- Advertisement -

«Ең қиын тақырып – ар азабы»

26

- Advertisement -

Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтында республикалық «Шайқалмаған шаңырақ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлттық құндылықтар негізіндегі отбасы институтын құру мәселесі талқыланған ауқымды іс-шара көптеген үлгілі азаматтар мен кәсіби мамандардың басын қосты. Орайлы сәтті пайдалана отырып, аталған іс-шараның ұйымдастырушысы «Intellect 7G-эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, кәсіби психолог Маржан Еліқұловамен отбасы психологиясы жөнінде ашық сұхбат өрбіттік.

– Қазіргі таңда отбасы құндылықтарының құлдырауына әсер етіп жатқан негізгі факторлар қандай?

– Әке-шеше үшін мейірім және жауапкершілікпен қатар, ата дәстүрді ұстану – тұрақтылық кепілі. Бірақ қазір осы нәрсе ескерусіз қалып жатыр. Ата-ананың бала тәрбиесінде ұлттық идеологияны негізге алуы және сауатты болуы өте маңызды. Мәселенің барлығы ата-әженің мейіріміне қанық боп, қарттардың өсиетін бойына сіңіріп өскен балаларға қарағанда қазіргі ұрпақ санасының арып-азып, ақсап тұруында. Яғни, нарықтық экономиканың қағидаларын ұстануға ұмтылған жастар өздерінің негізгі өзегін ұмыт қалдырып келеді. Адамгершілік, туыстық сана-сезім таяздаған сайын, тұлғаның рухани сапасы төмендеген сайын, отбасы құндылықтары құлдыраған сайын ұрпақ қалдыру белсенділігі азайып кетті. Мейлі дамыған, әлеуметтік жағдайы жоғары ел болсақ та бұл теріс үдерістерден құтылу қиынға түсуде. Сондықтан да ақпараттық соғыс заманында жүргендігімізді ескеріп, «медиагигиена», «цензура» деген ұғымдарды мемлекет үкімет деңгейінде ғана емес, қоғам деңгейінде енгізіп, шешім қабылдауы қажет.

Ескеретін жайт, «ғылымды игерген осы екен-ау» деп, «шетелдің тәжірибесі» деп, өзге елге сығаламай өз еліміздің дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу жағын ойланғанымыз абзал. Осы күндері «батыстың қаңсығын таңсық қылып» ежелден бүгінге бүтін жеткен дәстүріміздің зардап шегіп жатқан жайы бар. Діннің де, тілдің де киген кебі осы. Өзіміздікінен жиренбей, ұлттық идеологияны тұқыртпай, өз өзегімізден теппей, бабамыздың аманатына қиянат келтірмей сақтау біздің жауапкершілігіміз.

– Психолог ретінде көбінесе қандай дерті бар науқастарға көмек көрсеттіңіз?

– Маман ретінде жан дүниесіне дауа сұрағандарға көмек беру – басты миссиям. Ең қиын тақырып – ар азабы. Қандай да бір тұлғаның психосоматикасы да, паникалық қобалжуы да, стресс, депрессия, ажырасу, жалғыздық сынды мәселелері – айналып келгенде, қазақша «ар азабы» деп аталады. Оның сан түрлі қырлары болғанымен, пәлсапасы біреу ғана. Өзгені емес, өзіңді кешіру, мойындау, мойынсұну, ұғу, қабылдау. Қысқаша айтқанда, психоанализ. Алайда, психоанализді «жалған психологтардың» кесірінен дөп түсінбей, теріс ұғынып, адасқандар көп. Мұндайда «психологтың этикалық кодексін» еске салғым келеді. Біздің мамандықты ойыншық көріп, табыс көзіне айналдырғысы келетін тоғышар жалған психологтарға «әр асқанға бір тосқан» дегенді айтқым келеді.

