- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

18

- Advertisement -

Сайлаушылардың 41 пайызы қатысты

Иранда парламент және сарапшылар кеңесінің сайлауында дауыс берушілердің қатысу көрсеткіші 41 пайызды құрады. Бұл елдегі ең төменгі рекордтық көрсеткіш.

61 миллион тұрғынның 25 миллионы саяси науқанда белсенділік танытқан. 290 орынға 15 мыңға жуық үміткер таласып жатыр. Иран жұрты сайлауға қатысуға құлықсыздығын үкіметтің саясатына сенімсіздігімен байланыстырады. Олардың сөзінше, билік тұрғындар талабын қанағаттандыра алмайды. Сол себепті сайлаушылар елдің жоғары көшбасшысын бақылап, тағайындайтын құзырлы орган сарапшылар ассамблеясын бірауыздан таңдаған.

Газаға гуманитарлық көмек жеткізілді

АҚШ әскери ұшақтардың көмегімен Газа секторының тұрғындарына әуемен гуманитарлық көмек жеткізу операциясын өткізді.

Сыншылардың айтуынша, азық-түлікті парашютпен түсіру амалы жүк көліктерімен жеткізуден гөрі әлдеқайда тиімсіз. БҰҰ мәліметі бойынша, үш америкалық C-130 ұшағы кем дегенде 576 мың адам ашығып жатқан аймаққа 38 мыңнан астам бір кісілік тамақ жеткізді, деп жазды Reuters. Контейнерлер парашютпен түсірілген. Бұл АҚШ- тың Иордания әуе күштерімен бірге жүргізген парашютпен гуманитарлық көмек түсіру операциясы Байден жариялаған алғашқы шара болды.

Португалияда парламент сайлауы басталды

3 наурызда Португалияда кезектен тыс парламент сайлауына мерзімінен бұрын дауыс беру басталды, деп хабарлайды Еuronews.

Португалияда жексенбіде кезектен тыс жалпы сайлауда мерзімінен бұрын дауыс беру басталды. 300 мыңнан астам сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс беруге тіркелді. Соңғы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, сайлауда социал-демократтардан аз ғана басымдықпен социалистер көш бастап тұр. Үшінші орында – әсіре оңшыл партия Chega. Азаматтар республика ассамблеясына 230 депутатты сайлап, премьер-министр Антонио Коштаға қатысы бар үлкен сыбайлас жемқорлық жанжалынан кейін «бұрынғы билеуші партия ел тізгінін тағы да өз қолына алуға лайық па?» деген мәселені шешеді.

Жалпы, дауыс беру 10 наурызда, ұзақ онжылдық диктатураны аяқтаған қалампыр революциясының 50 жылдығы алдында өтеді.

Еуроаймақта инфляция төмендеді

Еуроаймақта инфляция қарқыны баяулап, ақпан айында көрсеткіш 2,6 пайызға дейін кеміді. Оған жанармай бағасының күрт төмендеуі себеп.

Өткен айда мұнай отынының құны 4 пайызға төмендеген. Ал, азық-түлік шығындары 1,5 пайызға қысқарды, дейді экономистер. Инфляцияның жоғары деңгейі Хорватияда тіркеліп отыр, онда баға жыл сайын 4,8 пайызға өскен. Ең төменгі жылдық инфляция Латвияда, небәрі 0,7 пайызға артқан. Еуропалық орталық банк мәліметіне сүйенсек, Еуроаймақта инфляция деңгейі биыл 2 пайыздан жоғары болады, кейін біртіндеп төмендей түседі.

Израиль 6 апталық келісім жасады

Израиль Газа секторында 6 апталық бітімге келісті, енді шешім ХАМАС-та, деп хабарлайды Еuronews.

Палестинаның WAFA ақпарат агенттігі Израильдің Газа секторын атқылауы және әуе шабуылдары салдарынан оңдаған адам құрбан болғанын хабарлады. Сектордың оңтүстігіндегі Рафах қаласына жасалған шабуыл салдарынан кемінде 11 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақат алды. Хан-Юнисті бомбалау салдарынан бірнеше палестиналық қаза тапқан. Израиль қорғаныс күштері Газа секторының солтүстігіндегі Джебалия аймағына да бірқатар әуе шабуылын жасады.

Израильдік БАҚ атап өткендей, ЦАХАЛ бүкіл секторда лаңкестікке қарсы рейдтер жүргізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль операциясынан қаза тапқандардың жалпы саны 30320-ға жетіп, 70 мыңнан астам адам жарақат алды.

Әлемде ауаның ластануы артты

Әлемде қоршаған ортаның ластануынан жыл сайын 9 миллион адам көз жұмады. Ғалымдардың жаңа зерттеуі осыны көрсетіп отыр.

Ауаның ластануы адам денсаулығына қауіпті әрі экономикаға да орасан зор шығын келтіреді. Мысалы, осы мәселеден 2018 жылы Еуропа елдеріне 193 миллиард еуро шығын келген. Әлемде атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері рекордтық көрсеткішке жетті. Оған климаттың өзгеруі себеп. Өйткені, былтыр көп елді қуаңшылық жайлады. Осының салдарынан су станциялары арқылы электр энергиясын өндіру қиындап, кей елдер қазбалы отындарды қайта көптеп қолдана бастады. Қытайдың коронавирустан кейін өз экономикасын қалпына келтірудегі әрекеттері де экологиялық ахуалға кері әсер еткен. Көрші елде былтыр ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері 5 пайызға артты. Бірақ АҚШ-та бұл көрсеткіш 4 пайызға азайса, Еуроодақ жаңартылатын энергия көздерін көбейте отырып, оны 9 пайызға төмендете алды.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support