- Advertisement -

Діни ахуал тұрақты

31

- Advertisement -

Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігі дін істері басқармасының 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы есепті жиыны өтіп, оған облыс әкімдігінің салалық басқармаларының басшылары, облыс әкімі аппаратының бөлім басшылары, облыстық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің өкілдері, діни бірлестіктердің өкілдері, Тараз қаласы мен облыс аудандары әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты. Жиында дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев есепті баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, бүгінде елімізде, оның ішінде облысымызда діни ахуал тұрақты. Барлық дәстүрлі діндердің өмір сүруі мен дамуына қолайлы жағдай жасалған. Өңірде көптеген ұлттар мен 10-нан астам конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың 70 пайыздан астамы дәстүрлі дін ұстанушылары.

Кең ауқымды ақпараттық науқандар мен түсіндіру шараларын жүргізу үшін облысымызда жалпы саны 125 адамнан тұратын 16 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істейді.

Ақпараттық технологиялардың дамуымен жылдан-жылға интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары артып келеді. «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сынды интернет кеңістігінде теріс діни контенттерді талдауға, анықтауға және оларға қарсы насихат жұмыстарын жүргізуге арналған ақпараттық жүйелермен жұмыс жасалуда.

Соның нәтижесінде, өткен жылы интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 7025 тұрғын аталған топтардан шығарылды. Интернет кеңістігінде еркін пайдалануға болатын 13860 күдікті парақша анықталып, дінтану сараптамасына жіберілген.

Тыйым салынған экстремистік материалдарды әлеуметтік желілерде таратқан 23 ресурс анықталып, сараптамаға жолданылды. Нәтижесінде, 6 ресурсқа теріс қорытынды беріліп, бүгінде иелерін тиісті жауапкершілікке тарту бойынша құзырлы органдармен жұмыстар жүргізілуде.

Аталған азаматтар арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы деструктивті діни бағыттағы 142 азамат қазақстандық қоғам құндылықтарына, 71 азамат дәстүрлі ислам құндылықтарына бейімделді.

Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде арнайы жоспарға сәйкес Дін проблемаларын зерттеу орталығының 10 қызметкері және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жергілікті өкілдігі тарапынан 10 мешіт имамы аптасына 2 рет кездесулер өткізді. Бұл жұмысқа республикалық «Ақниет» орталығының мамандары да тартылған.

Сондай-ақ, жиналғандар алдында облыстық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Тимур Абдуллаев, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілі Махмут Сегізбаев және облыстық «Һибаттула Тарази» мешітінің бас имамы міндетін атқарушы Ғалымбек Жапек діни қызмет саласында бірлескен жұмыстар туралы сөз сөйледі.

Кездесу соңында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев теріс діни идеологияларға қарсы одан әрі профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын жетілдіру және өңірдегі конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту туралы басқарма басшысына тиісті тапсырмалар берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support