- Advertisement -

Ай мен күннің сәулесі

42

- Advertisement -

Қайырбек Асанов 1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ», қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. 1953-64 жылдары орта мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Әскерден оралған соң Тереңөзек ауданындағы мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, «Қараөзек» совхозы комсомол комитетінің хатшысы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі инспекторы болып қызметтер атқарды.

Бала кезінен әдебиетке құштар жас ақын 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасады. Осы газетте бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек етті.

Бұдан кейін Қайырбек Зәйтенұлы «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып он төрт жылдай қызмет атқарды. Осы жылдарда ол әдеби өмірге белсене араласып, мерзімді басылымдарда оның өлеңдері мен проблемалық мақалалары жарық көріп жатты. Газеттің 50 жылдығына орай 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады.

1991 жылы Тәуелсіздігімізді ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия мемлекеті еді. 1994 жылы Қ.Асанов түрік бауырларымыз Қазақстанда ашқан «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Газет беделін көтеруге, екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосты.

Бұдан кейін ол Қазақстан Жазушылар одағындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің салалық «Отан» атты саяси-қоғамдық журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ, Алматы технологиялық университетінде «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары және «Престиж», «Талапкер» атты көп тиражды газеттердің редакторы болып та қызмет істеді.

1987-88 жылдары Алматы облыстық партия комитеті жанындағы марксизм- ленинизм жоғарғы мектебін бітірген.

Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда 1960 жылдан бері жарық көре бастаған.

Қазір ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым», «Бақытты болыңдар!», «Күзгі шуақ», «Нұрлы дүние», «Ай мен Күннің сәулесі» (2023 ж.) атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, ақындар Аян Нысаналин, Хамит Есаман, Құрал Тоқмырзин, Шәкизада Құттыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Көпен Әмірбеков, Жұмабай Құлиев өз пікірлерін білдірген.

Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлделі орындардың бірін иемденсе, жыл сайын өткізілетін Абай оқуларының 2003 жылғы бас жүлдегері атанып, Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Қайырбек Асановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

Ол Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты мен облыстық мәслихат төрағасының Құрмет грамотасымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталған.

Сондай-ақ, 2019 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы төсбелгімен, халықаралық Д.Қонаев қорының «Дара тұлға» медалімен және Президент Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған.

2022 жылы Қайырбек Асанов облыс көлемінде белсенді жұмыстар жүргізгені үшін Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды.

2023 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Қ.Асанов – жақсы жар. Тәрбиелі ұл- қыз өсірген ардақты әке. Жұбайы – Күләш Ахметова белгілі ақын, Қазақстан Жастар одағының және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. Қызы – Жазира Асанова 1990 жылы өткізілген республикалық «Қыз сыны» байқауының бас жүлдегері.

2012 жылы Тараз қаласына отбасылық жағдайымен қоныс аударған ол жасампаз Жамбыл облысының тыныс-тіршілігіне белсене араласып, кездесу мен шығармашылық кештер ұйымдастырып, Әулиеата жеріне танымал болды. Жаңа тақырыптарға қалам тербеді.

АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Алғысым шексіз – Жаратушы ұлы Аллаға,
Алғысым шексіз – өзімнің ата-анама.
Алғысым шексіз – осынау байтақ далама
Алғысым шексіз – батыр да, дана бабама!

Алғысым шексіз – жайдары жүзді жандарға,
Алғысым шексіз – ататын әрбір таңдарға.
Алғысым шексіз – жарыма және балдарға
Алғысым шексіз – қайыспас қара нарларға!

Алғысым шексіз – өмірдің сұлу әніне,
Алғысым шексіз – тірліктің ғажап мәніне.
Алғысым шексіз – табиғат берген нәріне
Алғысым шексіз – Адамзаттың бәріне!

АТА-БАБА ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАУ ҮШІН

Тағдырын туған жердің ойға аламын,
Ұлымын, жомарт, дархан бай даланың.
Күн сайын жапырақтай жайқаламын,
Аруын құшып-сүйіп, аймаладым!

О бастан сұлу Сырдың түлегімін,
Кеудемнен құстай ұшқан тілегі мың.
Туған жерім – мәңгілік ыстық ұям,
Лүпілімен бір соққан жүрегімнің!

Ана тілім – ол менің асыл мұрам,
Өзге тілді қалайша басындырам?!
Өнерім өз басыма жетіп жатыр,
Өн-бойымды толқытып, тасындырған!