– Қазақ отбасыларында балалардың суициді көп. Жасөспірімдердің өз проблемаларымен бетпе бет қалып қоюына не себеп деп ойлайсыз? Жалпы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста неге баса назар аудару керек?

– Осы тақырып мен үшін тым ауыр да, тым қиын, әрі тым жұмбақ. Кеселдің еңселеп кіруіне де өзіміз кінәліміз. Мұндайда қазақтың «көсені үйге кіргізбе, жамбасын жерге тигізбе» деген астарлы сөзі ойға оралады. Жаңалық енгізбекші болған басымыз қонағы билеген жаман үйдің сыңайындағы салғырт саясаттың салдарын кешіп жатыр. Қазіргі таңда психологтың қолымен көсеу көсеп жүрген, жан саудасымен айналысатындарға айтарым бар. Бұл кесел бұрын да болған, болады және бола беретінін ескеруіміз қажет. Ажалдың алдын алу мүмкін емес. Алайда, отбасында өз баласымен сырлас та, сыйлас та, сыбайлас та болған ата-ана перзенттерінің өмірін сақтап қала алады. Бүгін сырлас бола алмаған ата-ана, ертең мұңдас болуға да зар болады. Бұл кеселдің себебі, сайып келгенде тағы да сол қу жетіспеушілік пен жұмыссыздық. Әйтсе де, сол ата-ана ең алдымен баласының жағдайын ойламағанда басқа не ойлап жүр? Осы сұрақ әрдайым жауапсыз қалады.

– Бүгінгі қазақ қоғамының, қазақ отбасыларының психологиялық портретін қалай сипаттайсыз?

– Бүгінгі қазақ қоғамын әлеуметтік желі арқылы танимыз. Абайдың қырық бес қара сөзі әлі де өзекті, әлі де көнермеген, әлі де жаңа. Айта берсең жағдайымыз түңілуден сәл алыс, мақтануға сәл жақын. Жалпы, біздің қазақ отбасылары өте қонақжай, кең. Мақтангершілігі де бар. Тек құдалығында табысып, тойында шашылып, тіршілігінде жарысып, өлімінде намысқа тырысып, ел қатарынан қалмауға тырысып жатқаны. Әрқайсысының тұрған өлкесіне қарай, өңірлік менталитетіне сәйкес өз отбасының қағидасы мен әдет-ғұрпы, жөн-жосығы бар. Тегінде діни ұстанымы мен нанымы біркелкі болмағандықтан, диструктивті ағымдардың кесірінен сырт келбетіне, киіну стилінде өзгерістер еніп жатыр. Жастардың «иман» ұғымынан гөрі, сыртқы стиль, мұртсыз сақал қойысы мен хиджаб сынды киім атрибуттарына қызығушылықтың көп екені қынжылтады.

Қазақтың ұлттық киіміне қызыққанмен эстетикалық мәдениетін ескеруде олқылық бар. Жалпы алғанда, әлеуметтік желіде пікір жазушылардың арасынан әр алуан санаттағы қазақты көресің. «Арабқұл», «орысқұл», тәңіршіл», «қайыр сұраушы» мен «қоғам жанашыры» сынды санқилы қазақты танисың. Мұнан өзге, нағыз қоғам жанашырлары, әр саланың ғалымдары, ақын-жазушылары, мемлекеттік қызметкерлері, ұлт бірегейлігінің қамын жеп, елдігімізді нығайтуда барынша әрекет етіп жатқандары да баршылық. Міне, осындай қаптаған кереғарлықтар арасында жүріп тұтас бір ұлттың психологиялық портретін сипаттау қиынға соғады. Шын мәнінде жік-жікке бөлінген қоғамның жанын емдеу де оңай емес. Себебі, ақпарат тым көп. Сүзгі жоқ.

– Қазақ қоғамына «отбасылық психологтар» қаншалықты және не себепті керек?

