- Advertisement -

Жалған ақпарат жарға жығады

47

- Advertisement -

Қазіргі таңда кез келген ақпараттың бүкіл әлемге таралуына 10 секундтың өзі-ақ жеткілікті. Өйткені, техниканың жетістігінің арқасында «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар» алудамыз. Десе де, мұның зияны да жетерлік. Мұндай жалған ақпаратты қасақана тарату азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірері сөзсіз. Сонымен қатар, мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті.

ӘРБІР АДАМНЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Тараз қалалық сотының судьясы Елнұр Смайловтың айтуынша, соңғы кездері ақпарат пен әлеуметтік желі дамыған дәуірде заң мен құқықтық тұрғыда тілдік сараптама жасай алатын мамандардың маңыздылығы сезіліп отыр. Филологиялық сараптама негізінен қорлау, қоқан- лоққы көрсету, дөрекілік таныту, жазғыру, жала жабу, іскерлік бедел мен абыройға кір келтіру фактілерін анықтау, экстремистік, ұлтараздық ниеттегі мәтіндерді табу, мемлекеттік мекемелер мен биліктей тұлғаларға тіл тигізу фактілерін дәлелдеуді қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, тілдік сараптама сөйлеу мен сөз, жазылым кезінде орын алған заңға қайшы, қылмысқа итермелейтін, құқықбұзушылық деректер мен мәліметтерді анықтайды. Сол арқылы нақты азаматтың ар- намысына қаншалықты нұқсан келтірілгенін тексереді.

– Бүгінде әлеуметтік желінің рөлі жоғары. Бірақ әлеуметтік желіде кейде ел азаматтарының ойлары бір жерден шықпай сөзге келіп, бір- бірінің намысына тию жағдайлары да болмай тұрмайды. Жеке адамның ар-намысына тию дегеніміз – азаматқа оның моральдық, іскерлік, отбасылық және өзге де қасиеттерінің негізінде қоғам тарапынан біреулердің баға беруі.

Осы орайда, Азаматтық Кодекстің 143-бабында көрсетілгендей, егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратқан адам олардың шындыққа сәйкес келетіндігін дәлелдей алмаса, өзі жөнінде таратылған мағлұматтарды сот жүзінде шындыққа сай келмейді деп тануды талап етуге құқылы. Яғни, бұл тұрғыда елімізде арнайы заң қарастырылған. Мәліметтер жаман атқа қалдыратындай болса кез келген адамның өз құқығын қорғауына еліміздің заңдары мүмкіндік береді. Мысалы, азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысын, абыройын немесе іскерлік беделділігін заңдардың, қоғамның моральдық нормаларының сақталуы тұрғысынан қоғамдық немесе жекелеген азаматтардың пікірінде көрініс тапса, бұл құқықбұзушылық болып табылады, – дейді Ернұр Смайлов.

Оның айтуынша, талапкер тек өзін масқара лайтын мәліметтерді жауапкер таратқандығын ғана дәлелдеуі тиіс. Осындайда ол өзінің ар-намысын және абыройын түсіретін мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы дәлелдемелер келтіре алады. Егер де дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот тараптарға қосымша дәлелдемелерді ұсынуға немесе оларды өз бастамасы бойынша сұратуға құқылы.

Қорғаудың арнайы нысаны дегеніміз – мәліметтерді теріске шығару немесе жауап қайтару. Ол осындай мәліметтердің таратылуына жол берген тұлғалардың кінәсінің бар немесе жоқтығына байланыссыз колданылады. Ар- намысты, абыройды немесе іскерлік беделдікті қорғау үшін қорғаудың арнайы әдістермен қоса, жалпы әдістерін де пайдалану мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, олар залалдарды өтеу және моральды зиян үшін өтемақы төлеу. Ар-намысты, абыройды немесе іскерлік беделді бұзу нәтижесінде туындаған мүліктік және мүліктік емес зиян келтіруден туындайтын міндеттемелерді реттейтін нормаларға сай өтеледі.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары еліміздің соттарында ар- намысын, абыройын немесе іскерлік беделділігін қорғау туралы істердің көбейе түскені байқалады. Демек, халқымыздың құқықтық сауаты да артып келеді деп айтуға негіз бар. Мұндай істерде бітімгершілік келісім де жасалып жатады. Статистикалық мәліметтер азаматтар мен заңды тұлғалар өзінің қорғау құқығын белсенді түрде пайдаланатындығын көрсетуде. Тиісінше, ар- намысты, абыройды немесе іскерлік беделділікті сот жүзінде қорғау институты тиімді қызмет етуде.

Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырғандар ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін. Өйткені, көпшілік алдында біреудің тарапына айтылған бір ауыз сөзі үшін елімізде жазаланып жатқандар жетерлік. Тек 2021 жылы ғана әлеуметтік желіде 140 мыңға жуық заң бұзу деректері кездескен. Оның ішінде біреуге жала жауып, ар-намысына тиюден бөлек, жалған ақпарат тарату, кибербуллинг, экстремизм деректері де бар. Ар-намысқа және абыройға кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтыны анықталған жағдайда, мәліметтердің таратылуына кінәсі болмаса да, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.

