- Advertisement -

«Тыңдап өстім бұлбұлдай тәтті әуенді жыршы әнін»

15

- Advertisement -

Ақын-журналист Гауһар Адамбаева ертеректе облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газетінде тілші болып қызмет атқарған. Ақынның жалынды жырлары жамбылдық оқырмандардың есінен шыға қойған жоқ. Жақында редакциямызға Англия мемлекетінде тұратын ақынның қызы Ларита Адамбаевадан хат келді. Ларита Адамбаева өзінің хатында «Aq jol» газетінің ұжымына алғысын айта келіп: «Мен ақын Гауһар Адамбаеваның Англия мемлекетінде тұратын қызы Ларитамын. Англияда 20 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Менің анам Гауһар Адамбаева биыл 4 сәуірде 100 жасқа толатын еді. Анамның поэзиясына Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы, жазушы Шерхан Мұртаза жоғары баға берген. Гауһар анамыз белгілі ақын, журналист болып Қазақстанның, оның ішінде Жамбыл облысының мәдениеті мен руханиятына елеулі үлес қосқан жан еді. Анамыз тілшілік қауырт жұмысымен қатар, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Алайда, екі бауырымыз Мұрат пен Серік бұл күнде арамызда жоқ. Мұрат та анамыздың жолын қуып, журналистика саласында еңбек етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін республикалық «Известия» газетінде қызмет атқарған. Кенже қызы Шолпан да анамызға ұқсап, жақсы өлең шумақтарын жазып жүр. Ал, әпкем Әлима бұл күнде Жамбыл облысында тұрады. Алтын бесігіміз Тараздан алыс болсам да, анамызды танитын, білетін барша адамдармен араласып тұрамыз. Әпкем Әлима анамыздың ізі қалған, анамыз еңбек еткен «Aq jol» газеті туралы үнемі жақсы пікір, жылы сөздерін жолдап тұрады.

Құрметті «Aq jol» газетінің редакциясы! Анамның туған күніне орай, шығармашылығына газет бетінен орын берсеңіздер екен», деген өтініш жеткізіпті.

Гауһар Адамбаеваның ғасырлық мерейтойына орай ақынның топтама өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Редакциядан

 

ТУҒАН ЕЛ – ҚАЗАҚСТАНЫМ

Туған ел кемелдігің ерен мүлде,

Сен деп жыр бұл кеудеден өрем күнде.

Шарқ ұрып кетеді бір көңілім көкке,

Өзіңнің өреніңмін дегенімде.

 

Қойныңнан байлық-ырыс, нұр ағыла,

Дүниеге даңқың кеткен жылда мына.

Паш етіп елдігіңді, ерлігіңді,

Желбіреп тұр көгімде байрағың бар.

 

Ақ жолы әділеттің қалағаның,

Жаға алмас іші тарлар қара дағын.

О, менің Қазақстан, ұлы Отаным,

Гүлдей бер, құлпыра бер, дара бағым.

 

Терезең тең әлеммен саналғанда,

Құтты болсын Астанаң – жаңа ордаң да.

Нұрланып, сәулеленіп тұрсын мәңгі,

Бақыттың тұғыры боп адамдарға.

 

Кең жайып достыққа отау керегені,

Ел болдық еңсесі тік егеменді.

Осынау зор бақытты, дербестікті,

Шығарып алмау қолдан, керек енді.

 

ГҮЛ АРМАНЫ

О, табиғат зор ием, нәзік жанды гүл еттің,

Таң шығына шомылтып, күн нұрымен түлеттің.

Талайлардың мұрынын хош иісім қытықтап,

Мені көрсе сырылған кеудесінен түнек түн.

 

Ақ саусағы сүйріктей сабағымда жүрсе оның,

Кеудесіне арудың қадалады бір шоғым.

Қыздыратын әр таңда базар етіп бақтарды,

Тыңдап өстім бұлбұлдай тәтті әуенді жыршы әнін.

 

Үзіп алып қолына жігіттер де жиі кеп,

Ұсынады қыздарға «жүрегімнің сыйы» деп.

Мен боламын әйтеуір жақсылыққа жоралғы,

Тұрсам дағы үф еткен самал желден дірілдеп.

 

Жайлау еткен мызғымай кім мәңгілік тұғырын,

«Жазмыштан, тағдырдан» деген бар ғой бір ұғым.

Жарылқатып жастықты жайқалсам да көктемде,

Қас қағымдай бір сәттік қысқа менің ғұмырым.

 

ӨМІР СЫРЫ

Өмір – майдан мәңгілік,

Зердең жетсе ұғуға.

Не бұйырар тағдырың,

Жығылыс па, жығу ма.

 

Өмір деген – қиын бел,

Еңісі бар, өрі бар.

Қайраттан да буын бел,

Маңдайдан тер төгіп ал.

 

Өмір деген – қозғалыс,

Өмір – алға шапқылау.

Жазың қалып мүлде алыс,

Самайға өрер ақ қырау.

 

Өмір ән ғой, тәтті әуен,

Үндер шанақ пернеде.

Жақсы, жаман жоқ теңеу,

Пайымы жоқ пендеге.

 

Кейде ішектер үн қатар,

Қуанышпен тербетіп.

Кейде жанды мұңайтар,

Шанақ сынып, кері кетіп.

 

Сондадағы ғашықпын,

Мен өмірге әр таңда.

Жан сырымды дос ұққын,

Жырымды оқып марқай да.

 

АЛТЫН ДӘН

Егінші сары даламның еркесі ме ең,

Сапырған алтын дәнді жер төсінен.

Өзіңе қарамаймын да биіктеймін,

Даламдай көңіліммен кең көсілген.

 

Тастырған ел ырысын қазына қып,

Ерлерім алғысым көп өзіңе анық.

Күн нұры, жер нәрінің бөбегіне,

Сүйсіне қараймын кеп көзім қанып.

 

Жон жатыр жібек жалы бұйраланып,

Ұл-қыз жүр еңбек атты күйге оранып.

Жүзеді ну егіннің теңізінде,

Комбайн алтын дәнді қармап алып.

 

АҚ ҚАЙЫҢ

Сырласқан іңкәр жүректің,

Алдың ба талай алғысын.

Жаныңнан өтіп дір еттім,

Ақ қайың – жеңге, армысың.

 

Армандай аппақ балтырың,

Алыстан көзді арбады.

Есіңде шығар жарқыным,

Құрбының сол бір назды әні.

 

Армандай аппақ балтырың,

Берілсем тәтті қиялға.

Қайталап құрбым бар сырын,

Тұрғандай болам саяңда.

 

Сұлу ең неткен ерекше ең,

Тіл қашты маған ақ қайың.

Кеудеме жаз-нұр, гүл еккен,

Жақсылығыңды немен ақтайын.

 

Бейнеңді көріп тым асқақ,

Қуанам шат боп жарқылдай.

Жастықтың жырын растап,

Тұра бер, қайың қалпыңда-ай.

 

МЕНІҢ ӘЖЕМ

Ұнатамын жасырман,

Әжемнің жыр-өлеңін.

Сипат күнде басымнан,

«Құлыншағым» дегенін.

 

Ермек таппай жалықсам,

Ертек айтып береді.

Мамам ұрсып қамықсам,

Жұбатады, ебеді.

 

Ақ шаңқандай жаулығы,

Жарасады өзіңе.

Киеді істе айыбы,

Көзілдірік көзіне.

 

Таппай қалса әйнегін,

Ие өткізер кезінде.

Жіп сабақтап беремін,

Көзі болып өзім де.

 

Ол қамқоры үйдің де,

Папам менен маманың.

Сапар шексе бір күнге,

Оралғанша алаңмын.

 

Қаймақ шекер, құрт, майын,

Аузыма әкеп тосады.

Теңдесі жоқ қарттарда,

Әжемнен кім асады.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support