- Advertisement -

Адам құқығын қорғау – басты орында

62

- Advertisement -

Кейінгі кездері қоғамда алуан түрлі жағымсыз әрекеттер жиі көрініс беріп жүр. Тіпті, жақын танысы немесе туысынан зәбір көретіндерді де естиміз. Оған адамдардың өз құқын білмеуі, тиісті орындарға шағымын жеткізе алмауы да әсер етіп жатқаны даусыз. Шынтуайтында, мемлекеттің басты капиталы – азаматтары. Адамның құқығы қорғалған қоғамда қорлау да, қатыгездік те орын алмауы тиіс. Көпшіліктің заң тұрғысында құқықтық сауаттылығын арттыруға септігі тисе деген ниетпен азаптаудың және қатыгездіктің алдын алу шаралары қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрап, еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаевпен сұхбаттасып, құқықтық негіздегі кеңестерін оқырман назарына ұсынбақпыз.

– Берікбол Ұзақұлы, біздің елде адам құқығы қаншалықты қорғалған деп нақты айта аласыз? Бұл бағытта облысымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оны одан ары ілгерілету мемлекетіміздің басым бағыты. Еліміз 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы жарғысымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында белгіленген адам құқықтары мен бостандықтары жөніндегі қағидалар Конституцияда көрініс тапты. Конституцияның 1-бабында еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

2022 жылы Конституцияға республикалық референдум арқылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары бойынша реформа жүргізілді. Конституциялық сот құрылды және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Сол жылдың 5 қарашасында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданып, өңірлерде өкілдіктер ашылды. Аталған заңның 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметінің міндеттері – адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, оны ілгерілетуге ықпал ету.

Уәкіл және оның өкілдері ел азаматтары және мемлекет аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жеке өздері және өкілдері арқылы берген шағымдарын өз құзыреті шегінде қарайды. Жылдан жылға Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолданған жүгінулер саны еселеп артуда. Өткен жылы 5773 арыз- шағым түскен, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өссе, ал 2021 жылмен салыстырғанда үш есе дерлік көбейген. Нақтырақ айтсам, 2022 жылы 3874 шағым, 2021 жылы 1855 шағым түскен. 2023 жылы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігіне 293 арыз-шағым түсті. Бұл республика аймақтары бойынша Алматы, Астанадан кейінгі үшінші көрсеткіш.

Арыздарды қарау барысында өкілдік мемлекеттік органдарға 344 сұраныс хат және 18 өтініш хаттар мен ұсынымдар жолдады. Нәтижесінде 57 арыз қанағаттандырылып, оның ішінде 16 адамның құқықтары қалпына келтірілді, 219 өтінішке түсіндірмелер берілді.

Сонымен бірге 2023 жылы 224 адам жеке қабылдауымда болды. Олардың 102-сі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп отырған сотталғандар, 27-сі тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілер мен айыпталушылар. Жеке қабылдау нәтижесінде 138 азаматқа заңға сәйкес түсіндірмелер берілсе, 86 азаматтың жазбаша арызы алынды.

Сонымен қатар, 2023 жылы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі ретінде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған 23 мекемені аралап, оның ішінде 7-уін Ұлттық превентивтік тетігінің өңірлік қатысушылар тобымен бірлесе отырып жүргізсем, қалған 16 мекеме өз бастамаммен немесе арыз бойынша өкілдікпен атқарылды.

Аралау нәтижелері бойынша адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануы тиіс шараларға қатысты өкілдік тарапынан 76 ұсыным жолданды. Берілген ұсынымдардың 68-і орындалып, мекемелердің 8 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, өңірде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласында құқықтық ағарту бойынша облыс тұрғындарымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлерімен 50-ден астам дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер, кездесулер өткізілді.

Жақында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы М.Әбдірайымовпен кездесіп, қоғамдық кеңестің жанынан адам құқықтары жөніндегі сарапшылар тобын құру мәселесін талқыладық.

Сарапшылар тобының құрамына Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі, өңірдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ адвокаттар мен заңгерлер енгізілетін болады.

– Адам құқын таптаудың, азаптаудың алдын алу бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– 1998 жылы 29 маусымда Қазақстан БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгездікке, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалауға қарсы Конвенциясын ратификациялады. 2008 жылы БҰҰ Конвенциясына факультативтік хаттама ратификацияланды. 2013 жылы 2 шілдеде Мемлекет басшысы азаптауға қарсы конвенцияның факультативтік хаттамасына сәйкес, қабылдаған міндеттемелерді орындау мақсатында елімізде азаптауға қарсы Ұлттық превентивтік тетігін құру туралы заңға қол қойды.