Тыңдап өскем халқымның өсиетін,
Салтым бар сәлемдесіп бас иетін.
Ата-баба дәстүрін жалғау үшін,
Күресемін, қастерлеп қасиетін.

БІЗДІҢ БАЛАЛЫҚ

Елде өстік, елде ойнадық еркелеп,
Тұратынбыз тәтті ұйқыдан ертерек.
Ата-ананың тыңдаушы едік айтқанын,
Жұмсап, ұрсып жатпаса да желкелеп.

Сабақтан да қалмаушы едік ешқашан,
Қуаттанып кетуші едік жасқаса.
Ойынды да ұмытпаушы ек күн сайын
Көңілімде болмаушы еді басқаша ән.

Достығымыз ғажап еді бәрімен,
Ертекті де айтушы едік әріден.
Жаз-жайлауға шығушы едік қуанып,
Саф ауасын артық көріп дәріден.

Тату-тәтті болатын-ды бар адам,
Ризығын жинаушы еді даладан.
Ата-әжеміз намаз оқып, бес уақыт
Бізге бақыт сұраушы еді Алладан.

Таза ұстап, ауланы да, үйді де,
Тыңдаушы едік күмбірлеген күйді де.
Жамап-жасқап, жұпынылау киімді
Ұмытпаушы ек кешке жақын биді де.

Біз осылай болашаққа бекіндік,
Ел ішінде еңсе тіктеп жетілдік.
Жұрт қатарлы адам болсақ екен деп
Бір Алладан тіледік те, өтіндік.

Бастан өтті жоқшылық та, тақ-тұқ та,
Басылғандай көңілдегі аптық та.
Шүкір дейміз мынау жақсы өмірге.
Шүкір дейміз келіп қалған қарттыққа.

ТІЛЕК

Түтінін түзу шығарсын жерде әр үйлер,
Жердегі барлық жақсылықтарым дами бер.
Қуанып қалам ойнап жүргенде сәбилер,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер – Ана!

Табиғаттың мен де кішкентай ғана бөлшегі,
Көтеріп жүргім келеді ылғи еңсені.
Ерлікпен ғана қорғасам деймін ел сені,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер – Ана!

Жүрегім сыздар естісем суық сөзді мен,
Бар әлі елдер құтылмай жүрген езгіден.
Жанымды қалай жаһанға түгел сездірем,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер – Ана!

Қалалар тұрсын аман-сау осы қалпында,
Өмір ғой мынау айырбастамайтын алтынға.
Қажетсіз маған қошаметің де, даңқың да.
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер –Ана!

Таңырқап бір сәт үңілші сонау тарихқа,
Тарихтың көзі қашанда қалқам, халықта.
Тіршілік мына адаммен ғана жарықта,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер – Ана!

Ойымды құптап тұрғандай заңғар тау менің,
Бағасы қымбат Күннен құйылған сәуленің.
Кешіп тұр дүние керемет ғажап дәуренін.
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер – Ана!

ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ

Кеше ғана жап-жас едім от кешкен,
Тағдырыммен қайсарлықпен беттескен.
Алла берген ғұмырымда тазамын
Адамдармен кездерім жоқ кектескен!

Жалтақтаймын кейде бірақ алаңдап,
Меккеге де бара алмадым Анамды ап.
Бір жақсысы өкінбеймін өткенге
Жамандықты іздегем жоқ далаңдап!

Ой-санамды қойғандай ма, тұзақтап,
Сәл нәрседен көңілімде сызат қап…
Үмітпенен қараймын әр күндерге
Келін келіп қалар ма деп жүзі әппақ!

Көңілім мен көзім менің қиырда,
Бұрынғыдай көп бармаймын жиынға.
Ұйықтамаймын уайымдап кей күні
Күткендерім келмей ме деп биыл да!

Ар-намысын туған елдің көтердім,
Әлі талай парызымды өтермін.
Алла қолдап, аман болсам фәниде
Армандаған мұраттарға жетермін.

Бұл өмірдің көп болса да аңызы,
Ата-ананың қалды ма әлде қарызы.
Жүрегінде иман нұры тұрғанда,
Өтелер-ау перзенттердің парызы?

АРУЛАР-АЙ

Жыр құмар сұлу Сырдың бозбаласы ем,
Жайнаған Жамбылдың да өз баласы ем.
Дүние қандай ғажап баяғыдай,
Тараздың таңдары әппақ, қыздары әсем!

