- Advertisement -

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

21

- Advertisement -

Бүкіл мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Рамазан айы басталып, көптеген жамағат отыз күн ораза ұстауға ниет етті. Ораза ұстап, парыз амалдың бірін орындаған өте жақсы. Дегенмен, осынау қасиетті айда қандай сауапты іс жасап, қандай амалдан тыйылып жүру керектігін білген дұрыс.

Осы орайда, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев «Ізгіліктің бастауы – Рамазан» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

Алғашқы болып сөз алған Бейбіт Әліпбекұлы барша қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. Облыстың бас имамы:

– Қадірлі жамағат! Осы кезге дейін сырт елдермен байланыс өз деңгейінде болмағандықтан, Рамазан айының басталуында да бірізділік болған жоқ. Былтыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркі елдері арасындағы рухани кеңестің төрағасы болып, сырт елдермен діни байланыс жақсара түсті. Ондай байланыстың Рамазан айына да оң әсері тиіп отыр.

Ал, енді Рамазан айына келсек, биыл ораза 11-наурызда басталды. Алла бұйыртса сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түн – Қадір түні. Жалпы, ораза ұстау ең алдымен өзіміз үшін. Сондықтан көпшілік ортада «Менің аузым берік еді. Ораза ұстасам да кезекте тұрмын» деген сияқты сөздерді айтпаған дұрыс. Қасиетті айды құрметтеген адам барынша сабырлы болғаны абзал.

Пітір садақаға да тоқталып өтсек, пітір – жан садақасы. Оның ортақ бағасы биыл бір адамға 640 теңге болып бекітілді. Пітірді тек мешіттерге беру керек, мешітке бермесе ниеті қабыл болмайды деген тұжырым жоқ. Пітірді жағдайы төмен, мұқтаж адамға берген дұрыс. Тіпті, пітірді жағдайы төмен отбасылар бермесе де болады. Мұқтаж отбасыларға пітір беру міндеттелмеген.

Тағы бір ескеретін нәрсе, Рамазан айында мешітке садақа берудің, қайырымдылық жасаудың, мешітте ауыз аштырудың сауабы үлкен. Біздің мешіттерге осы ораза уақытында мыңдаған мұқтаж жандар тіркеледі. Мешітке беріліп жатқан садақалар мен пітірлер сол мұқтаж азаматтардың қажеттілігіне де жұмсалады.

Облысымызда 342 мешіт тіркелген. Оның ішінде 57 мешітте Рамазан айында Құран түсіріледі. Кей мешітте түскі бесін намазынан кейін де Құран түсірілетін болады. Сосын мешіттерде «Құранға түс» іс-шарасы өткізіледі. Рамазан айы біткенше ниеттенген кісілерге Құран әріптерін толық меңгеріп, оқуына мүмкіндік жасаймыз, – деді.

Мұнан соң ұстаз Нұралы Бақытұлы сөз алып, ораза Жаратушы мен пенде арасындағы сыр екеніне тоқталды. Ол «Алла пенденің басқа амалдары өздері үшін, ораза мен үшін» деген. Рамазан айында шын ниетпен берген жарты құрма садақаның өзі пендені тозақ отынан құтқаруы мүмкін. Шапағат нұрын шашып келген айдың сауабынан құр қалмаңыздар. Бұл айда әйел кісілердің жинайтын сауабы өте мол», – десе, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек «Рамазан – мейірім мен кешірім айы, күнәдан тазару айы. Осы айда болатын ауызашар кештерін пайдаланып, дүкеншілер мен базар иелері азық-түлік бағасын шектен тыс көтермесе екен деген тілек бар. Керісінше, кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өздері зиян көрместей шамада төмендетсе, арақ-шарап сатудан тыйылса, сауапқа кенелетіні анық. Тойларды да негізінде өткізуге болады. Бірақ, Рамазан айының құрметіне ауызашардан кейін өткізілсе дейміз. Наурыз айында наурыз көжемен ауыз аштырғанның сауабы мол. Әрбір сауап жеті жүз есе еселенетін айда әр адам жақсылық жасауға, кешірімді болуға асыққаны абзал», – деді.

Жиын соңында Бейбіт Мырзагелдиев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support