- Advertisement -

Денсаулық сақтау саласының ардагері

32

- Advertisement -

Мемлекетіміздің дамуы жолында әйелдердің де көптеген салада ерлермен қатар еңбек етіп, жауапкершілік танытып келе жатқаны шын. Сондай маманның бірі – Тұрсынкүл Әшірбаева. Бүгінгі таңда 84 жасқа аяқ басқан ардагердің жүріп өткен жолы өзінен кейінгі жастарға үлгі. Сонау 1966 жылы Алматы медициналық институтын бітіріп, Жамбыл қаласына қайта оралды. Себебі, әкесі Ілиястың жалғыз қызы еді. Асқар тауының қасында болып, не көрсе де әкесімен бір қалада тұруды жөн санады. Ілияс Әшірбаев та тегін ақсақал емес. Ол кісіні кезінде Дінмұхамед Қонаев құрметтесе, 1998 жылы еліміздің тұңғыш Президентіне бата берген кісі.

Тұрсынкүл Ілиясқызы институтты бітіріп келгенде, облыс орталығында жоғары білімді дәрігерлер аз еді. Әуелі облыстық ауруханада терапевт-дәрігер болып жұмысын бастады. Жас маман бірден жауапкершілігі мен біліктігін көрсетті. Орыс тіліне де өте жетік болды. Көп ұзамай облыстық қан құю стансасында дәрігер болып ауысып, кейіннен 8 жыл аталған медициналық мекемеде бас дәрігер қызметін атқарды.

1981 жылы облыстық партия комитеті Тұрсынкүл Әшірбаеваға ерекше ұсыныс айтып, сол кездегі облыстық денсаулық бөлімін басқаруды ұсынды. Облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатырова айтқан ұсынысқа Тұрсынкүл көп ойланады. Себебі, облыстың денсаулық саласын басқару – оңай жауапкершілік емес. Кез келген уақытта аудандарға жұмсайды. Бұл ұсынысты жұбайы Тоқтарға айтып, ақылдасады. Жұбайы жағдайды дұрыс түсініп, келісіпті.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов жас маманға зор сенім артып, жауапты қызмет тізгінін сеніп тапсырып, Қазақстан Орталық партия комитетінен бекіп келуге жібереді. Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев та Тұрсынкүл Ілиясқызын қолдап, жұмысына табыс тілеген екен.

Содан табаны күректей төрт жыл облыстың денсаулық саласын басқарды. Ол кезде қазіргідей заманауи медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті кезі емес. Малшылар мен өзге де еңбеккерлерді емдеу, ауыл балаларының денсаулығын назарда ұстау аса өзекті болды. Бірде Жамбыл ауданынан шұғыл шақырту келеді. Оқиға орнына басшының өзі медициналық тікұшақпен барады. Әлгі кісі ісік ауруына ұшыраған, ісігі үлкейіп, асқынып, қауіптіліктің жоғары жағдайында тұр екен. Тұрсынкүл Ілиясқызы сол қиын сәт туралы: «Сол азаматты жайлы көлікпен Жамбыл қаласына алдырып, ұшақпен Мәскеуге бірден жібердік. Ол үшін алдын ала хабарласып, рұқсатын алдық. Әлгі кісі арада бірер ай өткенде жазылып қайтты. Бізге келіп рақметін айтқанда, арқамыздан жүк түскендей болды. Азаматтың сын сағатта өмірін сақтап қалғанымызға қуандық», – дейді.

Облыстық денсаулық саласын басқарып тұрған кезде бірнеше шәкірт дайындады. Атап айтқанда, шәкірті Еркін Дүрімбетов кейіннен еліміздің денсаулық сақтау министрінің орынбасары болса, тағы бір шәкірті Тілеухан Әбілдаев республикалық деңгейде еңбек етті. Тұрсынкүл Ілиясқызының тәрбиесін көрген Ораз Досқұлов та кейіннен облыстық деңгейде бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарды. Тұрсынкүл Әшірбаеваның денсаулық саласына ерен еңбек сіңіргені өз алдына, сенім артқан шәкірттері де үмітті ақтады. Өзі де денсаулық саласының білгірі, ұзақ жыл облыстың денсаулық саласын басқарған Жамал Апбасовадан жұмыстың қыр-сырларын көп үйренді. Кейіннен Тұрсынкүл Ілиясқызы өз өтінішімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылып, Тараз қаласындағы «Былғары аяқ-киім бірлестігі» медициналық санитарлық бөлімі емханасының бас дәрігері болып ауысты. Бұл қызметті 15 жыл бойы абыройлы атқарды. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды. Еңбегі ескеріліп, бірқатар медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Білікті басшыны әріптестері зейнетке қимай шығарып салды.

Бүгінде Тұрсынкүл Ілиясқызы облыстық ардагерлер кеңесінің денсаулық саласы бойынша тұрақты комиссия төрайымы, сонымен қатар облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының жанынан құрылған «Ақылмандар» алқасының мүшесі. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Бүгінде түрлі салада адал қызмет атқарып жүр. Арасында кәсіпкерлікке ден қойғаны да бар.

– Өмірлік жарым Тоқтар Үмбетқалиев білім саласында еңбек етті. Перзенттерімізге қай кезде де адалдықты үйреттік. Балаларым жақсы қызмет атқарса да, қарапайым үй, қарапайым тұрмыспен шектелді. Кезінде балаларымыздың бойына адалдықты сіңіре білгенімізге қуанамын. Осылайша, облыстың гендерлік саясатына өз үлесімді қостым, – дейді Тұрсынкүл Әшірбаева.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support