- Advertisement -

Құмырсқалардың кереметі

149

- Advertisement -

Құмырсқа өз салмағынан елу есе артық салмақты тіспен көтеріп кетеді. Әр қырық адамға жеті жүз миллион құмырсқадан келеді. Олар мұзды мұхиттардан басқа әлемнің барлық жерінде тіршілік ете береді, көбіне ыстық аймақтарды ұнатады. 9
Олар қоғам болып өмір сүруге бейім. Үлкен метрополиялар секілді қалалар тұрғызады. Миллиондаған тұрғыннан құралған қалаларында өзіне тән азық қоймалары, ұрпақ өсіретін бөлмелер, жауынгер әскерлердің жатақтары орналасқан. Бүгінгі таңда құмырсқаның тоғыз мың түрі бар. Әр түр өзінің жаратылысына сай тазалықшы, диқаншылық секілді әртүрлі кәсіппен шұғылданады. Өзара көмек, жанпидалық, өз міндетін ғана атқарып, басқалардың ісіне араласпау, қарақан басын емес, қоғам мүддесін алға қою секілді қасиеттері бар. Эволюционерлер оларды сексен миллион жыл бұрын өмір сүрген жабайы ара түрінен пайда болған деуде. Одан да күлкілісі, қоғам болып, бірігіп өмір сүргеннің артық екенін құмырсқалар өздері ойлап тапты деуде.

Патшайым және әскерлер

8Құмырсқалар патшайым, жұмысшы, әскер болып өзара бөлінеді. Ұрпақ ісіне жауапты аналық құмырсқалар өмір бойы тек қана жұмыртқа шығару ісімен айналысады. Бір патша елінде бірнеше патшайым кездесуі бек мүмкін. Ірі денелі аталық құмырсқалардың міндеті – патшайым құмырсқамен аз ғана сәт ұшырасып, ұрықтандыру. Өз міндетін атқарған аталық құмырсқа кешікпей тіршілікпен қоштасады. Ал әскерлері «химиялық қарумен» мұздай қаруланған. Бастары мен ауыздары ерекше бітімге ие. Оларда елді қорғаудан басқа мақсат болмайды. Ал экономикаға жауапты жұмысшылардың бәрі – қысыр, аналық құмырсқалар. Жұмысшылардың бір бөлігі төл құмырсқалар мен патшайымды асырайды. Бір бөлігі жаңа дәліздер ашып, жаңа ұрпаққа орын дайындайды. Тағы бір бөлігі азық іздеп, қорек тапса, дереу басқаларына хабар береді. Әскерлер мен жұмысшылардың арасында құрылысшылар, жинақтаушылар, тәрбиеші, тұтқындар да бар. Құмырсқа қауымының экономикасы негізінен жұмысшылардың мойнында. Аузы мықты жұмысшылар бидай дәнін уату үшін басқа жұмысшылармен де бірлеседі. Олар әбден уатқан бұл бидай дәндерін жібітіп, қамыр қылып, артынша оны кептіруге күн астына жайып қояды. Содан қыстық азығын дайындайды.

Илеудегі ауа ағысы

Жүздеген ұядан құралатын илеуінің ең басты ерекшелігі – өте нәзік есеппен жасалған ұяның ішкі климаты. Онда ұяға тән ауа ағысы реттеліп отырады. Ұя кіреберісі Күнге, әлемнің магниттік өрісіне қарай бейімделіп жасалған. Ауа жолдарының изоляциясы, күні бойы қалыпты температураны сақтау үшін қажетті желдету, жылыту мен суыту тепе-теңдігін ұстау, жан саны артқанда жаңа қосымша ұялардың ішкі ауаға кері әсер етпейтіндігі бәрі ескерілгені таң қалдырады.
Бір ізге түсіп, азық іздеуге шыққанда соңындағылар алдыңғылардың иісімен жүріп отырады. Есте сақтау қабілеті өте күшті. Қай жерден өтсе, сол жердің көрінісін дереу есте сақтайды. Илеуден тым алысқа ұзап шыққанда, қайта тауып келу үшін есте сақтау қабілеті мен иісшілдігін, сондай-ақ топографиялық түйсігін қолданады. Бұған қоса, хабарласу жүйесі өте озық, мәлімет жеткізуде алдына жан салмайды. Өздеріне тән тілі бар. Қазіргі уақытта биіктігі көк тіреген зәулім үйлердің жылу, желдету жүйелерін арзан, әрі сапалы жасау үшін құмырсқа илеулері мұқият зерттелуде. Тіпті, компьютер мамандары «Құмырсқа отары оптимизациясы алгоритмі» деген атпен мұнай танкерлерін шашау шығармай жеткізуде илеулердегі қалыптасқан жүйеден үлгі алуға тырысуда. Бір сөзбен айтқанда, құмырсқа – Ұлы Жаратушы шеберлігінің нәзік те ғаламат туындысы.

Жоба жетекшісі:
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА
fariza_abdikerimova@mail.ru

Шынар САҒИЕВА
shinar_akjol@mail.ru

Ернар БАЛҒАБАЕВ
massgrand@mail.ru

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support