- Advertisement -

Жаңашылдық – жалпыәлемдік өркениетке бастайды

21

- Advertisement -

Білім беру саласы болашақ иелерін оқытып, тәрбиелейтіндіктен де аса жауапты. Уақыттың сәт сайын жаңарған қадамына ілестіре отырып, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін бұл салада жаңалықтар жиі орын алып тұрады. Оның озығын алып, қажетсізін қолданбау үшін ғылыми тұрғыда зерттеп, жұмыла жұмыс істейтін қаншама ғылыми қызметкерлер бар. Солардың бірі, Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Ынтымақ ауылында туып-өсіп, алғашқы еңбек жолын туған жерінде бастап, ізденімпаздығымен еленіп, 1996 жылы Ұлттық білім академиясына ғылыми-әдістемелік жұмысқа шақырылып, халқына арнаған қызметін сонда жалғастырған педагогика ғылымының академигі Сәбит Дүйсебаевпен әңгімелестік. Бүгінгі білім реформалары жөнінде және өзінің оқыту ісіне қосқан үлесі турасында сұхбаттасып, көргені көп көкейіндегі ұтымды ойларын жазып алған едік. Білім саласына орасан зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз, еліміздің Педагогикалық қоғам сыйлығының лауреаты, Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан және Бүкілодақтық педагогикалық оқулардың бас жүлдегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, «Ұлт қайраткері», «Қазақстан патриоты» академиялық атақтардың иегері Сәбит Райысұлы бүгінде зейнеттік демалыста болса да ұрпақ тәрбиесіне ой қосар жазбаларымен үлес қосып келеді. Ол мемлекеттік тілді дамытуға да елеулі еңбек сіңірді. Еліміздегі ең тұңғыш электронды сөздікті жазған Сәбит (Совет) Дүйсебаев еді.

– Сәбит аға, қарапайым ғана ұстаздықпен бастаған еңбек жолыңыз ғылым жолындағы биікке жеткізді. Еліміздегі білім беру саласының бүгінгі беталысына ғалым ретіндегі ойыңыз қандай?

– Еліміздің бүгінгі білім беру ісін мен креативті даму бағытында жүргізіліп келеді деп ойлаймын. Әрине, бұл жағдай қоғамымызды жалпыәлемдік өркениет бағытында дамыту мақсатынан туындаған оң үрдіс. Сондықтан қазіргі жаңарулар мен өзгерістер қаншама қиындық пен күрделілік туғызғанымен осы бағытта алға ілгерілей беруіміз керек. Себебі, заманның талабы сол – жаңару, жаңғыру. Бір орында тоқтап қалуға болмайды. Біздің міндет те осы – дамуды жүзеге асыру. Тек мұнда ескеретін үлкен мәселені ұмытып кетпеуіміз керек. Ол – өзіміздің ұлттық-этникалық құндылықтарымызды оқу-тәрбие негізіне салу. Яғни, бастыларын атап айтар болсақ, олар – қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті, рухани-адамгершілік болмысы, тарихы, салт- дәстүрі, географиясы, ақыл-ой психологиясы және тағы басқалар.

– Өзіңіз де мұғалімдерге арналған оқытудың озық технологияларын үйреттіңіз, сол тәжірибелеріңіздің тағылымына тоқтала кетсеңіз.

– Оқытудың озық технологиялары бойынша менің де тәжірибем сұранысқа қарай заман талабымен үндес. Оқушыларды деңгейлерге бөліп-жармай, үлгерімсіздікті болдырмау, проблемалық және дамыту, интеграциялық оқыту, сыни ойлау және басқа да оқыту технологияларын жүзеге асырушысы да, насихаттаушысы да болдық. Мәселен, Білім министрлігі жанында озық тәжірибені республика көлемінде насихаттау үшін құрылған профессор Қ.Айтқалиевтің атаулы республикалық ғылыми-әдістемелік орталық мүшелігіне қабылданып, 1989- 2002 жылдар аралығында осы орталық құрамында бүкіл республиканы аралап жүріп, мектеп мұғалімдеріне облыстық педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары арқылы дәрістер оқыдым. 1991 жылы Жезқазған қаласында өткізілген республикалық педагогикалық оқуларда қазақ тілін оқытудың озық технологиясы бойынша 1-орын алдым. Сол жылы Кеңес одағы бойынша мемлекеттік педагогикалық оқуларға Қазақстанның атынан жолданып, жеңімпаз атандым.

