- Advertisement -

Әр азаматқа сапалы медициналық көмек көрсетіледі

27

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында денсаулық сақтау саласында былтырғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты сараланды. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, жаңа ауруханалар салу, тозығы жеткен денсаулық сақтау нысандарын қайта жаңғырту, өңірге тапшы мамандарды тарту секілді өзекті мәселелер қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова саладағы нәтижелі жұмыстарды баяндап, мәселелер мен жоспарларды да атап өтті. Айтуынша, басқармаға былтыр жергілікті қазынадан 14 403,9 миллион теңге қарастырылып, ол толығымен игерілген. Инфрақұрылымның игілігін арттыру бағытында 3,2 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін 19 нысан пайдалануға берілсе, 5 нысан 2024 жылға өтпелі болған. Жалпы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 жоба іске асырылып, 11 нысан күрделі жөндеуден өткен.

Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ, Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.

Сонымен қатар, Тараз қаласында 400 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысын және 250 орындық перинаталдық орталық салу, жедел-медициналық жәрдем стансасын, 350 орынға жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысын, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана мен 200 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарлануда.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 38,3 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізеді. Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру – 92 пайыз. Ал, 2024 жылы 4,1 миллиард теңге қаржы қаралып, 123 медициналық құрал-жабдық сатып алынбақ. Оның ішінде 30-ы санитарлық автокөлік, 1000 компьютер болады, – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өңірде денсаулық сақтау саласының халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте екенін ескертіп, аймақта қызылша дертімен күресті күшейту мен иммундау ісін ілгерілетуді тапсырды.

– Қолайлы жағдай жасалмағандықтан, шалғай елді мекендердегі дәрігер мамандар қалалық жерге немесе басқа өңірлерге көшіп кетіп жатыр. Дәрігер тапшылығын, шалғай аудандардағы кадр тұрақсыздығын жоюға қатысты қандай да бір жоспарлы іс-шаралар атқарылып жатыр ма? «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында он нысан пайдалануға берілгенімен, оның кейбірі іске толық қосылмаған. Атап айтсақ, Жуалы ауданында Сұрым, Қордай ауданында Аңырақай, Байзақта Дихан және Жетібай, Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылдарында іске қосылмай тұрған барлығы 5 нысан бар, – деді аймақ басшысы.

Ал, басқарма басшысының айтуынша, облыста жалпы дәрігерлер тапшылығы 80 бірлікті құраған. Биыл республикалық бюджеттен резидентураға 2500 грант бөлініпті.

– Нәтижесінде 91 маман дайындалуда. Олар 2024- 2026 жылдар аралығында өңірдің денсаулық сақтау саласында іске кіріседі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, 9 дәрігерге 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, 38 дәрігерге 100 айлық есептік көрсеткіш, 149 дәрігерге жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңгеден берілсе, 13-і тұрғын үймен қамтылды. Есепті кезеңде 1494 дәрігер мен 4441 орта медицина қызметкері оқытылды. Шетелде жалпы 70 дәрігер біліктілігін арттырған. Қазіргі уақытта облысқа жұмысқа келген және келетін мамандарды тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Жамбыл облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың шешім жобасы қаралуда, – деді Ж.Оспанова.

Ал, іске қосылмай тұрған ауылдардағы медициналық мекемелерді теңгерімге беру жұмыстары жүргізілген. Басқарма басшысы олар таяу уақытта іске қосылатынына сендірді.

Денсаулық саласының негізгі көрсеткіштеріне кеңінен тоқталған Жанар Оспанова туу кезіндегі өмір сүру ұзақтығы былтырғы жылдың қорытындысымен 74,8 жасты құрап, 5,8 жылға өскендігін де атап өтті.

Жиын барысында облыс басшысы жеделсатысы жұмыс істемей тұрған Тараз қаласындағы №5 емхана мен Сарысу ауданындағы орталық аурухананың мәселесін шешу, науқастардың емханаларда кезек күтуінің ұзаққа созылуын реттеу, ана мен бала өлімін азайту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша тиісті басқарма, мекеме басшылары және бірқатар аудан әкімінен жауап алды.

Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау департаментінің басшысы Манат Сейдуманов өткен жылғы медициналық және фармацевтикалық бақылау нәтижелерін, ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев облыстағы эпидемиологиялық жағдай, проблемалық мәселелер және олардың шешу жолдарын жеткізді.

– Көтерілген мәселеге қатысты айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілсін. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы сенімгерлік басқаруға берілген жекеменшік емханалар қызметінің алты айғы қорытындысын қайта қарап, нәтижесін маған баяндасын. Денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің бірінші басшылары арасында сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою талабы бойынша арнайы жиын өткізілсін. Әсіресе, тұрмыстық, қылмыстық фактілерге қатысты мәселелермен барынша күрес жүргізуді күшейтуіміз қажет. Әр азаматқа сапалы, қолжетімді, уақтылы медициналық көмек көрсетілсін, – деп облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мәселелердің жедел әрі жүйелі шешілуін міндеттеді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support