- Advertisement -

Маңызды мәселелер талқыланды

19

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Жастар сарайында су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту, химия саласына мамандар тарту мәселелерін талқылау мақсатында «Дулати университеті: Болашаққа жаңа қадам» атты форум өтті.

Әуелі меймандар университеттің кітап көрмесін аралап, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Жиынға еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, оқу орнындағы ғылыми лаборатория жұмыстарымен, болашақ ғалымдардың әзірлеп жатқан жаңа өнертабыстарымен танысты. Одан әрі форумның негізгі бөлімі басталып, жиынды университеттің Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов тізгіндеді. Өз сөзінде Нұржан Молдиярұлы еліміздегі су ресурстары саласында атқарылып жатқан жұмыстарға және аталған жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Су – қоғам өмірі мен дамуы үшін ажырамас ресурс болып табылады. Министрлік су ресурстарын тұрақты және тиімді басқаруды қамтамасыз етуге толық міндетті. Бүгінде министрлік су шаруашылығы саласында негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Біріншіден, суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған ағынды суды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа базаны құруымыз керек. Екіншіден, алдымызда су шаруашылығының инфрақұрылымын толық жаңарту мәселесі тұр. Жаңа су қоймаларын салу, озық су технологияларын енгізу, суды есепке алу, оны автоматтандыру, цифрландыру да күн тәртібінде. Сондай-ақ, жаңа тарифтік саясатпен суды үнемдеу мәдениетін енгізу бағыты да үлкен маңызға ие. Үшіншіден, барлығыңыз жақсы білетіндей, Қазақстанда сегіз су бассейні жұмыс жасаса, соның жеті бассейні көршілес мемлекеттермен шекарада орналасқан. Сондықтан да көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуіміз қажет. Биылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына үш жылға төрағалық ету Қазақстанға бұйырды. Осы төрағалық негізінде суды дұрыс пайдалану, оның энергетика саласымен бірге жандануы сынды жаңа көзқарасты енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірінші бағыт бойынша су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында екі іргелі құжат әзірленді. Оның біріншісі – жаңа Су Кодексі. Су Кодексі Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Екіншісі – Үкіметтің қаулысымен қабылданған су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Бүгінгі таңда су шаруашылығы саласында өзекті мәселелер аз емес. 2003 жылғы Су Кодексінің мақсаты – суды пайдалана отырып экономикалық тұрғыда даму болса, қазір су тапшылығына қарамастан экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді назарда ұстаймыз. Бірінші кезекте суды көп пайдаланатын ауыл шаруашылығы саласына айрықша мән береміз. Ауыл шаруашылығының суды пайдалану үлесі 65-70 пайызды құрайды. Екіншіден, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес бағыты. Су тапшылығына қарамастан азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға жұмыс істейміз. Үшіншіден, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізуді мақсат етеміз. Су көлемі қысқарғанымен экологиялық мәселелердің туындауына жол бермеуге тырысуымыз керек, – деді министр.

Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірдегі су ресурстары саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, шарада Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы су шаруашылығына жұмылдырылатын мамандар бойынша Қазақстандағы университеттердің әлеуеті турасында әңгіме өрбітті. Ал, университет ректоры Мұхтар Байжұманов аталған оқу орнының ғылыми, кадрлық және материалдық- техникалық әлеуетін жетілдіру әрі өңірде еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда жасап жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндап берді. Баяндамашының айтуынша, су ре сурстары сынды маңызды с алаға мамандар т арту бағытында Дулати университеті ауқымды жұмыстар атқаруда. Өз сөзінде ректор орайлы сәтті пайдалана отырып облыс әкімінің орынбасары мен министрге жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселесі қашанда өзекті болатынын, жаңа жұмыс орындарының ауадай қажет екенін жеткізді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support