1996-2010 жылдарда қазіргі Ұлттық білім академиясы тарапында ғылыми-әдістемелік қызметте қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілді мектептерімізге арналған қазақ тілі мен әдебиеті стандарттарын, оқу бағдарламаларын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын, электронды оқулықтарын жазған авторлық ұжымдар құрамында еңбек еттім.

Өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы, Жамбыл облысындағы және республикадағы педагогикалық, ұстаздық еңбектерім бағаланып, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Құрметті профессоры атандым. Осы университеттен менің атымда дәрісхананың ашылуы да еңбегімді елегендік, тәжірибемнің текке кетпегені деп білемін.

– Қандай оқулықтардың авторы болдыңыз, оларда нендей жаңалықтар жазылған еді?

– Оқулық жазу – өте жауапты іс әрі оған асқан мұқияттылық керек. Сол секілді оқыту- тәрбиелеу саласына негізделген ғылыми жұмыстар да, ізденістер де үлкен еңбекті, білімділікті, үздіксіз ізденісті талап етеді. Олар бірнеше сүзгіден өтеді. Өз еңбектеріме тоқталар болсам, мектептегі оқу-тәрбие тәжірибесі туралы 4 кітап, отыздан астам ғылыми-әдістемелік мақала жарияладым. Олардың жас ұрпаққа білім беру жұмысына қолданылуы – менің еңбегімнің бағаланғаны. Олардағы жаңалықтар – оқыту тәсілдерін алға жылжыған уақыттың талабына сай оңтайландыру.

Нақтырақ айтсам, қазақ, орыс, ұйғыр мектептеріне арналған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарын жаздым. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту үшін 2001 жылы 70 мың сөз қамтылған қазақша-орысша және орысша- қазақша сөздік жасадым. Ол Қазақстандағы ең алғашқы электронды сөздік болатын. Одан бұрын ондай дүние болмаған. Сол еңбегім республиканың барлық аймағына таратылды. Өз уақытында жоғары бағаланып, авторлық сертификатын алдым.

– Сіз Жуалы ауданында мектеп директоры да болдыңыз. Қазір облыста бірнеше мектептер біраздан бері директорсыз отырғаны айтылып жатыр, оған не кедергі деп ойлайсыз? Мектеп директорлығына лайықты кадр жоқ па әлде жауапкершілік аса жоғары ма?