Қазақстанда Ұлттық превентивтік тетігі «Омбудсмен+» моделі негізінде жұмыс істейді. «Омбудсмен+» моделі үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерімен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметін үйлестіруді көздейді. Жыл сайын Ұлттық превентивтік тетігінің қатысушылары 500-ден астам алдын алу қатысуларды жүзеге асырады. Әр қатысудың қорытындысы бойынша тиісті мекеме әкімшілігіне ұсынымдар жолданады.

Ұлттық превентивтік тетігі құрылғаннан бері 9 жыл ішінде оның қатысушылары құқық қорғау органдарының, пенитециарлық мекемелер әкімшілігінің жұмысында бас бостандығынан айырылған адамдарды ұстау, азаптау, қатыгездік пен жазалауға байланысты бірқатар елеулі бұзушылықтарды анықтады. Ұлттық превентивтік тетігі қатысушылары адам құқықтарын қорғау бағытындағы ұсынымдардың нәтижесінде қылмыстық атқару жүйесінде сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Мәселен, медициналық қамтамасыз ету функциясын Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына беру мәселесі толықтай шешілді. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап тергеу изоляторындағы медициналық қызмет, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған пенитенциарлық мекемелердегі медициналық бөлімшелердің барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына өтті.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаптауларға қатысты қылмыстық істерді тергеуді жүргізу прокуратура органдарының құзырына берілді. Қылмыстық кодекстің 146-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаптауларға қатысты жаза күшейтілді. Яғни, бұрын азаптауға қатысты қылмыс жасаған тұлғаларға қолданылатын ең жоғарғы жазаның мерзімі 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру болса, өзгерістен кейін жаза мерзімі он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сонымен бірге 146-бапқа енгізілген өзгерістердің бірі – бұрын бұл бапта тек азаптауға қатысты болса, енді қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас деген қылмыс құрамымен толықты.

Сонымен қатар, сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейтуді қолдайды. Осы орайда, 2024 жылдан бастап азаптауды қолдану туралы істер алқабилердің қатысуымен қаралады деп күтілуде.

Азаптаудың алдын алу шарасы ретінде пенитенциарлық жүйеде қамауда ұстау орындарына үздіксіз бейнебақылау енгізілген, 20 мың бейнебақылау камерасы, сотталғандардың өтініштерін электронды түрде берудің 365 терминалы орнатылған.

– Азаптауға қатысты қатыгездікке душар болған адам арызданса, ақ-қарасын қалай анықтайсыздар?

– «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес, уәкіл және оның өкілдері арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелерге кедергісіз барады. Сол мекемелерде жатқан адамдардың келісімімен фотоға және бейнетүсірілімге түсіруге, олардан сұхбат алуға, оның ішінде аудио және бейнетехника құралдарын пайдалана отырып жүргізуге құқығы бар.

Осы орайда, азаптау және басқа да қатыгез іс-әрекеттерге қатысты арыздар болса, бірден сол мекемеге барып, мән-жайды анықтаймыз. Сол адаммен сұхбат жүргіземіз. Егер сұхбат барысында азаптау немесе басқа да қатыгез іс-әрекеттерге тап болғанын айтып жатса, тиісті процессуалдық іс-шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдаймыз.

Өткен жылы өкілдікке азаптау немесе басқа да қатыгез іс-әрекеттерге қатысты 9 шағым түсті. Құқық қорғау органдарына тиісті процессуалдық іс-шаралар қабылдау үшін жолданған хаттар бойынша прокуратура органдарымен еліміздегі Қылмыстық кодекстің 146-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген азаптау фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Ал, полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша 2 қылмыстық іс қозғады.

Мәселен, өткен жылдың соңында жұмыс телефоныма облыстағы түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп отырған сотталған азаматтың анасы хабарласып, баласын түзеу мекемесінің қызметкерлері ұрып, жағын сындырғанын айтып, ұлының жағдайын білуді және мекеме қызметкерлеріне тиісті шара қолдануды сұрады. Аталған хабарлама бойынша сол күні азаптауларға қарсы ұлттық превентивтік тетігі қатысушыларының өңірлік тобының жетекшісі Гусейнали Насировпен бірге аталған түзеу мекемесіне барып, әлгі зәбір көрген адаммен сұхбат жүргіздік. Медициналық құжаттары қаралды. Сұхбатта таңертеңгілік тексеру кезінде дауысын қатты шығармағанын желеу етіп, мекеме қызметкерлері ұрып, жағын сындырғанын мәлімдеді.

Аталған факті бойынша қазіргі таңда полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support