- Advertisement -

Бірлігі жарасқан ауыл

22

- Advertisement -

Қашанда ұлт мәдениетінің мәйегіне айналған ауылдың қазақ қоғамында алар орны ерекше. Өйткені, ел экономикасының маңызды саласына айналған ауыл шаруашылығы да ауыл тұрғындары есебінен дамитыны белгілі. Бүгінде аталған салаға көңіл бөлініп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге мән беріліп отыр. Осындай игілікті істердің ұйытқысына, татулық пен ынтымақтың ордасына айналған елді мекендердің бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылдық округі.

Тереңөзек ауылдық округінің құрамына үш елді мекен – Тереңөзек, Көкарық, Шолақ- Қайыңды ауылдары кіреді. Жекешелендіру кезеңінде ауыл тұрғындары өздеріне тиісті куәліктерінде есептелген жайылымдық және егістік жерлерін рәсімдеп, шаруа қожалықтарын ашқан. Бүгінде үш елді мекенде тұрғын үйлер саны 547, тұрғын саны 3300-ді құрайды. Ал, жайылымдық жер көлемі 42 мың, егістік жері 1600 гектар болса, шаруа қожалықтарының саны 97-ге жетіп отыр. Шаруа қожалықтары бүгінде мемлекеттік жер үлестері бойынша инвестициялық жобалардың іске асыру арқылы мал басын ұлғайтып, бордақылау жұмыстарын қолға алу үстінде. Мәселен, «Жүнісқадыртегі», «Береке» шаруа қожалықтары қарамағындағы төрт түлікті асылдандыру жұмыстарын қолға алса, «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығы 121 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын орнатып, көкөніс дақылдарын өсіруді жүзеге асырып отыр.

Мемлекеттің жол картасы бағдарламасы аясында үш ауылдағы әр отбасыға табиғи газ тартылып, ауыз сумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан шалғай орналасқан Шолақ-Қайыңды ауылына былтыр жалпы көлемі 162 миллион теңгеге көгілдір отын тартылып, тұрғындар зор қуанышқа бөленді. Сонымен бірге, Тереңөзек ауылындағы М.Мәметова, Ә.Исаев, Жайлыш көшелері мен Көкарық ауылындағы М.Әуезов көшесі толық жарақтандырылып, жөндеуден өтті. Ауылдар арасындағы автокөлік жолдары толық жөндеуден өтіп, интернет жүйесі қолжетімді болды. 2019-2020 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қаржы бөлініп, Көкарық және Шолақ-Қайыңды ауылдарында заманауи үлгідегі медициналық пункттер бой көтерді.

Мәдениет саласы бойынша да округте ілкімді істер атқарылып келеді. Бүгінде округ орталығында Мәдениет үй мен екі ауылда ауылдық клуб пен кітапханалар тұрақты түрде тұрғындарға мәдени-сауықтыру іс- шараларын жүргізіп отырады. Сондай-ақ, Тереңөзек ауылында орта мектеп, Көкарық және Шолақ-Қайыңды ауылдарында екі бастауыш мектеп оқушыларды білім нәрімен сусындатып келеді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, ауылда туып-өсіп, мемлекеттік салада қызмет еткен туған жердің төл перзенттері де елінің дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Ішкі істер саласының ардагері Талғат Жүнісқадыров өзінің туған ауылына «Асқар тау» мейрамханасын, монша, асхана мен ойын алаңдарын салып, ауылдастарының алғысына ие болды. Ал, Шолақ-Қайыңды ауылының тұрғындары өз қаражаты есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен майдан даласында шейіт болған боздақтарға арнап, «Ерлікке тағзым – ұрпаққа ұлағат» мемориалды тақта- ескерткішін орнатты. Сондай-ақ, ауыл әкімі Қанат Сматтың айтуынша, алдағы уақытта тау өзенінің сағасына су қоймасын салу жоспарлануда.

Бұдан өзге Т.Рысқұлов ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Жамбыл атындағы ұжымшардың озат механизаторы, Ленин орденінің иегері Көпен Қилыбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Еркін Жайлаубеков, мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері, композитор Нұрлан Байгөзов және ауылымыздың ардагер ұстазы Кеңес Дабылбековтерді ауылдастары әрқашан мақтан етеді.

 

Бейбіт БАЙСАРИЕВ,

Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support