- Advertisement -

Эмилия әжей – 95 жаста

29

- Advertisement -

№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының тұрғыны Эмилия Бесова 95 жасқа толды. Орталықта қалыптасқан дәстүр бойынша әлеуметтік қызметкерлер мерейтой иесіне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қарияның туған күнін атап өту мақсатында дастархан жайып, салтанатты кеш ұйымдастырды.

– «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөз бар. Қазыналы қарттардың қадірін арттырып, құрмет көрсету әр адамның парызы. Эмилия әжейдің өмір жолы оңай болмағаны белгілі. Соғыс өрті тұтанған сәтпен балалығы тұспа-тұс келгендіктен, сол уақыттың балалары тойып ас ішіп, құмары қанып ойнап та көрмеді. Үлкендер балалық шағында көрмеген қызығын қартайғанда көрсін деген ниетпен орталықтың әрбір тұрғынына қуаныш сыйлауды жөн деп санаймыз. Ендеше, туған күн иесіне бар жақсылықты тілейміз, – деді қарт ананы туған күнімен құттықтаған орталықтың директоры Мұрат Бердалиев.

Эмилия Федоровна соғыс жылдары буыны қатпаған бала болса да, еңбек майданына өз үлесін қосып, аянбай еңбек еткенін кейінгі буынға әңгімелеп берді. – Бүлдіршін шағымда расында ойнауға мұршам келмеді. Оның себебі, соғыс зардабын татқан тұста, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен әрқайсымыз шама-шарқынша еңбек еттік. Сиыр сауып, сүт тартып, жүн қырқып, тон тігіп, егіс даласында тер төккен әйелдердің қолқанаты болдық. Барлық жылы-жұмсақты ұрыс даласындағы әскерилерге тараттық. Есейіп, ес білген соң, «Жамбыл» фосфор зауытында еңбек етіп, зейнетке шықтым. Тағдырдың жазуымен жолдасым мен екі баламнан көз жазып қалдым. Туыстарымның бәрі алыс шет елде. Осындай ауыр шақта бізді бауырына басып, бар ықыласымен бағып-қағып отырған орталыққа айтар алғысым шексіз, – деді туған күн иесі.

Қазақтың арасында өсіп, салт-дәстүріне қаныққан қарт ізет пен ибаны, қазақ ұлтына тән, обал-сауаптың бәрін біледі. Үлкенге құрмет білдіріп, кішіге жылы сөз арнап, ақ батасын жаудырып жүреді.

– Бүгінде 128 тұрғыны бар орталықтағы әрбір әжені туған анамыздай аяласақ, әрбір ақсақалды әкеміздей сыйлаймыз. Мұндағы тұрғындар түрлі тауқыметті басынан кешіріп, қиын-қыстау кезінде осы орталықты паналап отыр. Әлеуметтік қызметкерлер оларды баладай баптап, киімін жуып, ас-ауқатын дайындап, алғысын алып отыр, – деді орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Эльмира Қарауылова.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support