Жаныңа шаттық болып толатын да,
Басыңа бақыт болып қонатын да.
Шығыстың шайырлары жырлап кеткен
Сұлулар сақталғандай со қалпында!

Сырларын дүниенің ұғып бәрін,
Не деген ерекше еді қылықтарың.
Гүлдей жайнап, қаланың көркі болып,
Аман-есен жүріңдер, тұнықтарым!

Бір сәтке ақын жүрек қиналғандай,
Тағдырдан бір тамаша сый да алғандай.
О, Тараз, күндей нұрлы құшағыңа
Әлемнің бар сұлуы жиналғандай!

Астасып табиғатпен көркем көлі,
Көңілдің желбірейді желкендері.
Арулар өздеріңе байланысты
Тараздың бүгіні мен ертеңдері!

Төгіліп, аш беліне бұрымдары,
Құлпырып кеткендей-ау бүгін бәрі.
Қазақтың қасиетін болашаққа
Жеткізіңдер, Тараздың сұлулары.

АНА ТIЛIМ – АРДАҒЫМ

Сөзiм барда қорғасындай құйылған,
Жол табамын жалтақтамай қиыннан.
Ана тiлiм – арым әрi мәртебем,
Сол арқылы күн кешемiн бұйырған.

Асқақтасам – абыройым ол менiң,
Даналығым, дархандығым сол дедiм.
Сапар шегiп кетсем егер алысқа,
Өз тiлiме өзiм сусап, шөлдедiм.

Ана тiлiм, ана сүтiм – әз маған,
Сол арқылы жүрек оты маздаған.
Арман болмас, еншiсiне елiмнiң
Тiл арқылы үлес қоссам аздаған.

Өз тiлiмдi «қаным, жаным» деп ұғам,
Керек кезде өзге тілмен толығам.
Сырларына небiр ғажап өмiрдiң
Емiн-еркiн өз тiлiмде жолығам.

Өз тілімде талпынамын бiлiмге,
Өз тілімде өркендеймін түбінде!
Тiл арқылы табысады бар адам,
Халықтың да халықтығы – тiлiнде.

ТУҒАН ЖЕРІМ –ТАҒДЫРЫМ!

Кіндігім кесілген жер – ардағымсың,
Тереңөзегім – сен менің ар намысым.
Мақтанам сенде туып-өскеніме
Сен барда жаман болмас алдағы ісім.

Сен менің бақытымсың басымдағы,
Жанымның жайқалатын жасыл бағы.
Әлемнің қай жерінде жүрсемдағы
Қалмайтын Күнімсің сен қасымдағы.

О,менің,ыстық мекен,кең тұрағым,
Жанымды тербеткендей көк құрағың.
Өзіңдік тартылысқа бағынам да
Жылына екі – үш рет кеп тұрамын.

Сен менің дем алатын тынысымсың,
Байлыққа бастау болар ырысымсың.
Жол ашқан жақсылық пен ізгілікке
Перзентің саған арнап жыр ұшырсын!

Тағдырмен тайталаста сан құладым,
Кей сәтте жұлдызың боп жарқырадым
Киелі туған жерім жете берсін
Ғасырдан ғасырларға шалқып әнің!

ТАРАЗ ТҮНІ

Серуендеген қыз-жігіті оңаша,
Тараз түні таңғажайып тамаша.
Салқын кештің самалымен тыныстап,
Қуаттанып, қуанасың балаша!

Жүрегіңде махаббатты жырлатып,
Қасыңдағы сүйіктіңнен сыр тартып.
Таңның қалай атқанын да сезбейсің
Ұлы сезім үнсіз ғана тіл қатып.

Әттең,әттең аялдамас уақытты-ай,
Таң атпай-ақ қоя тұрса сәл құйттай.
Мына түнді қиып кету қиын ғой,
Жұлдыздары жарқыраған жақұттай!

Сол бір түнді-ай самал желі есілген,
Ләззат алған Айсыз сұлу кешіңнен.
Сүйіктіңмен үнсіз ғана ұғысқан,
Тараз түні кетпес мәңгі есімнен!

РУХЫ БИІК ҚАЛА

Сұлу Тараз, қызығам келбетіңе,
Жайқалады гүлдерің тербетіле.
Мені сендей құрметтеп, еркелетіп,
Қарсы алатын қала жоқ жер бетінде!

Жарасады «өзімнің өлкем» десем,
Ағып жатыр Таласың көркем де әсем.
Күнге ұмтылған гүлдей боп қол созасың
Болашағы бақытты ертеңге сен!

