- Advertisement -

Қарашай деген халық бар…

23

- Advertisement -

Астана қаласының оңтүстігін Аршалы ауданы алып жатыр. Ауданның әкімшілік орталығы – Аршалыда менің бала күнгі досым Владимир Махмудұлы Бидже тұрады. Екеуміз Жамбыл облысы, Талас ауданының Үшарал деп аталатын ауылында балалық шақты бірге өткіздік. Ол заманда біздің ауылдың айналасын өзен-су алып жататын. Шүңетіне сүңгіп, көгалына аунап, жантағының тікеніне табанымызды тілдіріп, құмын кешіп өстік біз. Совхоздың орталығынан нөмірі бірінші ферма деп аталатын аралықты нар қамыс басып жататын. Құстың неше атасы жыртылып айырылатын. Екі ортада «Егіншілік» деп аталатын жеміс бағы болушы еді. Әлгі бақта Алматының апортынан бастап, қызанақ, жүзім, қарбыз, қауын егілетін. Үшаралдың алмасын Мәскеуге тасиды деп еститінбіз. Несін айтасың, Үшарал біз үшін Жерұйық, Жиделібайсын саналатын.

Аршалыға барған сайын досым Владимир сол бір шуақты сәтті еске алады, ауылын сағынады. «Баяғы қызыл алма мен Қызылқұмның қауыны бар ма?» деп сұрайды. «Бар» деп айтуға ұяламын. Баяғы көк майсалы Үшаралымның маңайын жиде басып, Таластың суы тартылып, қаз-үйрегі көзден бұлбұл ұшқанын айтуға да батпаймын. Отыра қалып өткен-кеткенді әңгімелейміз. Владимирдің ақыл-есіне қайранмын. Ауылдан жырақ кеткеніне жарты ғасыр өтсе де балалық шақтағы өзі көрген, көзі көргендердің аты-жөнін ұмытпағанына қайранмын.

Есіміз кіре бере нөмірі бірінші ферманың орталығында қазаққа түрлері онша ұқсамайтын өзге ұлт өкілдері тұрушы еді. Бірақ солардың қарашай ұлтынан екенін білмеппіз. Білмейтініміз, олар қазақшаны бізден артық сөйлейтін. Ол заманда ұлт сұрасуды білмеппіз. Владимирдің әкесінің аты – Махмұд болатын. Көкеміз қазақ тілінде мақалдап сөйлегенде «мен шешенмін» деген небір пысықтар сөз таба алмай мүдіріп қалатын. Досымның анасының аты – Қарақыз еді. Анамыз қазақтың салт-дәстүрін қазақтан кем білмейтін. Аздап балаға түкіретін тәуіпшілдігі бар-тын. Махмұд көкеміз ферманың есеп бухгалтері, ал Қарақыз апамыз дүкен ұстады. Бұл үйде Владимирден басқа Нәзір, Руслан, Тоқан және Асхат деген ұлдары мен Катя деп атайтын жалғыз қызы болды. Досымның нағашысы Кемал Әлиұлы Доттаев шаруашылықта бас бухгалтер болып істеді. Үлкендердің ешқайсысының жоғары және арнаулы орта білімі жоқ болса да қысқа мерзімді курстарда оқып, өздерінің қабілеттерінің арқасында жоғары білімділерден білетіндері көп болмаса аз емес еді.

Мектепті бітірген соң Владимир досым Қарағанды медицина институтына түсіп кетті. Қарақыз апамыз қатты дертке ұшырап, қайтыс болды. Ол кісі дүниеден өткен соң Махмұд көкеміз де Қап-Қаздағы туысқандары Қарашай-Шеркеш Республикасына көшіріп алып кетті. Білігімізше көкеммен бірге ұлы Нәзір де сол жаққа әкесіне ілесті. Содан кейін талай жыл өтті, талай су ақты. Күндердің күнінде Владимир досым ойда-жоқта бірінші фермадағы біздің үйімізге сап етіп келе қалды. Сөйтсек, ол Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ шипажайына бас дәрігер болып ауысып келіпті. Туған жерге әкеліп жүрген сол жылдары Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігері қызметін атқаратын Дүрімбетов Еркін. Екеуі қатар, бәріміз Үшаралдан едік. Сол жолы мәре-сәре болып қатты қуаныстық. Бірақ көп ұзамай Владимир досым жаңадан құрылып жатқан Торғай облысындағы бір ауданның ауруханасының бас дәрігері қызметіне ауысты да кетті. Тағы жылдар өтті. XXI ғасырдың бас жағында досымды Аршалыдан кездестірдім. Аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарады екен. Жұбайы Марина, ұлты үнгүш, ол да дәрігер. Міне, содан бері досымыз екеуміз ара-қатынасымызды үзген емеспіз. Үзбегенде көбінесе Аршалыға мен барамын.

