектерін насихаттайтын ғылыми-тәжірибелік конференциялар секілді татымды шаралардың өтуін қамтамасыз етсек ұтылмас едік. Даңқты ата-бабалармыздың даңқын солай асқақтатып, ұлағатын ұрпаққа ұғындыра білудің төте жолы да сол болар еді. Ал жекелей демеушілер, қалталы азаматтар табылып, өз тарапынан атасына ат шаптырып ас берем десе, оған ешкім шәк келтірмейді. Яғни, мемлекет қаржысы мерейтойларды атап өтуге шашылмағаны абзал. Қазір біздің еліміз үшін үнемдеудің үлгілі бір жолы осында болып тұр.

Мәкен Рақымжанова, 
Қазақстанның 
халық әртісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support