- Advertisement -

Жұртты қуантқан жақсылық

16

- Advertisement -

«Жол мұраты – жету» демекші, жолаушылардың көксегені қашанда сапалы жол. Әрине, қазір елімізде сапалы жол салуға мән беріліп келеді. Тозығы жеткен, қырық жамау жолдардың зардабын жылдар бойы тартып келе жатқан ауылдар бар екені шындық. Дегенмен, жол мәселесі мүмкіндігінше шешілуде. Былтыр Талас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында 52 көше жолдары жөнделіп, пайдалануға берілген.

Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үшарал және Ойық ауылдық округтерінде барлығы 15,65 шақырымды құрайтын 21 көшені жөндеуге 670 миллион теңге қаражат бөлініпті. Оның ішінде республикалық бюджеттен 90 пайыз игерілсе, аудандық бюджеттен 10 пайыз қарастырылған. Осы орайда Үшарал ауылының ақсақалы Қыдыралы Жүсіпов өзінің пікірімен бөлісті. «Үшарал ауылында біраз көше жөнделіп, ажары кіріп қалды. Оған қуанамыз. Үкіметке рақмет. Енді болашақта шалғайдағы Қайыр, Арал елді мекендеріне де асфальт төселсе деген тілегіміз бар», – дейді тұрғын.

Сондай-ақ, биылғы жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың үнемделген қаржы есебінен Бостандық, Ақкөл және Ойық ауылдарында қалып кеткен барлығы 3,65 шақырымды құрайтын 12 көшені орта жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу ашық конкурстары өткізіліп, жеңімпаз мердігерлермен келісімшарттар рәсімделіп, орта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілгені – бір мерей. Бұл шешімге аталған ауыл тұрғындары риза. Мәселен, Ақкөл ауылының тұрғыны Сәбен Қойшыбай ақсақал: «Ақкөл ауылына соңғы жылдары көңіл бөліне бастағаны қуантады. Бірқатар көше жолдары жаңарып, жақсарып қалды», – десе, Ойық ауылы, Көктөбе елді мекенінің тұрғыны, қарт ұстаз Жамал Алдатаева: «Біз тұратын Құдиярбек Көпежанов көшесіне ауыл тарихында асфальт жол түскен емес. Былтыр осы арманымыз орындалып, алпыс жыл асфальт төселмеген көшеге асфальт түсті. Жақсылықтың үлкені – осы шығар», – дейді.

Жаңа жолдың игілігін көрген Ақкөл, Ойық ауылдары ғана емес. Сонымен қатар, Майтөбе ауылындағы Б.Момышұлы, Қараой ауылындағы Байжан, Қасқабұлақ ауылындағы Тамды әулие және Бейбітшілік сияқты бірнеше көше толығымен аяқталып, қолданысқа берілген.

Таластықтардың жолдан көрген жақсылығы мұнымен де шектеліп отырған жоқ. Үнемделген қаржы есебінен Кеңес ауылдық округі, Бөлтірік шешен ауылындағы Нұралы көшесін орта жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсты өткізіліп, жеңімпаз мердігермен келісімшарт рәсімделіп, тиісті жұмыстар аяқталыпты. Келісімшарт құны 29 миллион 680 мың теңге. «Алыстағы біздің ауылға мұндай игіліктің келіп жатқанына тек ғана қуанамыз. Елді ойлап жүрген азаматтарға рақмет», – дейді Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны Серік Бұралқиев.

Мұндай жанашырлықты аудан орталығы Қаратау қаласының халқы да көріп отыр. Мәселен, 16,8 шақырымды құрайтын Қаратау қаласындағы 6 көшеге және бірнеше бұрылыстарға асфальт төселген. Қаратау қаласының тұрғыны, Талас ауданының Құрметті азаматы Арыстан Байқожаев кеншілер қаласының бірнеше көшесі жарқырап жөндеуден өткеніне қуанышты екенін жеткізді.

Талас ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Алтишевтың айтуынша, бұл игі шаруа биыл да жалғасын табады. Жолдардың сапалы жөнделіп жатқаны таластықтардың еңсесін қуантып келеді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support