Енді ғана оның Қарашай ұлтынан екендігін біліп жүрмін. Бірде одан «Осы қарашайлар Қазақстанға қай жылы қоныс аударды?» деп сұрадым. Владимирдің айтуына қарағанда қарашайлардың түбі Алтайдан бастау алады. Өздерін қыпшақтан шыққанбыз деп санайды. Сонау есте жоқ ерте заманда жаугершілікпен Қап-Қазға дейін барып, бір аталары сол жақта таудың арасын мекендеп қалған. Аңыз бойынша, халықтың атауы батыр – Карчаның атынан шыққан. Сол батыр Қарашайлардың түп атасы делінеді. Ендігі бір аңызда таудың ішіндегі бабаларымыз көбейіп, қарасы мол ел атаныпты дейді Владимир. Демек, қара сөзі «көп» дегенді білдіреді. Мысалы, Қап-Қаздағы Қара теңіздің суы қара емес қой. Суының молдығынан Қара атанған дейді. Қара теңізбен жапсарлы жатқан Азов теңізінің түрікше атауы – Азау теңізі. Яғни, «кішкентай теңіз» дегенді білдіреді. Осы күні өзіміз көп естіп жүрген Қырым түбегі, Қыр елі дегенді білдіреді. Болмаса «қарақазақ», «қараорман», «қаракесек», «Қарқаралы» деген атаулар олардың түр-түсін емес, көп екенін меңзеп тұр емес пе?

Қош, осы күнгі солтүстік Қап-Қаздағы Қарашай- Шеркеш Республикасында Қарашайлар тұрады. Ұзын саны 200 мыңға жуық. Біздің Қазақстанда 2000-нан астам қарашай ұлтының өкілі бар.

Бұлар біраз ел болып, қазақтар Қаратеңізге дейін көшіп, сол жерді жайлап жүргенде, Қап, Қазбек тауларында қалса керек. Қазір олардан дерек жоқ. Олар Бәйдібек заманына дейін біздің жұртпен араласып тұрған. Келтірілген деректерді Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабынан тауып алдық. Сол кітапта Қазыбекпен Өтеген екеуі шет елде оқып, елге келе жатқан кезде Ресейдегі бір байдың үйінде жалданып жүрген қарашайлардың өкілдерімен кездескенін баяндайды. Сонау ғұн дәуірінде көшпелілердің Батысқа Ұлы жорығында талай бабаларымыздың жаулап алған өңірлерінде тұрақтап қалғанына тарих куә. Қазақта: «Жеріңнің аты – халықтың хаты» деген сөз бар. Күні кешеге дейін Кубан мен Дон даласында, арғы Солтүстік Қап- Қазда біздің аталарымыздың сол өңірде өмір сүргенін дәйектейтін атаулар жеткілікті. Түркілерден өлердей қорыққан кешегі Кеңес өкіметі кезінде атауларды жоқ қылудың не бір әрекеттерін жасағанын білеміз. Мысалы, Қырым облысындағы ежелгі атауларды халық жадынан өшіру үшін 1945 жылдың 25 тамызы мен 1948 жылдың 18 мамырында Ресей Федеративті Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Қырым облысындағы елдімекендер мен селолық кеңестердің атаулары өзгертілді. Мысалы Белгород ауданындағы Дулат атауы – Балки, Жанқой ауданындағы Арғын атауы – Советтік, Қият атауы – Бранное Поле, Көл – Алшын атауы – Зайчинское, Қоңырат атауы – Разино, Қыпшақ атауы – Красная равнина, Байұлы Қыпшақ атауы – Огни, Қара Найман атауы – Крыловка, Садыр атауы – Славянское, Сақ ауданындағы Қамбар атауы – Степное, Шеркеш Тобай атауы — Чапаевка, Қыпшақ атауы – Самсоновка, Тау – Қыпшақ атауы – Лесная, Қоңырат атауы – Пасечная, Арғын атауы –Умелое, Маңғыт атауы – Полтовское деп өзгертіліпті. Тіпті өзгертілген атаулардың ішінен Алаш есімін де кездестіреміз. Осы атауларға қарап-ақ қазаққа тән бүкіл рулардың, тайпалардың солтүстік Қап-Қазбен Қаратеңіздің маңайын еркін жайлағанын аңғарамыз. Қазақтың «Қыз Жібек» эпосында да осы атаулар кезігеді. Ресей отарлаушыларының жаулап алған жерлерінің атауын өздеріне қарай бейімдеп, жергілікті халықты басынуының айқын көрінісін кешегі Кеңес дәуірінде де Әулие-Ата өңірі басынан кешті.

