- Advertisement -

Ежелгі Тараздың ертеңгі болашағы жарқын

19

- Advertisement -

Қаланың бас жоспары – есептi мерзiмге қаланың даму болашағын айқындайтын негiзгi қала құрылысы құжаты. Бұл – қаланың даму стратегиясы. Өйткені, қалалар көп ғасырлар бойы өмір сүріп келеді және ұзақ уақыт бойы одан әрі дамитын болады. Бас жоспардың негізгі мақсаты – қаланы орнықты дамыту және әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, кеңістіктік, қала құрылысы міндеттерін кешенді шешуді және дамудың қазіргі заманғы үрдістерінің ерекшеліктерін ескере отырып, заманға сай қаланы дамытуға негізделген қазіргі халық пен болашақ ұрпақ үшін қолайлы тыныс-тіршілік ортасын қалыптастыру. Бас жоспарларды әзірлеу – жай ғана сән емес, маңызды қажеттілік. Осы орайда, біз Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі Асқар Рысбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ежелгі шаһардың тарихи орталықтарының заманауи келбеті қандай болмақ?

– «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің айналасында, жөндеу жұмыстары шеңберінде іргелес жатқан кеңістікке үйлесімді, сонымен қатар орта ғасырлық қаланың өзіндік ортасын қалпына келтіру мақсатында шығыстық стильде қызмет көрсету нысандарымен ұштасқан екі қабаттан аспайтын тұрғын үйлер салуды ұсынамыз. Қаланың тарихи құндылығын ұтымды пайдалану қажеттілігін ескере отырып, Бектұрғанов және Пушкин көшелерінің шекарасында «Шахристан» кешеніне солтүстіктен іргелес жатқан шаһардың Әулие-Ата даму кезеңіндегі қала құрылысының фрагментін қосу жобада орын алды. Бұл тарихи аймақ бүкiл жүйенiң өзегiн құрап, одан әрі ежелден қалыптасқан радиалдық жүйе негізінде негiзгi магистральдар бойынша қаланың сыртқы шекарасына дейiнгі байланыстар тарайтын болады.

Сүлейменов көшесі бойындағы «Орта ғасырлық Төрткүл» керуен-сарайы, сондай-ақ ХІХ ғасырдағы Қали Жүніс шаруашылық-тұрмыстық сәулет ескерткіші төңірегіне қоғамдық бақтар ұйымдастыру жоспарда бар. Ол үшін алдымен әртүрлі ретсіз ғимараттардан тазартамыз. Қаланың орта ғасырлық қала құрылысы мәдениетінің орталығы ретіндегі тарихи-мәдени ерекшеліктерін барынша сақтай отырып, Тектұрмас және Мәмбет батыр кесенелері орналасқан қасиетті аймақ серуендеу жолдары арқылы Талас өзенінің жағалауына қатпарласып салынып жатқан этно-тарихи, табиғи-ландшафттық кешенмен қосылатын болады. Ең бастысы, жобада демалушылар мен туристерге ыңғайлы болуы үшін «Көне Тараз» бірегей кешенін Тектұрмас табиғи-ландшафттық кешенімен байланыстыратын аспалы жолының құрылысы қарастырылуда.

– Қала аумағын кеңейтудің қаншалықты қажеттілігі бар?

– Тараз iрi өнеркәсiптiк, қаржы-экономикалық және мәдени-тарихи орталық ретiнде белсендi дамып келедi, сонымен қатар халықтың туылуы мен өмiр сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететiн қолайлы әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға ие болуда. Қала соңғы 10 жылда тұрақты өсімге ие болды. Табиғи және механикалық өсімнің нақты көрсеткіштері мен болжамын талдау негізінде, сондай-ақ Тараз қаласының әкімшілік шекараларының аумақтық өзгерістеріне байланысты жобалау кезеңдері бойынша қала халқының болашақтағы санын есептеу жүргізілді. 2022 жылы жалпыға бірдей халық санағының қорытындысы бойынша 422,8 мың адамды құрады. Болжам бойынша құрылыстың 1-кезеңі саналатын 2029 жылға 484 мың адамға жетеді деп жобаланса, есептік мерзімге (2040 ж.) қалаға қосылатын аумақтарды есепке алғанда 573 мың адамды құрайтын болады.

Бұдан басқа, Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамға жетуiне байланысты «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңы негiзiнде жобада қаланы екi әкiмшiлiк ауданға бөлу ұсынылды. Құрылыстың бірінші кезеңіне бұрыннан жасақталған 14 егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын игеру ескерілді. Есептік мерзімге қала аумағының шамадан тыс жайылмауын болдырмау мақсатында ескі тұрғын үйлерді жаңартуды көздейтін шынайы тәсіл қолданылды.

Қаланың экстенсивті дамуы (сандық ұлғаюымен, өзгеруімен, дамуымен байланысты) энергия үнемдеу және энергия тұтыну мәселелерін күрт шиеленістіреді. Көгалдандырылған кеңiстiктермен бiрге қайта жаңарту кезiнде ақылға қонымды тығыздыққа қол жеткiзу – инженерлiк инфрақұрылым мен жол желiсiне арналған қаржылық шығыстарды едәуiр азайтуы, жаңа аумақтарды игеру мерзімдерін қысқартуы әбден мүмкiн.

Ескі тұрғын үйлерді бұзудың жалпы көлемі 942,9 мың шаршыметрді құрайды. Қайта жөндеу аймақтарындағы құрылыс қолайлы және орта жасақтаумен қалыптасқан жағдайдың ауқымдылығын сақтай отырып, 5 қабаттан аспайтын тұрғын үй құрылысымен қамтылатын болады. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері негізінен қаланың оңтүстік бөлігінде орналастырылады.

– Пайда болатын нысандар қаланың келбетін өзгертуге қаншалықты ықпалын тигізеді?

– Алматы мен Шымкент бағытынан кіру қақпасы ешқандай сынға төтеп бере алмайтынын атап өткенімдей, бұл кемшіліктерді жою үшін жобада Жамбыл даңғылының оңтүстік жағынан барлық инфрақұрылыммен (мектептер, балабақшалар және т.б. нысандармен) қамтылған орамдық құрылыс, ал солтүстік жағынан экрандық құрылыс шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Д.Қонаев көшесінің солтүстік жағы орамды, ал оңтүстік жағы экрандық құрылыс қағидаты бойынша салынады. Ал, А.Асқаров көшесі Жамбыл даңғылынан бастап медициналық мекемелер кешеніне дейінгі аралық толық инфрақұрылымымен жабдықталған орта қабатты тұрғын үй құрылысымен қамтылады. Осы ұсыныстарды іске асыру кезінде қаланың басты көшелері кеңістікті шынайы қабылдауға қолайлы әсер ете отырып, қазіргі заманғы сәулет қағидаларына сәйкес келетін болады. Алматы бағытынан қалаға кiреберiсте бос жатқан аумаққа 16-20 қабатты зәулім үйлер салынады. Бұл қазiргi заманауи тұрғын ауданы заманның талабына сай, әркімге ерекше әсер беретіні сөзсіз.

Сондай-ақ, жобада осы жаңа тұрғын алқапта магистральді көшенің бойынан 10 мың орынға арналған олимпиадалық резерв стадионының құрылысы бар. Мамыр тоғайы жанында біршама кеңейтілетін аумаққа Бокс клубы мен стадионның құрылысын орналастыру көзделеді. Талас өзенінің сол жағалауындағы қалаға қосылатын аймақтың солтүстік бөлігінде 24 гектарды құрайтын аумаққа студенттік қалашық (кампус) орналасады. Алматы жағынан және Шымкент бағыттарынан кіреберіс тұстарында қала көшесінде ауыр жүк көліктерінің үлесін азайтуды қамтамасыз ететін ірі көлік-логистикалық орталықтарды орналастыру жоспарлануда.

Құрылыстың жалпы келбеті тұтастай алғанда климаттық, орографиялық ерекшеліктерді, жергілікті өмір сүру салтын және туристік тартымдылығын, сондай-ақ азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын ескере отырып, еліміздің оңтүстік қалаларына тән сәулеттік негізін дамыту тұжырымдамасымен байланыстырылатын болады. Жаңа тұрғын үй құрылысы солтүстік-шығыс бағытта шоғырланатын болады және әрбір жоспарлау ауданында халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыптасқан орта қабатты құрылыс, көпсалалы тұрғын үй кешенімен қамтылатын болады.

– Қаланың көгалдандырылған кеңістігін ұйымдастыру жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бола ма?

– Қала аумағы арқылы өтетін жеті арнаны табиғаттың ерекше сыйы деуге әбден болады. Жобада біз бұл мүмкіндікті жіберіп алған жоқпыз. Қаланың суару жүйесінің негізін құрайтын арналар қаланы көше-жол желісімен сәйкес келмейтін дербес ортогональдық жүйемен қиып өтеді. Бұл бізге магистральдардың негізін құрайтын арналармен қиылысатын жерлерінде демалуға арналған аймақтардың ерекше жүйесін – терренкурлар, денсаулық соқпақтары, жаттығу және ойын элементтерімен қамтылған орындарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Талас өзенінің қалаға жанасқан барлық ұзындығы бойынша рекреациялық аймақтар орналасады. Ал, салынып жатқан 14-шағынауданға қарама-қарсы балалардың ойын-сауық, спорттық, қоғамдық тамақтану орындары, су мотоциклдері мен қайықтарды жалға беру пункттері, сауықтыру орталығы, автотұрақтар, шағын футболға, баскетболға арналған алаңдар, қонақ үй кешені, аквапарк және тағы да басқа қажетті мүмкіншіліктер қарастырылған.

Қаланың көгалдандырылған кеңiстiктерiн ұйымдастыру жүйесi тұтастай мынадай негiзгi қағидаттарға бағынады: жалпы пайдаланудағы барлық жасыл желектердi барынша сақтау, жобаланатын жаңа тұрғын аудандарды көгалдандыру, өнеркәсiптiк кәсiпорындардың санитариялық-қорғаныш аймақтары аумағында жаңа қорғаныш орман белдеулерiн отырғызу. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта өнеркәсіптік аймақтан санитарлық-қорғаныш орман белдеулерінің басым бөлігі суару және күтіп-баптау жұмыстарының жоқтығынан күйзеліске ұшыраған. Сондықтан солтүстiк-батыс өнеркәсiп аймағының санитарлық-қорғау аймағын қала маңындағы жасыл белдеудiң орман қорғау белдеулерiмен бiрiктiру арқылы едәуiр ұлғайту көзделiп отыр.

Мамыр тоғайының қазіргі аумағы кеңейтіліп, стадион, бокс клубы орналастырылатын болады. Бұдан басқа, жобада жаңа саябақ аймақтарын ұйымдастыру көзделген. Оңтүстік-батыс жоспарлау ауданында «Кешенді спорттық ойын-сауық саябағы», солтүстік-шығыстағы көпқабатты кешенде «Отбасылық саябақ», сондай-ақ Талас шағынауданына қарсы жағажай және демалыс аймағы бар «Зербұлақ» ойын-сауық саябағы қарастырылмақ.

Әл-Фараби көшесінің біржақты қозғалысының жүру бөлігі аралығындағы қолданыстағы жасыл желекті Сейфуллин көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықты желілік бульвар ретінде пайдалану ұсынылады.

