- Advertisement -

Жетпіс жастағы желаяқ

15

- Advertisement -

Әңгіменің әлқиссасы Талас ауданы, Тамды ауылының тумасы Жақсылық Мамырбекұлы жайында болмақ. Жақсылық аға бала кезінен өз қатарластарымен жүгіріп жарысқанды жақсы көрген екен. Ол шақта әрине, жүгіргенің үшін ешкім жүлде бермесі белгілі. Алайда, мәселе жүгіру мен жүлдеде ғана емес, желаяқтың осы спорт түріне құштарлығында болса керек.

Бала жастан заңгер болуды армандаған Жақсылық мектепті тәмамдаған соң ҚазМУ-дің заң факультетіне түсе алмады. Дегенмен, талабы таудай жас жігіт сол 1970 жылы қазіргі академия дәрежесіндегі Қазақ дене тәрбиесі институтына қабылданып, аталған оқу ордасын ойдағыдай тәмамдайды. Осыдан соң жас маман XXII партсъезд аталған кеңшардың орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

Ұстаздық қызметі бойынша тәжірибе жинақтаған Жақсылық Ұлытау облысының Ақадыр аудандық оқу бөлімінде нұсқаушы болып қызмет етіп жүріп, екі жылдан соң отбасылық жағдайына байланысты Қаратауға қайтады. Әйтсе де, мұнда өз мамандығына сай жұмыс табылмай, теміржол депосында машинист көмекшісі болып бастап, кейін Арыс қаласындағы машинистер даярлайтын оқу орнын бітіріп, 15 жыл машинист болып қызмет атқарады. Алайда, 1990 жылдардағы тоқырау кезеңінде депо жабылып, жұмыссыз қалады. Кейіннен қайта Таразға келіп «Жасыл ел- Тараз» ЖШС-нің жұмысшысы болып зейтнетке шығады.

Міне, осы уақыттан бастап зейнеткерлігіне қарамай, Жақсылық Мамырбекұлы жүгіруден марафонға қатыса бастады. Ең алғаш ол «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына орай өткізілген 10 шақырымдық марафонға қатысып, тәжірибе жинап бастайды. Нәтижесінде 2018 жылы Атырауда өткен халықаралық марафонда бірінші орынды алады. Артынша 2019 жылы Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен Санкт-Петербург қаласында өткізілген 62 мемлекеттен 23 мың адам қатысқан дүбірлі жарыста арнайы жүлдеге ие болып, 82 мың рубль көлемінде сыйақы еншілеп қайтты.

Әлемді әлекке салған пандемиядан кейін 2021 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында халықаралық марафон өткізіліп, оған 4800 адам қатысады. 42 шақырымдық осынау желаяқтар жарысында Жақсылық аға бірінші болып келіп, көрші ел президентінің қолынан марапат алады. Қырғызстан президенті Садыр Жаппаров марафоншы жайында «Жақсылық Мамырбекұлындай ағаларымызды үлгі тұтып құрметтейік. Бағалап, бас иейік. Жас ұрпақ осындай кісілерге еліктесін», – деп ізгі тілегін жеткізіп, ризашылығын білдіреді.

Содан бергі уақыттарда да ол Алматыда ұйымдастырылған 7 марафонға қатысып жүлделі оралды. Жалпы, Жақаң еліміздің 10 қаласында өткізілген марафондарға қатысыпты. 2022 жылы облыстық «Ақ жол» газетінің 100 жылдық мерейтойы құрметіне өзі ниет білдіріп 100 шақырымға жүгірген. Сол үшін басылым жүлдесін иеленіп, сол кездері Талас ауданы әкімі Қанатбек Мәдібек Жақсылық ағамызға арнайы велосипед сыйға тартады. Мерейтой қарсаңында Жақсылық Мамырбекұлының «Жүгіру жүз аурудың, марафон мың аурудың емі» атты мақаласы облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланды. Бұдан бөлек, марафоншы өткен жылы Ташкентте өткен 10 мемлекеттен 7200 адам қатысқан жарыстан да жүлделі қайтқан.

Саламатты өмір салтын берік ұстанған осындай азаматтың өз сүйікті ісіне қатысты туындап жатқан мәселелері де жоқ емес. Атап айтар болсақ, өткен жылы Стамбул қаласында өткен 50 мыңдық адам қатысуға тиіс марафонға Жақаң арнайы жарнасын төлегенімен, қаражат тапшылығына байланысты қатыса алмаған. Ал, Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылған желаяқтар додасына қатысқысы келгенімен, демеушілік жасаймыз деген Amanat партиясы облыстық филиалының жауапты тұлғалары, тек уәдемен шектелген соң бұл іс те аяқсыз қалған. Биыл да желаяқ Түркияның Измир қаласында өтетін марафонға демеушілер жоқтығынан қатыса алмай отырғанын жеткізді.

Такси мен қоғамдық көлікке мінбей, қажет болғанда Қаратауға велосипедпен барып келетін марафоншы бүгінде күн сайын 5 шақырымға жүгіруді әдет қылған. Тек, кейінгі буынға ғана емес, барлық замандастарына үлгі болған атына заты сай Жақсылық ағамызға тек жақсылық тілейміз.

 

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support