- Advertisement -

Қазақ антропологы Ноэль Шаяхметов туралы не білеміз?

66

- Advertisement -

Біраз жылдардан бері «Қазақтың тұңғыш дәрігерлері және қазіргі танымал ғалым, дәрігерлер» атты көлемді еңбек жазу барысында архивтерден, кітаптар мен журналдардан, көпшілік баспасөздерден өзіме керекті мәліметтерді тірнектеп жинап жүрген кезімде интернеттен дәрігер, антрополог Ноэль Шаяхметов туралы ақпарат кезікті. Өкініштісі, олардың басым көпшілігі шағын әрі орыс тілінде және бірін-бірі қайталауы көп екен. Бұрындары да Н.Шаяхметов туралы есімізде сақталып қалған бірен-саран мәліметтер бар болатын. Бірақ, көпшілік ол азамат жайлы тым көп біле бермейді. Сонымен, Ноэль Шаяхметов кім? Ол қандай ісімен белгілі?

Біріншіден, ол Қазақстан компартиясын, яғни республикамызды 1946-1954 жылдары басқарған Жұмабай Шаяхметовтың кенже ұлы. Екіншіден, медицина институтын тәмамдағаннан кейін судмедэксперт бола жүріп, ұлтымызға тән емес антропологиямен (бас сүйекке қарап, оның тірі кездегі бет-бейнесін жасайтын ғылым саласы) айналысқан қазақтың алғашқы мамандарының бірі. Сонымен, бәрін басынан бастайық.

Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов 1931 жылы Алматыда дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен соң, жүрек қалауымен дәрігер болуды мақсат етіп, Алматыдағы мемлекеттік В.Молотов атындағы медициналық институтқа (қазіргі Қазақ Ұлттық С.Асфендияров атындағы медицина университеті) 1949 жылы түсіп, оның емдеу факультетін 1955 жылы бітірген. «Барлық балалық шағымды мен ауруханалар мен санаторияларда өткізуге мәжбүр болдым. 1936-1940 жылдары Евпаториядағы Н.Крупская атындағы санаторияда, одан кейін Алматы ауруханаларында ұзақ мезгіл ем қабылдадым. Соғыстың соңғы жылында ғана қолымыз әрең жеткен пенициллин антибиотигі болмаса, мен әлі де қиналып жүруім мүмкін еді. Сондықтан мен дәрігерлік мамандықты таңдадым», дейтін бала кезінде сүйек туберкулезімен ауырғанын еске алып Ноэль.

Еңбек жолын Алматыда дәрігер-судмедэксперт, криминалист болып бастайды (кейінірек Ақтөбе облыстық судмедэкспертиза бюросын басқарады). 1950 жылы пойызбен Мәскеуден Алматыға келе жатып, жолай бір шағын станциядан сыртында адамның бас сүйегі бейнеленген, көнетоз, жұқалтаң сары кітап сатып алады. «Основы восстановления лица по черепу» (1949) атты бұл кітаптың авторы белгілі скульптор-антрополог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Герасимов болатын. Кітапты қызыға оқып шыққан Ноэль антрополог болып, фотосуреттері сақталмаған қазақтың белгілі тұлғаларының келбетін, бет-бейнесін қалпына келтіру ісімен айналысуға бет бұрады да ынталылықпен ізденіс жұмыстарын бастап кетеді. Ноэльдің айтуынша, антропология ғылымының негізі XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқанымен, оның Ресейде таралуы Қазан төңкерісінен кейінгі кезең болып есептеледі. Бұл саланың КСРО-дағы алғашқы қадамы көрнекті ғалым Д.Анучиннің есімімен тығыз байланысты болған. Өйткені, ол сонау 1919 жылдың өзінде-ақ Мəскеу университетінің жанынан антропология ғылыми-зерттеу институтын құрып, 1925 жылы В.Бунактың басқаруындағы Кавказ, Еділ бойы, ал 1927 жылы С.Руденконың жетекшілік етуіндегі Қазақстан антропологиялық экспедицияларын ұйымдастыруға себепкер болған жандардың бірі. Біздің республикамызға С.Руденкодан кейін келген антрополог А.Ярхо болды. Бұл ғылым өкілі 1932–1935 жылдар аралығында жүргізген өзінің зерттеу жұмыстарында қазақ халқының антропологиялық құрамында ерте заман тайпаларының элементтері қалғанын атап көрсетті. Кейін бұл істі қандасымыз тарихшы-ғалым Оразақ Смағұлов жалғастырып, еліміздің әр өңірінен қазылып алған адам сүйектерін Мәскеу, Санкт-Петербург антропологиялық зертханаларында түбегейлі зерттеп, қазақтың ең кем дегенде 40 ғасырдан аса тарихы барын әлемге дәлелдеп шықты.