Жұмысын тоқтатқан кәріз жүйесінің Бурыл бағытындағы сүзгілеу алаңдарының аумағы бастапқыда орман питомнигі ретінде пайдаланылатын болса, кейіннен белгілі бір мерзім өткен жағдайда және санитарлық талаптарға сай келген кезде қалалық дендросаябаққа айналдыру жоспарланған.

– Егер қала аумағы өсетін болса, көшелер де, жолдар да кеңейе ме?

– Қала құрылысы тек белгіленген эстетикалық талаптармен ғана байланысты бола алмайды. Оның мәні төрт функцияны қамтиды – тұрғын үй, еңбек, демалыс және көлік. Соңғы функция алғашқы үш функцияны біріктіреді. Тараз қаласы ірі көлік артерияларының қиылысында орналасқан, оның аумағы арқылы магистральдық теміржол, республикалық маңызы бар Алматы-Шымкент автожолы өтеді. Қала аумағы теміржол магистралімен екі бөлікке бөлінген. Олардың арасындағы автожол байланыстары көп жағдайда Жібек жолы көшесіндегі жол өтпесі арқылы ғана жүзеге асырылады. Абай көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі қауіпсіздік мақсатында бұрыннан жабық. Айта кету керек, көлiк қатынасының жеткiлiктi шамасы болмау себебiнен қаланың оңтүстiк бөлiгi дамымай қалды. Сондықтан жобада Абай көшесінде екі жол өтпесі бар. Бірі аталған теміржол магистралі арқылы болса, екіншісі жаңа 14-шағынауданын жалғайтын теміржол тармақтары арқылы қарастырылған. Жоспарлау құрылымын дамытуда Абай мен Жамбыл даңғылдарының орта ғасырлық жүйесінің барлық әлеуетін пайдалана отырып, Лермонтов, Әл-Фараби, Аппасов көшелері бойымен Қойшыбеков көшесіне дейін, одан әрі солтүстік-шығысқа қарай айналма автожолға дейін қосу көзделеді.

Көлік қозғалысын жақсарту үшін Жамбыл даңғылы Қонаев көшесінің қиылысында Комратов көшесімен, ал Байзақ батыр көшесі Бектұрғанов көшесімен қосылатын болады. Қазыбек би көшесі Жамбыл даңғылынан Қаратай Тұрысов көшесіне дейінгі аралық Қарасу өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін автомобиль жолына ауыстыру қарастылады. Талас өзеніндегі Тектұрмас көпірі Кірпіш алабы арқылы Ақбұлым кентін айналып өтіп, Алматы бағытындағы тасжолға тарту арқылы толыққанды жұмыс істейтін болады. Бұл ретте аталған көпірден Жібек жолы көшесіне дейінгі жол жеке сектордағы тұрғын үйлерді бұзу арқылы кеңейтіледі. Кеңейтілетін Ташкент көшесі Мамыр тоғайы мен жобаланатын спорт ғимараттарына жақсы көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, Балуан Шолақ көшесіне дейін тесіледі. Қаланың аумақтық даму тізбегі оңтүстік және солтүстік жағынан айналма жолмен қоршалып, басқа жолдармен қиылысатын тұстарында көлік айрықтары салынады.

– Қала тұрғындарын экологиялық жағдай қатты алаңдататыны құпия емес. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Қаланың негізгі экологиялық проблемалары – атмосфералық ауаның автокөлікпен ластануы, кәріздік тазарту құрылыстарының болмауы және «Қазфосфат» өндірісінің жылдар бойы жинақталған қалдықтары.

Жамбыл облысы бойынша тіркелген ескі автомобильдердің көп болуында атмосфералық ауаның ластану проблемасы деп санауға болады. Егер пайдалану мерзiмi 3 жылға дейiнгi жаңа машиналар паркi республика бойынша 11,95 пайызды құраса, онда Жамбыл облысы бар болғаны 4,06 пайызды құрайды. Ал, облыстағы жеңіл көліктің негізгі бөлігі (83,7 пайыз) 10 жылдан асқан, негізінен бензинді пайдаланады, ал газбалонды отынды автокөліктің тек 0,05 пайызы пайдаланады.

