- Advertisement -

Әлеуметтік төлем туралы түсіндірілді

32

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өткен жылғы Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берген болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елімізде қауіпті және зиянды еңбек жағдайында 491 мыңдай азамат қызмет етеді екен.

Президент тапсырмасы аясында енді елімізде 1 қаңтардан бастап, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Оны тағайындаудың міндетті шарттары – азамат 55 жасқа толған және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдары болуы керек. Жұмыс беруші төлеуге міндетті табыстың 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары арқылы расталады. Бұл зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға қатысты. Атап айтқанда, металлургтер, кеншілер, энергетиктер және басқа да кәсіп иелері.

Осындай арнаулы әлеуметтік төлемнің шарттарын түсіндіру мақсатында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Марал Ділдабекова мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының заңгері Эльмира Пашанова Меркі ауданына келді. Аймақ тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған жиынға аудандық «жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» басшысының орынбасары Алмаз Омар да қатысып, аудандағы кәсіпорындардың жұмысшыларымен кездесті.

Жиын барысында Марал Аманжолқызы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер үшін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізудің әдістемелік ұсынымдары жайында айтты. Оның айтуынша, Үкімет зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірлеген. Соның негізінде биыл 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру бойынша бірқатар шаралар көзделген.

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлемдер мөлшері орта есеппен шамамен айына 208 мың теңгені құрайтын болады. Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлемдер тоқтатылады.

Арнаулы әлеуметтік төлемдер – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерді қорғау құралдарының бірі. Сондықтан, жұмысшы арнайы төлемді алған соң еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыса алмайды. Егер азамат төлем алу құқығын іске асыра отырып, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға орналастырылса, онда барлық көздерден төлемдер автоматты түрде тоқтатылады. Яғни, жұмысшы жұмыс берушімен келісе отырып, сол кәсіпорындағы зиянды емес басқа жұмысқа ауысса немесе одан басқа зиянды емес жұмысқа өз бетінше орналасса және еңбек қызметін жалғастырмаған жағдайда ғана арнаулы әлеуметтік төлем ала алады.

Мамандардың айтуынша, көптеген елдерде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарды қорғаудың осыған ұқсас жүйелері қолданылады және бұл өте кең таралған тәжірибе.

Осы орайда, «Жұмысын тоқтатып, аталған төлемді алатын 55 жастан асқан азаматтар не істейді?» деген сұрақ туатыны заңдылық. Мамандардың айтуынша, ондай азаматтар «ENBEK» электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарына өз бетінше жұмысқа орналасуына немесе «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа тұруына болады. «Күміс жас» жобасы дегеніміз – зейнеталды жастағы адамдарды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға арналған арнайы бағдарлама. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар қатыса алады. Алайда, қатысу мерзімі 36 айдан, яғни 3 жылдан аспайды.

 

Қазыбек КАМАЛ, журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support