- Advertisement -

Мойынқұм – киелі өңір, қасиетті өлке

9

- Advertisement -

Баршамызға белгілі, тәуелсіз Қазақстан əлемдегі 200-ден аса мемлекеттердің ішінде жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа енеді, яғни, 9-шы орын алады. Ал, тұрғындар саны бойынша 64-ші орында екен. Еліміздің аумағы жер бетінің жалпы ауданының 2 пайызын, Азияның 6,1 пайызын құрайды. Шекарасының жалпы ұзындығы 14 594 километр. Қазақстан 5 мемлекетпен – Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытаймен шектеседі.

Бүгінде елімізде 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала бар. Биылғы 1 наурыздағы мәліметке сәйкес, елдегі тұрғындар саны – 20 миллион 75,3 мың адам. Ең көп халық Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тұрады. Сонымен қатар, миллионнан аса тұрғыны бар өңірлер қатарына Астана, Шымкент қалалары, Жамбыл және Қарағанды облыстары да кіреді.

Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Жамбыл облысының аумағы 144,3 мың километрді алып жатыр. Жыл басындағы мәліметке сәйкес, бүгінде облыс халқының саны 1 миллион 222,6 мың адамды құрайды. Соның ішінде қалалықтар – 43,5 пайыз, ауыл тұрғындары – 56,5 пайыз. Облыста барлығы 10 аудан, 4 қала, 150 ауылдық округте 367 ауыл бар. Аудандар арасында халық саны жағынан Қордай бірінші орында болса, жер аумағы жөнінен Мойынқұм ауданы көш басында тұр.

Кең байтақ қазақ даласының әр аймағының әлі де ашылмаған сыры, әрбір өңірінің өзіндік тарихы бар. Дегенмен, осыншама ұланғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, кеудесін оққа тосып қорғаған бабалар¬ымыздың рух күшіне қалай риза болмайсың! Облыстың солтүстік- шығыс бөлігінде орналасқан, оның территориясының 42 пайызын алып жатқан Мойынқұм туралы айтқанда да, талай орнықты ойға қаласың. Аумағы 50,4 мың шаршы километрді құрайтын шалғай ауданның жер көлемі Батыс Еуропадағы Голландия, Бельгия, Люксембург және Монако сияқты майда мемлекеттердің жерімен тең деуге болады. Бүгінде 24 ауылы 16 округке топтастырылған Мойынқұм жер көлемі бойынша облыста бірінші орында тұрғанымен, халқының саны жағынан соңғы орында екенін білесіз бе?

Батысы Жамбыл тауымен, шығысы Қозыбасымен шекте сіп жатқан өлкенің қойнауы қандай құтты болса, тарихы да аңыз-әпсаналарға бай. Ерте заманнан-ақ сауда-саттық арқылы Батыс пен Шығыстағы ел мен елді байланыстырған Жібек жолы қазіргі Мойынқұм ауданының аумағын да басып өткен. Асан Қайғы бабамыз жер аралап жүріп: «Ей, Мойынқұм! Жеті жыл қатарынан жұт болса да, тұяқты мал қалса, сенің бауырыңда қалады екен!» – деп сипаттаған қасиетті жер бұл! «Шығыс Гомері» атанған ұлы ақын Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жамбыл тауының баурайында дүние есігін ашқан. Әрі батыр, әрі шешен Бөлтірік баба¬мыздың да өмір жолының кейбір кезеңі Мойынқұммен байланысты. От ауызды, орақ тілді ақын әрі шешен Қылышбай Мойынқұмда туып-өскен. Қасиетті Мойынқұм небір дастандар мен жырларға да арқау болған өлке. Ел басына күн туған заманда Ұлы Отан соғысына ауданнан 3 мыңнан аса адам ел қорғауға аттанып, ерлікпен шайқасты. Халық шаруашылығын көтерудегі жанқиярлық еңбектері үшін көптеген мойынқұмдықтар мемлекет тарапынан құрметтеліп, марапатталды. Ауыл шаруашылығының озат 10 еңбеккері Социалистік Еңбек Ері атанды. Мал өсіріп, толайым табысқа жеткені үшін ел құрметіне бөленген Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атағына ие болды. Ал, 1986 жылғы желтоқсанда азаттық үшін күрестің басы-қасында болған мойынқұмдық Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Мойынқұм жерінде талай мемлекеттік қайраткерлер, жақсылар мен жайсандардың табан ізі қалған. 1975 жылы ауданға республиканы ұзақ жыл басқарған мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев келіп, халықпен жүздескен. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов, Қадыр Мырзалиев, Оралхан Бөкеев, Шыңғыс Айтматов, тағы басқа көптеген ақын-жазушылар, Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиев, тағы басқа көптеген өнер саңлақтары да әр кездері Мойынқұмның құрметті қонағы болған. Ал, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әні бар қазаққа мәлім.

Жерінің асты да, үсті де қазына байлыққа толы, ашылғаны да көп, ашылмай жатқан сыр сандығы қаншама осы алып ауданның атағы алысқа кеткен десек артық емес. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз туған жер, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек атамыздың, «Қазақ деген атым бар…» деп әділетсіздікке қасқая қарсы тұрған Қайрат сынды қаһарманымыздың алтын бесігі болған, Жамбыл өңірінің жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм жері, шынында да, киелі жер!

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support