Ақ халаттыларға алғыс!

Ақ халаттыларға алғыс!
ашық дереккөз
Ақ халаттыларға алғыс!
Дерт дендеп, жанымызға дауа іздегенде дәрігерлерге жүгінеріміз анық. Мұндайда ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі орасан. Көңілдегі көп күмәнді сейілтіп, үмітті оятып, ауруды айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын адамдарға қандай мақтау айтса да жарасады. Осындайда халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» деп жатады. Осы орайда жұрттың алғысына бөленіп, көптің қажетіне жарап, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген Меркі аудандық орталық ауруханасының ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Меркі аудандық орталық ауруханасы дәрігерлері емделушілерге қашанда жақсы жағдай қалыптастырып, өз істерінің биігінен көрініп келеді. Өз басым ауыр күйді басымнан өткеріп, екі аяғыма тұра алмай ақ халаттылар қолына қараған шақта неврология бөлімінде емделдім. Бөлім меңгерушісі Гүлжамал Дәулетова білікті маман ретінде тиісті емшараларға нұсқаулық беріп, медбикелер сапалы жұмыс жүргізді. Нұсқаулық негізінде күніне бес мезгіл қуаты күшті арнайы дәрілер қабылдап, қатаң режимді сақтану арқылы тік тұрдым. Ж.Қазақбаев, М.Сәлімбаев, Б.Алдабергенов сынды қатарлас азаматтар осы бөлімнің абзал жандарынан ем-дом қабылдап, денсаулығына күтім жасады. Бөлім меңгерушісінен бөлек, аға мейірбике Айнұр Имашева, мейірбикелер – Салима Ақылбаева, Ақмоншақ Әділбай, Сара Қасымова, Соня Мыңбаевалар шынайы маман ретінде ақ пейілімен шипагерлік жасады. Кейіннен денсаулық жағдайыма байланысты осы аурухананың терапия бөлімінде тағы да тегін ем-дом қабылдаған кезде де Зумрат Момынова Зарина Сауранбаева, Гүлмира Аманова, Феруза Абдуллаева, Жұлдыз Молдақұлова, сынды жауапкершілігі жоғары, жас пен кәріге бірдей қызмет қылып, өзгенің өмірі үшін күресіп, көңілге шуақ сыйлайтын дәрігерлер мен мейірбикелер, арнайы техникалық мамандар өз ісінің шебері екенін танытты. Олар күн сайын өз мамандығына адалдық танытып, отбасы мен Отан алдындағы қызметін қатар үйлестіріп, көптеген адамдардың өмірлеріне араша түсіп келеді. Дәрігерлік – дүйім жұрттың жауапкершілігін аманат етіп арқалаған абыройлы іс. Мұнда тәуекелге бел буып, ерлікке бара алатын жүректі жандар ғана қызмет етеді. Осынау қатері қастерлікке ұласқан маман иелерін басымызға іс түскенде ғана емес, күнделікті өмірде де құрметтеу әрбір азаматтың парызы болуы қажет.  

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар