- Advertisement -

Орта Азияда жүзеге асырылған алғашқы жоба

30

- Advertisement -

Облысымызда күн, жел және су электр стансаларын орнатуға бар жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін де тиімді. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда барлығы 2525 мегаватт қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын 21 нысан бар. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел, 251,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.

Соның бірі – Жуалы ауданындағы қуаты 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасы. Аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтың айтуынша, мұндағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Орталық Азиядағы ең ірі нысан.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасатындығын айтты. «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімнің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы айтқанындай ауданымызда осы бағытта қолға алынған жобалар бүгінде өз жемісін беруде. Атап айтсақ, ауданымыздағы бірінші күн электр стансасы 2015 жылы пайдалануға берілсе, екіншісі 2018 жылы іске қосылды, – дейді Марат Қасымбеков.

Бізге белгілісі, Орта Азияда ең ірі нысан – күн электр стансасы Жуалы ауданында орналасқан. Яғни, онда жұмыс істеп тұрған «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасы тоғыз жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп келеді. Аталған стансаның алғашқы бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Ол жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрайды. Стансаға қажетті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізіліп орналастырылған. Жалпы алаңы 150 гектар алқапты алып жатқан «Burnoe Solar-1» күн электр стансасының қуаттылығы 50 мегаватт. Бұл стансаның тұсауы 2015 жылдың 2 шілдесінде қиылды. Ал, 2016 жылы «Burnoe Solar-2» күн электр стансасының екінші кезеңі басталып, оған алғашқы стансаның жанынан (Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты жер телімінен) 151,8 гектар жер телімі бөлінді. Оған бөлінген қаражат 25 миллиард теңгені құрайды. Аталған жобаның инвесторы «Самұрық Қазына- Юнайтед Грин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал қаржыландыру көзі – Лондондағы «Еуропалық қайта құру және даму банкі». Бұл кешен аумағында «jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеуде. Стансаның екінші кезеңі 2018 жылдың қараша айында берілді.

– Күн электр стансасындағы электр энергиясының жылдық қуаты сағатына 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жоба да қазіргі уақытта толық қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруде. Содан бері күн электр стансасының табысы жыл санап артуда. Бүгінгі таңда 100 мегаватты құрайтын станса күніне 660-680 мың киловатт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл қос күн электр стансасының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады, – дейді бөлім басшысы.

«Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл санап арта түскен. Серіктестік бес жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі «EMEA Finance» тарапынан «Burnoe Solar-1» жобасы бойынша «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» номинациясы бойынша марапатқа ие болыпты.

Бұдан бөлек, ауданда су электр стансаларын салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты. Сондай-ақ, табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданының ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдарын, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көк шалғынын еш уақытта ұмытпайды. Оған шекара бойында қалған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз.

Көксай өзенінің суын аудан диқандары ежелден егістігіне пайдаланып келеді. Бұрынғы одақ тарқаған тұста каналдың 12 километрі көрші Қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі. 2015 жылы каналдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан болатын. Одан кейін күн тәртібіне ағыны қатты өзеннің суынан электр энергиясын өндіру мәселесі қойылып, оның басына су электр стансасы салына бастаған. Сөйтіп, Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды.

Стансаны салатын инвестор табылып, 2018 жылы бұл жоба қаржыландырылған болатын. Оның құрылыс жұмысын «ҚазГидроОперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастап та кеткен еді. Жоба бойынша канал бойынан су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір электр стансасы тұрғызылған. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, сол жақтан жеткізілген. Сондай-ақ, «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан электр бағандары орнатылып, сымдар тартылған.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтің айтуынша, Көксай каналы бойынан қуаттылығы 18 мегаватт шағын су электр стансаларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті.

Көксайда «ҚазГидро Оперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су электр стансасын салып жатқанына төрт жылдан асты. Жалпы, онда 2024 жылға дейін қуаттылығы тəулігіне 18 мегаватты құрайтын төрт электр станса салыну керек. Ол жобаның жалпы құны 13,2 миллион долларды құрайды.

Сол сияқты, Ақсай каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысы, аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр стансаларының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион доллар. Дегенмен, бұл жобалар әлі күнге толыққанды жүзеге асырылған жоқ.

Қорыта айтқанда, дархан даланың шыққан күнін, соққан желін, аққан суын да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастағаны қуантады. Басталған өзге де жобалар өз нәтижесін алдағы жылдарда береді деген сенім бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support