«Қазфосфат» ЖШС өндіріс қалдықтарының үйінділерін Тараз қаласының «визит карточкасы» деп атауға болады. «Қазфосфат» ЖШС мәліметінше, қазіргі уақытта Тараз-Аса бағытындағы өндірістік аймақ арқылы өтетін қалалық трассаның екі жағында орналасқан екі үйіндіде 14 миллион тонна фосфогипс шоғырланған. Қазір кәсіпорынның алдында өндіріс қалдықтарын жинақтау емес, қордағы көлемді қысқарту және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін іске асыру жолдарын іздеу міндеті тұр. Фосфогипс өте жақсы меллиорант. Онда тұзды топыраққа құнарлылықты қайтаруға мүмкіндік беретін фосфаттар мен қышқылдардың қалдық мөлшері бар. Фосфогипсті сату көлемін ұлғайту керек, цемент өндіретін басқа ұйымдарға оның тұтынушыларымен – фермерлермен жұмыс істеу қажет, бірақ проблема логистика мәселесіне келіп тіреледі. Жобаның бас инженері Иван Комаровтың пікірінше, қалыптасқан жағдайды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін фосфогипсті пайдалануға субсидиялар енгізу қажет. Бұл әзірге мәселенің жалғыз шешімі. Сонда үйінділер де азаяды, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі де артады.

– Өнеркәсіптік аймақтарды қалыптастырудың ерекшелігі қандай?

– Тараз – химия өнеркәсібі, фосфорит кен орындарын игеруге негізделген индустриялық орталық. Бұдан басқа, металлургия және машина жасау өнеркәсібі елеулі экономикалық құраушы. Жергілікті өнеркәсіптің облыс үшін маңызы зор. «Тараз» индустриялық аймағы айтарлықтай дамиды, бас жоспарда химия, машина жасау, құрылыс өнеркәсібін дамытуға бағдарланған жаңа өндірістерді ұйымдастыруға өнеркәсіптік аймақты 500 гектарға кеңейту көзделген. Индустриялық аймақты дамыту 1200 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, қала басшылығына алдағы уақытта индустриялық аймақ құрылысының жобасын әзірлеуді ұсынамын. Өйткені сонда ғана кіреберіс жолдары мен жарығы жоқ, жер учаскелері тиімсіз пайдаланылып, қараусыз қалған кәсіпорындар мен өнеркәсіптік аймақтар жоғары технологиялық және экологиялық өндірістері бар қаланың қазіргі заманғы талабына сай аудандарына айналатынына кәміл сенемін.

ПОШ өнеркәсіптік аймағы болашақта елеулі жаңғыртуға ұшырайды. Оның аумағында шоғырланған едәуір санитариялық-қорғаныш нормаларына сай емес бірқатар өндірістік қуаттарды «Тараз» индустриялық аймағының аумағына көшіру ұсынылады, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын тұрақтандыруға ықпал ететіні анық.

– Бас жоспар жобасы бойынша шығармашылық процесс қалай ұйымдастырылды?