Владимир бүгінде Аршалы аудандық ардагерлер және билер кеңестерінің төрағасы ретінде қазақтың абыройын арттыру үшін бір адамдай тер төгіп жүр екен. Өзі 20 жыл аудандық аурухананы басқарған кезінде мекемедегі іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге бастамашы болыпты. Алғаш келген кезінде ауруханада екі қазақ дәрігері бар екен. Қазір кадрлардың 80 пайызы қазақтар. Сондай-ақ, аудандағы орысша атаулы елді-мекендердің қазақша атауын қалпына келтіруге тырысып жүргенін де айтып қалды. Айтпақшы, қазақтың айтулы ұлдарының бірі – Жұмабек Тәшенов осы ауданның тумасы. 2025 жылы оның туғанына – 110 жыл толады. Айтулы датаға дейін ауданның атын қайраткердің есімімен атасақ деген ниеті барын да жасырмады. Аудан орталығына мемлекет қайраткерінің еңселі ескерткішін орнату үшін талай есікті қағып тоздырып жүрген жайы бар. Бір сөзбен айтқанда көп қазақтың қолынан келмейтін ұлы істерді қолына алған, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, «Құрмет» орденінің иегері Владимир Махмұдұлы Биджиев мен үшін таза қазақ.

Айтпақшы, әңгіме арасында ол қарашайлардың Қазақстанға 1943 жылдың қарашасында Кеңес өкіметі басшыларының «Отанын сатқан ұлт ретінде» жала жауып Орта Азияға, Сібірге және Қазақстанға зорлықпен жер аударғанын және бұл жаладан 1957 жылы ғана құтылғандарын, содан кейін барып қарашайлардың атамекендеріне оралғанын көзіне жас ала әңгімеледі. Владимирдің әкесі Махмұд 90-нан асып барып өмірден өткен. Өле-өлгенше қазақтардың қайырымды халық екенін айтып кетті. 1943 жылы Әулие-Ата өңіріндегі Үшарал ауылына 20 үй қарашайлар көшіп келіпті. Қарашайлардан кейін бұл ауылға шешендер, немістер жер аударылды. Жергілікті халық оларды туысымыз деп қарсы алыпты. Алғашқы топпен Махмұдтар келді. Оның аяулы жары Қарақыз бір жылдан кейін Үшаралға келгенде оны қамқорлығына алған Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың ағасы Кемал екен. Ол 13- ке толған жас қызды асырап алып, атын қазақшалап Қарақыз деп қойған. Әйтпесе, апамыздың дүниеге іңгәләп келген кезінде қойған қарашайша есімі – Ләйла. Апамыз Кемалдың үйіндегі Ажармен бірге өсіпті. «Тіпті, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қарашайлар атамекеніне ошарыла көшкенде анам мен Үшаралдан ешқайда көшпеймін» деп, ақырында Үшаралында өмірден озды», – дейді Владимир.

Бүгінде Аршалы ауылында Биджиевтердің үш ұлы тұрады. Тоқай және Асхат. Қазақпен құда, өсіп-өнген әулет.

– Ата-аналарымыз бақытын тапқан Үшарал біз үшін ең қымбатты мекен, дейді ол.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Астана қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support