– Мен де осы мәселені бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, расында лайықты кадр жеткіліксіз бе деп таңырқадым. Бұл лауазымға қызығушылық төмендеп бара жатқаны рас. Алайда, он мыңнан астам мұғалімнің арасынан мыңдаған педагогикалық ұйымдастырушылық қабілеті бар маманның шығары анық. Бүгінде мемлекетіміз мектептерді тек біліми сапалық жағынан емес, материалдық тұрғыда да дамытуға аянбай қамқорлық жасап жатыр. Соңғы жылдары мұғалімдердің еңбекақылары да көбейіп келеді. Өңірлерде жаңа әрі заманауи мектептер бой көтеруде. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де шұғыл жүргізілуде. Оқу-тәрбие сапасын арттырудың бір көзі ретінде мектеп басшыларын, мұғалімдерді оқыту әдісі озық шетелдерге жіберіп, тәжірибе алмасуда. Мектеп жағдайларын тиянақтау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, жүзеге асып, құқықтары қорғалуда. Мемлекеттік мектептермен қатар, бірқатар жекеменшік мектептер және қосымша өнер-білімге тәрбиелейтін ошақтар жұмыс істеп жатыр. Озық білім берудің әлемдік кеңістігіне сәйкестендірілген оқу-тәрбие жабдықтары, құралдары, тәжірибелері кең түрде енгізіліп жатқанын көріп те жүрміз. Әрине, мұндай белсенді қадамдардың одан ары күшеюі үшін қолға алынған бағыттың әлі де алаңдатарлық тұстары жоқ емес. Мысалы, бүгінде мектептерді орталықтандырылған цифрлық жүйеге көшіруге байланысты ақпараттық қиындықтарға тап болып отырмыз. Мұғалім, мектеп директорының орынбасарлары, тіптен кейде директорлар да уақыттарын білім беру сапасын арттыруға жұмсаудың орнына ауданға, облысқа, республикаға ақпар берумен айналысып жатқаны баршаға аян. Бұл бюрократияның күшейіп кеткені соншалықты, мектеп оқушыға қызмет етудің орнына аудан, облыс, республикалық басқару орындарына, солардың жоғарыға есеп беру статистикасы үшін, қызметі креативті көрінуі үшін уақыттарын сарп етуде. Бюрократия үшін мектептерде оқу-тәрбие сапасы құрбан болуда. Тағы бір келеңсіз жағдайды айтпай кетуге болмайды. Мектептен жоғары тұрған салалық мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың мектепке түрлі тапсырмалар жаудыруы тыйылар емес. Мектеп, мұғалім, оқушы және олардың ата-аналарына дейін осы тапсырмаларды орындаумен-ақ күндері өтеді. Оқушы сабақ оқудың орнына, мұғалім тақырыбын түсіндірудің орнына, мектеп басшылығы оқу-әдістемелік жетілдіру жұмыстарын жүргізудің орнына сол мектептен тыс орындардан келген тапсырмаларды орындаумен айналысуға мәжбүр. Ол тапсырмалар шексіз-шетсіз үстемдік сипатта келетіні тағы таңдандырады. Оны орындамаса директор да, орынбасары да, мұғалім де нанынан айырылады. Тіптен, мектеп жұмысын бағалауда сол тапсырмалардың орындалу көрсеткіштері ұтып кетеді. Әрине, мұндай жағдайда мектепке директор болуға мұғалімдер қызыға қояды деу қиын.

Тағы бір мәселені айта кету керек. Ол – педагогтің партфолиосы. Баршаға белгілі, әр мұғалім аттестацияда жоғары санатқа ілгерілеуі үшін республикалық, өңірлік баспасөзде оқу-тәрбие, педагогика, психология жөнінде ғылыми-әдістемелік мақалалар жариялауға міндетті. Осы шартты аттестация шарттарынан батыл түрде алып тастау керек. Өйткені, мектеп ғылыми-әдістемелік ошақ емес, ғылыммен, шығармашылықпен айналысатын тиісті орындар бар. Егер бала оқыта жүріп, ғылыми-шығармашылықпен айналысқысы келгендер болса, мархабат. Бірақ, ол аттестациялық көрсеткіш болмауы керек.

Міне, бұл айтылған мәселелер жинақтала келе мектеп директоры лауазымына қызығушылықты төмендететіні сөзсіз. Менің ойымша, оның жауапкершілігінен ешкім қаша қоймас, тек білім беру жүйесінде бүгінде өте үстем болып тұрған бюрократиядан арылуымыз керек.

– Сіз тек ұстаз, ғалым ғана емес, өлең жазатын өнеріңіз де барын естідік, бүгінге дейін жазған туындыларыңыз жөнінде айта кетсеңіз…

– Жоғарыда айтып кеткен ғылыми- әдістемелік кітаптарымнан бөлек, «Бозторғай» атты өлеңдер жинағым жарық көрді. Өлеңдерімде туған жерім Жуалы, туған өңірім Жамбыл облысы, Тараз, Астана, Алматы, сонымен қатар сұлу Көкшетаудан Ертіс- Алтайға, Маңғыстау-Атыраудан Қызылордаға дейінгі география қамтылды. Тарих, салт- дәстүр, тіл, туған ел, тұлғалық ой-толғаулар бейнеленді.

Мен жақсы көремін

Сары ала күннің

Алтын кірпік, от жанарын ашқанын.

Тереземнен уыстап,

Ақ сәулесін шашқанын.

Не деген бақыт –

Мына ғажап дүние,

Мына ашық аспаным.

Кешегі бетті шайып тастап,

Жаңаға жаңаша аяқ басқаным, – деп жырлаған, өмірге ғашық жанмын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Тараз – Алматы – Тараз

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support