– Бас жоспарды әзірлеу көп жағдайда экономистерге, олардың халықтың алдағы уақыттағы саны, тұрғын үй қорының саны, жаңа аумақтардың алаңын анықтау бойынша жасалатын есептеріне байланысты. Бұл, ең алдымен, тәжірибе, эрудиция, білім, ғылымға сүйену және олардың негізінде қала құраушы базаға, яғни кәсіпорындардың, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық объектілердің саны мен қуаты және өзге де халық санының өсуі бойынша нақты сандарды шығаруға болады. Мұндай маңызды жұмыс жоғары білікті экономика ғылымдарының кандидаттары, бас экономистер Анна Әблеева мен Бақыт Ақтымбаеваның зор күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылды. Осыдан кейін қала құрылысшылары ғылыми кеңесші, сәулет ғылымының кандидаты Құралай Ибрагимовамен бірлесе отырып, қолданыстағы жағдайдың мұқият әзірленген жоспарының, нұсқалық схемалар жасау арқылы барлық жоспарлы шектеулердің негізінде неғұрлым оңтайлы және үнемді шешімді айқындады. Осыдан кейін ғана инженерлер сумен жабдықтау көздерінің жобалық қуатын, магистральдық құбырлардың диаметрін есептеп, жылу электр станцияларының, кәріздік сарқынды су алаңдарының ресурстары жететінін анықтады.

Көлік мамандары сәулетші, қала құрылысшылары Анжела Осокинамен, Зәуреш Қайрақбаевамен бірге қоғамдық көліктің жаңа түрлерін, сонымен қатар, автобус станцияларын дамытуды және тағы басқаларын ұсына отырып, жаңа жолдар мен жол өткелдерін, қаланы айналып өтетін жүк транспортына арналған трассаларының қозғалысын және олардың қарқындылығы бойынша магистральдардың жіктелуін анықтады. Сонымен қатар, экологтар қала атмосферасындағы ғана емес, судағы, топырақтағы зиянды қоспалардың дәрежесiн есептей отырып, оны қаладан шығаруды, өндiрiстi қайта жаңартуды, қорғау шараларын қолдануды талап ететiн кәсiпорындардың тiзiмiн жасай отырып, қоршаған ортаға тигізетін әсерiне баға беріп, ластану радиустарын айшықтады.

Қаланың бас жоспарларын жасаушылар ұжымы – бұл ғылыми жобалаушылар, экономистер, көлік мамандары, инженерлер, экологтар, топырақ зерттеушілер, гидрогеологтар мен геологтар, төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар, картографтар мен топографтар, геоақпараттық жүйелердің инженерлері, олар орындаған ондаған схемалар мен сызбалар және түсіндірме жазбалардың томдары. Бас жоспар жобасын әзірлеуге қаланың бұрынғы бас сәулетшілері Алмасбек Бобеев, Арман Әбдешев белсене атсалысқанын атап өткім келеді. Ал, қазіргі қаланың бас сәулетшісі міндетін атқарып отырған Дина Раманқұловаға жұмыс барысында туындаған түрлі мәселелерді жедел шешіп, өзара тығыз іс-қимыл жасағаны үшін ерекше алғыс білдіргім келеді.

Бұл жерде Франция президенті Шарль де Голльдің «…қала құрылысындағы қателіктер соғыстағы шығынға тең» деген сөзін еске түсірген жөн. Сондықтан қателіктерді болдырмау үшін бас жоспардың барлық даулы тұстары қала тұрғындары мен жол полициясы, өрт сөндіру қызметі, санэпидқадағалау және сәулетші мамандарының қатысуымен өтетін қоғамдық тыңдауларда қаралды. Қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, облыстың сол кездегі әкімі Нұржан Нұржігітов пен қала әкімі Бақытжан Орынбековтің, сондай-ақ ҚР Сәулетшілер одағы мүшелерінің қатысуымен бірнеше рет талқыланып, олардың жақсы ұсыныстары жұмыс барысында тиімді пайдаланылды. Біздің жұмысымыз, әрине, бас жоспарды жасақтаумен ғана аяқталмайды, авторлық ұжым оның дамуын қадағалайтын болады.

Жобаны әзірлеуші мамандар облыс басшысы Ербол Қарашөкеевтің, қала әкімінің, сондай-ақ Тараз қаласының Бас жоспарын әзірлеуде өз үлестерін қосқан мәслихат депутаттарының күш-жігерінің арқасында барлық шығармашылық ойлар жүзеге асатынына үлкен үміт артады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support