Ішкі рухани дүмпу сезімі мазасын кетіріп, көптен қызықтырып, қиялдап жүрген ойын іске асыру үшін Н.Шаяхметов 1957 жылы Мəскеуге тəжірибе жинақтауға барған сапарында атақты ғалым-антрополог Михаил Герасимов басқаратын КСРО Ғылым академиясының Этнография институтының Пятницкий, 12 мекенжайы бойынша антропологиялық зертханасын тауып, оның басшысымен және қызметкерлерімен жақын танысады. М.Герасимов қазақ жігітін жылы қабылдап, батасын беріп, профессор Галина Вячеславовна Лебединскаяны оған жетекші етіп тағайындайды. «Кезінде өзімізге тарихи оқулықтардан мəлім Иван Грозный, Əмір Темір сияқты тұлғалардың бейнесін ғасырлар тереңінен тірілткен талантты ғалым-антрополог Михаил Герасимовпен кездесуді мен ешуақытта да ұмытпаймын. Өйткені, бас сүйектің құрылысына қарап, адамның бет-пішінін жасаудың жолдарын кеңестік ғылымда алғашқылардың бірі болып меңгерген білікті ұстаз өзінің жасы ұлғайғанына қарамастан, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жансебіл еңбегімен, жоғары адамгершілік қасиетімен кім-кімді де болмасын өзіне бірден баурап алар еді. Ал, оның шəкірттеріне айтқан ақыл-кеңестері ше? Сөйтіп мен қысқасы бұл сапарда өзімнің сол уақытқа дейінгі игерген дəрігерлік мамандығыммен қоса, қиын да қызықты тағы бір іс – антропологиямен шұғылдануға бекем бел байлап қайттым. Мәскеудегі ұстазым профессор Герасимовқа жылына бірнеше рет барып, кеңес алып, ой-пікір бөлісу 14 жылға жалғасты. Ол өте ақкөңіл, кең пейілді, сабырлы, шыдамды, нағыз интеллигент кісі еді. Мені әркез қолдап, ұстазым бола білген Михаил Герасимовпен сыйластық-достығым 1970 жылға дейін, яғни ол өмірден озғанға дейін жалғасты, оның қолдауымен мен көп істі игердім. Тек антропология емес, соттық-медициналық сараптауда сүйектерге қарап криминалдық істерді анықтауды жақсы меңгердім. Қызығы, антрополог бас сүйекке қарап отырып, сан түрлі қиялдарға беріліп жоқты бар етіп, əртүрлі материалды пайдалана отырып адам мүсінін жасайды. Мұнда қиялдаумен қатар, алдындағы бірден-бір ой ұштығы – бас сүйек қаңқасының математикалық өлшемінен еш қателеспеуі қажет. Антропология дегеніміздің өзі міне, осы…», – деп жазады Н.Шаяхметов өз естелігінде.

Ноэль үшін 1957–1965 жылдар аралығындағы қолға алған алғашқы жұмыстары оңай болған жоқ. Əйтсе де оның көп еңбектеніп, көп тер төккен тырнақалды туындысы – үйсін, одан кейінгі «Сақ жауынгерінің» бейнелері сəтті шығып, сарапшылардан, тіпті М.Герасимовтың өзінен жоғары баға алды.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Алматыдағы Көктөбеде қазақтың белгілі тұлғаларына Грузиядағыдай скульпторлық галерея, пантеон жасау жөнінде әр деңгейде сөз қозғала бастайды. Сол кездегі Мәдениет министрі, озық ойлы Ильяс Омаров ол ұсынысты барынша қолдап, ол мәселені сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевқа жеткізеді. Ноэль Дінмұхамет Ахметұлының қабылдауында болып, бұл іске қызыға кірісті. Бірақ, 1970 жылы Ильяс Омаров қайтыс болып, ол игілікті іс-шара әрі қарай қолдаушыларын таппай, өкінішке қарай, орындалмай қалды.