– Отбасылық психологтар, психотерапевтер ауадай керек. Керек болғанда да «ұлтым», «қазағым», «салтым», «дәстүрім» деп жанұшыратын мамандарға қатты зәруміз. Әрқайсысы, тағы да қайталап айтайын, «психологтың этикалық кодексін» жете ұстанғандары абзал. «Айналаңа зияныңды тигізбе» қағидасын ұстана отырып отбасындағы бала, әке, ана жайын жіті меңгеріп, психодиагностикалық зерделеудің нәтижесіне сүйеніп қана пікір айту қажет. Ескеретін жайт, бұл ұстанымдарды өзінің өмір тәжірибесінде басшылыққа алған маман ғана (ал оның өмір тәжірибесі толық баланста болмауы әбден мүмкін) адамның жан дүниесінің экологиялық, психогигиеналық жан тазалығын кірлетіп алмауды ескере алады. Бұл адам алдында да, ар алдында да үлкен жауапкершілік.

– Кейбір кризистік жағдайларда отбасы мүшелері психологиялық мәселелерін реттеудің орнына діни наным-сенімге, дәстүрлі тәсілдерге жүгініп жатады. Яғни, ішкілікке салынса молдаға оқытылады деген сияқты. Тіпті, психолог көмегіне жүгінуге намыстанатындар бар. Осы кедергіні жеңу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Расында әрбір отбасы басынан түрлі кризистік жағдайды өткереді. Мысалы, жиырма жыл бір шаңырақта өмір сүрсең, бүтін бір отбасы болып есептелесің. Әр кризис, адам жасы сияқты бір жылдық, үш жылдық, тіпті өтпелі кезең сынды межелерден тұрады. Себебі, адам отбасын құру барысында әйел де, ер де мойнына субъективті тұлғалық жауапкершіліктерді алады. Келін бала, күйеу бала, жезде-жеңге, әке-ана, ата-ана сынды жауапкершіліктердің қазақ мәдениетінде өзіндік рөлдік сипаты бар. Ал, сол рөлді әрбір тұлға шебер алып жүргісі келеді. Бірақ, туыстық қарым-қатынастардың күндестік, бақталастық, дау-жанжалмен егіз жүретіні ақиқат. Мұндай тағдырға із қалдыратын қарым-қатынаста психологиялық кеңес керек. Ал, мұндай жағдайда молда мен мотиватор, жалған психологтар көмек бола алмайды. Шыны керек, қазір негізгі мамандығы басқа болса да түрлі курстардан өтіп, өзін «психологпын деп атайтындар» көбейіп кетті. Кәсіби тәжірибемнің алғашқы жылдарында психологқа баруды намыс көргеннен бұрын, «мен жынды емеспін» деп көкірек қаққан адамдарды да кезіктірдік. Бірақ, бұл кезең ендігі тек күлкілі естелік. Адам психологпен жолығып іштегі күйзелістің жауабын өзі табады. Біздің мамандық тек қана кәсіби түрде құралған әдемі айна. Әрбір тұлғаның көкейкесті сұрағына өзі жауап бере алатын мүмкіндік туғызсақ, міне осы нағыз кәсіби шыңдалған көмек деп айтар едім. Өз басым «психологпын» деп көкірегімді керіп, тәккаппарлыққа жол бере алмаймын. Нағыз мықты психолог мен үшін тілі шықпаған сәби, жүзіне қалың әжім түскен қарт қария, жетімдіктің тауқыметін тартқан бала, такси жүргізушісі, базардағы саудагерлер. Себебі, олардың жүрген ізі мен үшін беймәлім, оқылмаған кітап. Ал, мен тек сол парақталмаған кітапты толық оқып болмаған оқушымын. Ал, шын психолог пен жалған психологты ажырату үшін мамандықты оқығанын дәлелдейтін дипломының бар-жоғына көз жеткізу керек. Бұл маңызды, себебі жалған психологтар бір немесе екі саланы қамтып қана қояды да, өздерін «психологпын» деп жарнамалай береді. Өз басым, сотқа қатысы бар маман болғандықтан заңды қызметті ғана мойындаймын. Адамның жан дүниесі тәнінен де маңызды. Себебі, тағдыр жанның төрінде, рухы жүрегінде орналасқан. Ал, ол ең қасиетті ұғым. Жауапкершілігі мол маман ғана адам өміріне шынайы сыйластық танытады.

