Қайырымды жандарға мың алғыс

Қайырымды жандарға мың алғыс
ашық дереккөз
Қайырымды жандарға мың алғыс

Құрметті «Aq jol» газетінің ұжымы!

Мен өзімнің және ауыл тұрғындарының атынан сіздерге хат жолдаймын. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Жүз жылдан аса тарихы бар облысымыздың бас басылымы арқылы жандары жайсаң, жүректері жұмсақ, мейірімді азаматтарға алғыс айтқым келеді! Сондай-ақ, талай жыл облысымыздың депутаты болған, бүгінде Мәжіліс депутаты, ауылымыздың түлегі, еліміздің мақтанышы Ерболат Саурықовқа ықыласымыз ерекше. Бұл азамат 2022 жылы өз есебінен елді мекенге мешіт, наубайхана және де балаларға ойын алаңын салып берді. Оның туған еліне жасаған жақсылықтарын ұмытпаймыз. Өткен жылы өзінің қарамағында қызмет істейтін Нұрсұлтан Рахымбек деген жігітке тапсырма беріп, менің үйіме су құбырын тартқызды, жылу жүйесін жүргізіп берді. Отбасыма жылу жүйесін жүргізу арқылы бізге қамқорлық жылуын сездірді. Бұл жұмыстарға кеткен қаражатты өз қалтасынан шығарды. Сонымен қатар, бұл игі шараға қолдау білдірген азаматтардың бірі ретінде мойынқұмдық кәсіпкер Берік Саурықовқа да алғысым шексіз. Саурықовтар әулетінен шыққан жігіттердің барлығы ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Солардың тағы бірі Нұртас Саурықов та өте қайырымды жан. Осы қыста әріптестерімен келіп, ауылдықтардың ахуалының жақсаруына себепші болды. Қыстың көзі қырауда жем-шөбі таусылған тұрғындарға қолұшын берді. Қайырымды жандардың қатарында кәсіпкер Ардақ Исабаев та бар. Қасиетті айлардың сұлтаны Рамазан айында оларға айтар алғысымыз көп. Алла қайырымды жандардың ісіне береке берсін!  

Тұрсын ШАХАНБАЕВ,

Құмөзек ауылының тұрғыны.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар