- Advertisement -

Жақсы жұмыстың өтеуі – сертификат пен саяхат

26

- Advertisement -

Асима Шекеева Астана қаласынан бүлдіршіндерге арнап балабақша ашуға ұзақ дайындалады. Қаражат жетіспеушілігі, моральды шаршап-шалдығу сынды түрлі психологиялық күйзелістерден өтеді. Соңыра жемісті шақ жетіп, нақты шешімге қол жеткізіп, арманына бір қадам қалған сәтте ойы өзгереді. Сөйтіп, өзі келін болып түсіп, ақ босаға аттаған Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылына деген шексіз мейірім ойын өзгертіп, өзі өсіп-өнген ауылына қайта алып келеді. Нәтижесінде ауылдан 40 балаға арналған «Нұрлы ұрпақ» балабақшасы бой көтереді.

– Бауыржан батыр атамыздың есімі берілген ауылға алғысым шексіз. Бұл табалдырықтан қалай аттап кетемін? Босағасын имене аттағаныма, сол кезде 30 жылдың жүзі болған еді. Осы жылдар ішінде ауыл тұрғындары да мені ыстық құшағына алды. «Ауылым маған асыл жар сыйлап, ибалы келін, ана, әже атандырды. Төрт перзент пен 8 немере берді. Ал мен ауылыма не бердім?» деген ой маза бермеді. Сондай бір патриоттық сезімнің шырмауында «Одан да кәсіп көзін ауылдан ашып, жұмыссыз жүрген жандарға қолұшын беріп, қайта ауылымды көркейтейін» деген ой келді. Сөйтіп, сәулелі ұрпақ тәрбиелеп, ауылыма өз үлесімді қосайын деген ниетпен «Нұрлы ұрпақ» балабақшасын ашқаныма бүгінде 5 жылдың жүзі болды. Жас өркеннің өсіп, жетілу процесінде ең қиыны – баланың тәлім-тәрбиесіндегі алғашқы іргетастың дұрыс қалануы. Осы орайда ескеретін тағы бір маңызды мәселе, таза, табиғи ас ішіп жетілген баланың дені сау болады. Сондықтан мен жеке шаруа қожалығымнан жылқы сойдырып, балалардың тамағына жылқының етін қолданамын. Одан кейін ұлттық құндылыққа баса назар аударамын. Көбіне ене көрген, бала тәрбиелеп отырған аналарды жұмысқа аламын. Олар расымен бала тәрбиесіне епті келеді, – дейді балабақша директоры Асима Шакеева.

Бес жыл бұрын аталмыш балабақшаны ашу барысында 40 балаға бөлінген субсидия 4 айдың ішінде төленеді. Кейін сұраныс күшейгендіктен, тағы да ғимарат соғылып, тағы 25 балаға толықтырылады. Алайда, субсидия мәселесінің шешілуін бұл жолы балабақша жылға жуық күтеді. Бүгінде әр балаға 60 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Одан бөлек, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасынан шыққан 4 баланың әрқайсысына 4 айдан бері 8 мыңнан, 32 мың теңге көлемінде шығынын мемлекет төлеп отыр. Одан бөлек, осы балабақшада қызмет етіп жүргендердің балалары балабақшада тегін тәрбие алады.

– Тарбиешілерге әр 6 айда мониторинг жүргізіп, сол бойынша ынталандыру мақсатында 100 мыңға дейін серти-фикат беремін. Одан бөлек, балабақша қызметкерлеріне өз есебімнен ел мен жер көріп, саяхаттауға мүмкіндік беріп, жолақысын көтеремін. Көңілімнен шыққан әр қызметкерді қолдап отыруды әдетке айналдырғым келеді, – дейді Асима апай.

Алғаш 40 шақты баламен ашылған балабақшада бүгінде 85 бала тәрбиеленіп, 22 қызметкер еңбек етеді. Болашақтың босағасы берік, ұрпағының ақыл-ойы терең, білім көкжиегінің кең болуы әрі өсіп-өркендеуі оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, баланың психологиялық даму бағытына байланысты. Осы орайда балабақша психологымен де тілдесудің сәті түскен еді.

– Сапалы тәрбие беру үшін балаға ең алдымен әлеуметтік психологиялық жағдай жасаймыз. Бала алдымен ортаға бейімделеді. «Барлық нәрсе балаларды жақсы көруден басталады» деген тренинг өткізіп, бала мен тәрбиешінің бір-біріне деген ілтипатын арттырамыз. Одан бөлек, ата-аналармен де түрлі сауалнама жүргізіледі. Осы орайда айта кетейін, балабақшаның ең басты қағидасы – баланы еркіндікке баулу. Оларға шектеу қоймаймыз. Еркін сөйлеп, еркін ойлаған бала ертең биікке жетеді. Қиялы мен есте сақтау қабілетін жетілдіруге мән береміз. Топтағы қарым-қатынасына көңіл аударамыз. Себебі, топпен жақсы қарым-қатынас жасайтын баланың ертеңі де жарқын болады, – дейді балабақша психологы Шамсия Уристембекова.

Халықта «Туған жерге – туыңды тік» деген қағида бар. Асима апай да өрісін кеңейтіп, бақыттың құшағында шаңырағын кеңейткен ақ босағасына деген алғысын, келіндік ілтипат-ізетін осылай білдіріп отыр. Бала білімінің іргетасы мектепке дейін қаланатынын ескерген ұстазға ауыл тұрғындарының да алғысы шексіз.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support