«Сот барысында әрбір сөзге арнайы лингвистикалық сараптама тағайындалады. Ол заң және құқық саласында қолданылатын, қылмысты, құқықбұзушылықты тілдік жағынан болған не болмағанын растайтын, сотта үкім шығаруға пайдаланылатын құзыретті дәйектеме. Лингвистикалық сараптаманың нәтижесі – тергеу кезінде алынған қорытынды, ол фактімен тең тұрады, сот үкіміне әсер етеді. Азаматтың ар-намысына немесе қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімдеме кәмелетке толмаған немесе заң жүзінде қабілеті жоқ деп танылғандар жөнінде таратылған болса, олардың заңды өкілдері ар- намысты және абыройды қорғау жөнінде талап қоюға құқылы (Мысалы, патронат, қамқоршы, тәрбиеші немесе прокурор). Талапкер талап- арызында көрсеткен жауапкердің өзі жөнінде жалған мәліметті таратқанын ғана дәлелдеуге міндетті. Сонымен қатар, ол ар-намысына және абыройға кір келтіретін мәлімдеменің жалған екендігін анықтайтын дәлелдер келтіруге құқылы», – дейді өз сөзінде Ернұр Смайлов.

ДЕРЕККӨЗДЕРДІ ТЕКСЕРУ

Ішкі істер министрлігінің өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпаратт ар неме с е жарнама лар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату, яғни бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер, қоғамдық тәртіпті бұзу азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі», – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сонымен, жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін нені ескеру қажет? Оның қандай жолы бар? Ең алдымен, ақпаратты таратушы дереккөзге аса мән берген жөн. Айталық, жалған ақпарат веб-сайттарда кейде логикалық, орфографиялық немесе грамматикалық қателерге толып жүреді. Сол үшін ашылған беттің веб- мекенжайына назар аударып, тексеріп алған дұрыс. Егер ол сайтпен таныс болмасаңыз, «Біз туралы» бөліміне өтіп, жоба жөнінде ақпаратты қарап шығу қажет.

АВТОРДЫҢ ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУ

Ақпарат таратқан автор туралы да білу маңызды. Автордың сенімді тұлға екеніне көз жеткізу үшін ол туралы қосымша ақпарат қарастырған абзал. Оның басқа да материалдарын қарап шығу қажет. Жарық көрген мақалалары бар ма, соған назар аудару керек.

БАСҚА ДА АҚПАРАТ КӨЗІН ТЕКСЕРУ

Басқа беделді ақпарат көздері немесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл фактіні жарялаған ба? Мақалада сенімді дереккөздерге сілтеме жасалған ба? Егер мақала халық арасында сенімді саналатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, демек шындыққа жақын деуге болады.

СУРЕТ НЕ БЕЙНЕЖАЗБАНЫҢ ШЫНАЙЫЛЫҒЫН ТЕКСЕРУ

Фейк ақпараттарда кездесетін тағы бір күмәнді дүние – сурет немесе видеоның шынайылығы. Суреттері немесе видеосы өңделген болуы да ықтимал. Мәселен, сурет деформацияланып (фондағы түзу сызықтар қисық болып көрінеді), көлеңке, түстің қанық болуы секілді дүниелерден суреттен шынайы не фейк екенін анықтауға болады. Сонымен қатар, фото не видеоның қайда түсірілгенін, ондағы майда детальдарға да мән берген жөн. Сол арқылы фотоның қандай локацияда түсірілгенін тексеруге мүмкіндік бар.

СЫН КӨЗБЕН ҚАРАУ

Фейк ақпарат көбіне адамдардың бойында қорқыныш, ашу сынды эмоциялар тудыруға бағытталады. Осындай ақпаратты оқығанда бірден сын көзбен қараған дұрыс. Мақаланың немесе жаңалықтың түпкілікті мақсаты не? Белгілі бір көзқарасты немесе мәселені алға тартып тұр ма? Болмаса мақала оқырманды басқа веб-сайтқа өтуіне мәжбүрлейді ме? Осындай сауалдарды өзіңізге қойып, оған жауап іздеуге тырысыңыз.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСУДЕ?

Бұл күнде әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы, әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті, 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттер жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын қарастырып көрейік.

Швеция өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау.

Ал, Франция үкіметі 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді. Сондай-ақ, Франция 2018 жылы фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылдады. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі фейк ақпаратпен де күресу үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.

Көршілес өзбек елінде де Қылмыстық Кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Атап өтейік, президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.

Сингапурда қабылданған жаңа заңда ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді. Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жеккөрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Ал, Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарына не материалдарына жарияламас бұрын ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ

Үш жыл бұрын яғни, 2021 жылы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиасауаттылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Аталған ведомствоның мәліметінше, сайт Қазақстанның ақпараттық алаңында таралған 900-ге жуық фейк ақпаратты жоққа шығарған. Жалпы, бұл сайт 2020 жылдың шілдесінен бері қазақ және орыс тілдерінде 2000-ға жуық фейк ақпаратты анықтаған. Атап айтсақ, StopFake жұмысының нәтиже сінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақтылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторингі жүргізілуде. Бұдан бөлек, аталған порталда сараптамалық сұхбаттар да жарияланып, онда белгілі бір хабарламалар ғылыми тұрғыдан түсіндірілуде.

Жалпы, Stopfake.kz жобасы «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады. Бұдан басқа, елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck. kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статистика тексеріледі. Сонымен қатар, елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.

 

Интернет материалдары негізінде дайындаған

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support