– Жалпы, өзіңіз басқаратын қоғамдық бірлестік туралы кеңінен және сіздер жұмыс істейтін мақсатты аудитория туралы айтып берсеңіз.

– Біз «Intellect7G эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі ретінде 2023 жылдың 1 ақпанында ашылдық. Миссиямыз Қазақстандағы сараптамалық ұйымдармен өзара ынтымақтастық орнатып, сарапшылық қызметті дамыту арқылы кәсіби эксперт мамандарды шоғырландыратын республикалық қоғамдық бірлестік болу. Бірлестіктің преамбуласы: «Өркениетті мемлекет кепілі – зиялы руханиятты қоғам». Ұйымның 12 эксперт лицензиар құрылтайшысы, президиумы мен 48 эксперт-кеңесші мүшелері бар.

Қоғамдық бірлестікке тіркелген мүшелерге айрықша талаптар қойылады. Өз кезегінде ұйым мүшелері аттестациядан өтеді және эксперттік мекемелерге аккредитациядан өту қарастырылған. Қазіргі таңда бірлестіктің жеке сайты әзірленуде. Біздің аудитория әртүрлі бағытта қызмет атқарады. Демек, белгілі бір салада эксперттік кеңес пен талдау қажеттілігі туындаған болса, сұраныс білдірушіге толыққанды қызмет көрсетуге дайынбыз

Ал, ғылыми іс-тәжірибелік саладағы қызметімізді ескерер болсақ, осы күні нақты отандық өнім ретінде 10 авторлық бағдарламамыз бар. Оның ішіндегі әрбір отбасына халықтық педагогика-психология негізінде ұлттық этнографиялық құндылықтарды ескеріп, заманауи берік отбасының форматын ұсына отырып, «Шайқалмаған шаңырақ» атты жобамызды осы Жамбыл облысында пилоттық режимде бастап жатырмыз.

Жобаның мақсаты: заман үрдісіне сай маңдайалды ұлттық құндылықтар аясында институционалды жетік, тұрақты, сонымен қатар отбасылық өмір межелерінде туындайтын қиындықтар мен дағдарыстардың алдын алатын және оны болжау мүмкіндігін беретін, шайқалмайтын шаңырақ, яғни тұрақты отбасы моделін қалыптастыру. Жобаны іске асырудағы қоғам алдындағы міндетіміз қазақтың төл мәдениетіндегі махаббат ұғымы арқылы жастарды неке мұратына ынталандыру, шаңырақ көтеру, тұрмыс құру қағидасын ұстану. Некенің беріктігі ерлі-зайыптылардың дүниетанымдық дағдыларына байланысты болғандықтан, некеден кейін пайда болатын құдалық институтын қалыптастыру. Неке қиылғаннан кейінгі отбасылық рөлдерді білу, тұрмыстық дағдарыстарға тиімді альтернативалық түйіндер шығару қабілетін жетілдіру. Отбасының алғашқы қалыптасу мерзімінде кәсіби психологиялық кеңес беру, өмірлік дағдарыстардан шығу механизмін білу, құрсақ тәрбиесінен бастап, әрбір тәрбие кезеңдерін игеру арқылы өмір сүрудің қазақы педагогикалық-тұрмыстық мүмкіндіктерін заманауи үлгіде насихаттау. Әрбір отбасына арнайы мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, ведомствоаралық өзара әрекеттесу алгоритмі арқылы ата-аналарды сауаттандыру. Әрбір ата-анаға қолжетімді психологиялық қызмет көрсету.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support