Көшелерің тап-таза жарық екен,
Балдыздарды әзілмен қағып өтем.
Адамдары мейірбан, жандары ізгі,
Бір мақсатқа жұмылған халық екен!

Жасыл баққа бөленген қала қандай?!
Болашақтың кірпішін қалағандай.
Айша бибі рухы аласармай,
Пәк махаббат Таразға тарағандай!

«Аялайтын сен – менің бағым» деп ем,
Ғашықтықпен тербетіп жанымды өлең.
Қырық жыл бұрын келгенде осы жерге
Тараз қызын мәңгіге «жарым» дегем!

Сұлу Тараз, қызығам келбетіңе,
Жайқалады гүлдерің тербетіле.
Мені сендей құрметтеп, еркелетіп,
Қарсы алатын қала жоқ жер бетінде!

ҚОЛДАЙ ГӨР!

Ел емес ек еңсе түсіп мұңайған,
Жасымауды үйренеміз күн, айдан
Қазақ елі Мәңгілікке бет алды
Жолын оңғар, – деп сұранам Құдайдан!

Халық едік жүргізбеген өктемдік,
Бар мезгілін өткізетін көктем ғып,
Өз байлығы жетіп жатыр өзіне
Тасымалдап әуреленбес шеттен түк.

Киіз үйi – қандай ғажап даналық,
Күннің нұры шаңырақтан таралып.
Тор көзденген терезесі керемет
Кең даланың көрінетін бәрі анық.

Пейілі кең, асыл еді мұраты
Қайнап-тасып, бойындағы қуаты.
Жесірлер мен жетімдерге мейірімді,
Өмір деген – ізгілік деп ұғатын!

Бабаларым батыр еді шетінен,
Бақ іздеген мынау жердің бетінен.
Қазағымды Мәңгілік ел ете гөр
Жаратушым! Жалбарынып өтінем!

ТАҢМЕН БІРГЕ ТАЛАСЫП ОЯНАМЫН

Келмейді ешбіріңе өкпелегім,
Кеудемді мазалайды отты өлеңім.
Кінәм да жоқ ешкімге артатұғын,
Кей жылдарым өтті деп текке менің.

Есейдім, енді білдім барлығын да,
Санамды жақын етіп нәрлі ұғымға.
Ертемен тұрып алып өлең жаздым,
Жанарымды толтырып таңғы нұрға.

Алар бір күн өлеңім өз бағасын,
Өлең жазып не керек озбағасын?
Сұлулыққа оранған мына әлемнің
Мүмкін емес шабытты қозғамасы.

Ей, өмір, ұқтым сенің күйіңді әсем,
Сыңғырла, көкірегіме құйыл да сен.
Бір жақсылық көрмесем адамдардан,
Мен ешқашан өзіңе сыйынбас ем.

Болашаққа өлеңім сәлем берер,
Арман бар ма таңдантсам әлемді егер?!
Тарих бетін ақтарып қараса ұрпақ
Жыр жазғаным менің де дәлелденер.

Еш нәрсем жоқ халқымнан аянатын,
Қазынасын түгелдей жаяр ақын.
Жүрегім бар өмірге сергек қарап,
Таңмен бірге таласып оянатын.

Қиянаттан қалады жанымда түн,
Сәл нәрседен, замандас, тарылма тым.
Аямашы жылы сөз, мейіріміңді,
Егер де жүрсін десең бабында ақын.

Шуақ толы жанымнан күн өремін,
Ренжісем, бір сәтте түнеремін.
Бақытты боп өтер ем бұл өмірде,
Мәңгілік боп қалса егер бір өлеңім.

ҰҒЫСЫҢДАР, АДАМДАР!

Мәңгі тұрар аспанда ай, күн әлі,
Тек адамдар қамығып қайғырады.
Бір орнында тұрмайтын сынаптайын,
Болмаса екен көңілдер айнымалы.

Кетпесе екен кейбіреу тым аптығып,
Мен осыны тіледім жылап тұрып.
Жақсылықты аңғара бермейтіндер,
Жамандыққа қалады құлақ түріп.

Қайшы келіп өмірдің заңына біз,
Табынбайтын нәрсеге табынамыз.
Кейде түкке тұрмайтын бір зат үшін
Жүректерді жаралап неғыламыз?

Жүріңдерші, адамдар, тасып, күліп,
Алғы күнге арманды асықтырып.
Күншілдікпен күн кешкен ұят болар,
Ортақ жерді уақытша басып тұрып…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support