- Advertisement -

Ән мен жырдың киесі

7

- Advertisement -

Қазақ халқының көрнекті ақыны, халық композиторы, әнші Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы өңіріміздің түкпір- түкпірінде тойланып жатыр. Қайталанбас өнер иесіне қандай құрмет көрсетілсе де, артық емес. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің мәжіліс залында өткен «Әннің кені – Кенекең» атты ғылыми-практикалық конференциядан біз осындай ықыласты байқадық.

Іс-шараны аталған колледж директорының міндетін атқарушы Айгүл Сатыбалдиева ашып, Кенен Әзірбаевтың өнердегі дара болмысына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Мәдениет саласының үздігі Балқыбек Құлмамбетов «Ән мен күйдің Кенені», Байзақ аудандық өнер мектебінің директоры Панабек Ахметов «Жан серігім, домбыра!», Жамбыл аудандық Мұхан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Меруерт Сейдалиева «Кенен жайлы кең толғау», аталған колледж оқытушысы Нұриддин Сәбитов «Кенен әндерінің шығу тарихы» тақырыптарында баяндама жасап, халық композиторының қыры мен еңбектерін жан-жақты ашып, көпшіліктің назарына ұсынды. Жиналғандар Кенен жайлы бұрын көп айтылмаған ерекше мәліметтерге де қанықты. Бірқатар қонақтар Кенен Әзірбаевтың ұрпақтары және келіні Динаға арнаған әні туралы естеліктер айып, іс-шараның мазмұнын байыта түсті.

Кеш барысында Кенен шығармалары кеңінен орындалды. Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева орындаған «Туған жер» әні, Панабек Ахметов орындаған «Сары барпы» күйі көрермен көңілінен шықты. Ал, Камал Нарбатыр «Көк шолақты» құбылтып, сан түрлі ырғақпен ойнақы орындағанда көпшілік еріксіз қол соқты.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері Мадина Әшімбек «Шырқа, даусым!», Бекнұр Укмет «Жас екпін», Асан Расул «Мен сүйемін халқымды» әндерін және Адина Зайримбет «Көш тоқтатқан» күйін жоғары деңгейде орындады. Мәдениет саласының үздігі Төрехан Көрпебаев басқаратын «Көне Тараз күмбірі» фольклорлық ансамблі Кенен Әзірбаевтың бірнеше күйін көпшілік назарына шебер жеткізді.

Аталған колледж ұстаздарының ұйымдастыруымен Кенен шығармаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен конференция көпшілікті үлкен әсерге бөлегені анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support