- Advertisement -

Түрлі мәселелер талқыланған жиын

27

- Advertisement -

Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өңірде Amanat партиясы тарапынан бірқатар істер жүзеге асып жатқаны белгілі. «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» сынды көптің көңілінен шыққан әлеуметтік жобалар партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында орындалған істердің бір парасы. Фракция мүшелері мен облыс әкімі қатысқан фракцияның кеңейтілген отырысында осы мақсатта атқарылған істердің жай-күйі сараланып, алдағы жоспары бекітілді.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндама жасап, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, өңір тұрғындарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарына кеңінен тоқталып өтті.

– Айта кетерлігі, Аmanat партиясы облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында жалпы 103 көрсеткіш бар. Көрсеткіштердің орындалу барысына ай сайын мониторинг жүргізілуде. Жол картасындағы 2023 жылға енгізілген 98 көрсеткіштің 80-і орындалды, 18 көрсеткіш 2024 жылға өтпелі саналып отыр, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Сонымен қатар, жиында кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен әлеуметтік-экономикалық бағыттағы атқарылған жұмыстар сарапқа салынып, өз кезегінде халық қалаулылары тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берілді.

Мәселен облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт өңірде салынып жатқан мектептердің сапасы көңіл көншітпейтінін айтып, «Арай» массивіндегі құрылысы аяқталып қалған жаңа мектептің жай-күйін баян етті.

– Өткен аптада облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай аталған мектепте тек интернет желісінің тартылмағанын айтып, нысанның толық аяқталғанын жеткізген болатын. Ал, қалалық білім бөлімі «Арай» мектебінде материалдық-техникалық базаның жолға қойылмағанын, арнайы кабинеттердің қажетінше жарақтандырылмағандығын айтып өтті. Бүгінде жалпы жасалуы керек жұмыстың құны 300 миллион теңгені құрап отыр. Ал, бастапқыда құрылыс нысанына 1,2 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Осындай мөлшерде қаражаты игерілмеген мектептің сапасы жөнінде не айтуымызға болады?–деп алаңдаушылығын білдірді.

Сондай-ақ, фракция отырысында облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың шаруаларға көп көмегі тиіп жатқанын айтып, су үнемдеу технологияларын қолданысқа енгізудің маңыздылығына тоқталды. Осы бағытта егіс алқаптары өнімдерін сақтау қоймаларын салу ісі де шаруаларды қуантып отыр деді депутат.

– Бүгінде облыс көлемінде картоп пен пияз өндіруші шаруалардың басты мәселесі өнім бағасының түсіп кетуі болып отыр. Мысалы, қазіргі таңда шаруалар картопты 60 теңгеден өткізе алмауда. Сол үшін артық өнімді сақтайтын арнайы сыйымдылығы кең қоймалар болса, шаруа қожалығы иелерінің қолайына жағар еді, – деді Керімқұл Мамырұлы.

Өз сөзінде облыс әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде туындайтын мәселелердің басым көпшілігіне нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары мен лицензия талаптарының сай келмеуі себепкер болатынын айтты. Ал, ауыл шаруашылығын қолдау бойынша көкөніс өнімдерін терең өңдеуден өткізбейінше баға тұрақталмайды дейді аймақ басшысы.

– Бүгінгі таңда картоп пен пияз өнімдерін терең өңдеуден өткізу ісін қолға алуымыз керек. Мысалы, ел аумағында 12 үлкен азық- түлік өнімін шығаратын корпорация бар. Олардың басым көпшілігі 70 пайызға жуық өніміне пияз ұнтағын пайдаланады.

Сол секілді Қытайда нан пісіру кезінде картоп ұнын қоспа ретінде қолданады. Сондықтан да кез келген өнімді жан-жақты өңдеп, әртараптандырып, нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете алумыз қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан бөлек, жиында Жуалы ауданында айналма жол құрылысының қажеттілігі, инва-такси қызметінің жолға қойылуы сынды мәселелер көтеріліп, тиісті құзырлы органдар тарапынан жауап беріліп, сайлауалды бағдарламаның алдағы жоспары таныстырылды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Суретті түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support