1966 жылы Алматыдағы онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директорының орынбасары, академик Саиым Балмуханов жігерлі, ізденпаз Н.Шаяхметовты қызметке шақырып, дәрігер-рентгенолог етіп тағайындап, оның отандық антропология ғылымымен тереңірек айналысуына барынша мүмкіншілік туғызды. 50-жылдары академик Қажым Жұмағалиев пен ақын Таир Жароков XІX ғасырдың алғашқы жартысындағы Батыс Қазақстандағы шаруалар көтерілісі көсемдерінің бірі, халық батыры әрі дауылпаз ақын Махамбет Өтемісовтың (биыл оның туғанына 220 жылдығы аталуда) жерленген жерін анықтадық дегенінен кейін арнайы антропологиялық қазба-зерттеу экспедициясы жасақталды. Оның құрамына Ноэль де кірді.

966 жылы рұқсат қағаздарын реттеп Ноэль Шаяхметов Махамбеттің бет-бейнесін жасаймын деп, қабірін қазуға Атырауға барады. Бұл туралы жанында бірге болған дәрігер-онколог, профессор Қабижан Әбисатов «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында былай әңгімелейді: «1966 жылы 9 шілдеде Махамбет бейітінің басына келдік. Ноэль Шаяхметовтің басшылығымен қазу жұмыстары басталып кетті. 20-30 см тереңдегенде лақаттың орта шенінде күрек бір қатты нәрсеге тиді. Ноэль қолындағы құралымен күрек тиген нәрсені топырақтан босата бастады, ол адамның бассүйегі болып шықты. Қарақұс сүйегінің үстінде бір мойын омыртқа мен екінші мойын омыртқаның жартысы жатты. Бассүйектен төрт терең жарақат көрдік. Ноэльдің қатыңқы қабағы ашыла бастады: «Денеден бөлек жатқан бассүйектегі жарақаттарға және тістерінің санына қарағанда бұл, біріншіден, айуандықпен мерт болған адамның басы, екіншіден бұл бас денесінен шабылып алып, кейін жерленген, үшіншіден, жасы шамамен 40 пен 50 арасындағы адамның басы. Осыған қарап бұл Махамбеттің бассүйегі деп айтуымызға болады», – деді. Тағы да екі күрек биіктігіндей топырақ алғаннан кейін киіз үй сықырлауығының жарықшақтарына тап болдық. Сықырлауық астындағы лақаттың орта шенінен адамның қол сүйектерін, сәл төменірек жамбас, ұршық, бел омыртқаларын таптық». Сонымен не керек, Ноэль Шаяхметов Махамбет сүйегін Алматыға алып келіп, 1967 жылы оның скульптуралық мүсінін жасайды (жерлестері он жеті жылдан кейін, яғни 1983 жылы Атырау жұртшылығы Махамбеттің сүйегін кері алдырып, Индер ауданындағы бұрынғы орнына арулап қайта жерледі, сәл кейін көрнекті мавзолей тұрғызды).

Н.Шаяхметовтың Батыс Қазақстандағы шаруалар көтерілісі мен халқымыздың сол кездегі əлеуметтік жағдайы, тұрмысы, этнографиясы жайында Хиуа, Ташкент, Омбы архивтерінен тапқан тың документтерді жинақтап, көп жылғы ізденісін қорытындылай келе 1969 жылы «Қазақстан» баспасынан «Из тьмы веков» («Ғасырлар тұңғиығынан») атты кітабын баспадан шығарды.

Сол жылдары Құрманғазы Сағырбаевтың (1967), Қозы Көрпеш- Баян сұлу (1968), Қобыланды батыр (1969), Тәттімбеттің және де басқа белгілі тұлғалардың жерленген жерлері анықтала бастады. Мысалы, КСРО батыры, ғалым-филолог Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан соғысынан кейін «Қобыланды батыр» эпосы жайлы кандидаттық диссертация қорғау барысында қара қыпшақ Қобыландының Кобда ауданының Жиренкопа ауылының шетіндегі бейітте жерленгені 1969 жылы анықталды. Қазба жұмыстарын Ноэль Жұмабайұлы бастаған топ жүргізіп, аңызға айналған батырдың сүйегі Алматыға, одан бас сүйегі Мәскеудегі антропологиялық лабораторияға жеткізілді.

Антрополог Ноэль Шаяхметов 1970 жылы Алматы Еңбекші қазақ ауданындағы Есік көлі маңайынан табылған үйсін жауынгерінің «Алтын адамның») бас сүйегін қалпына келтіру ісіне де өз үлесін қосты. Бұл халқымыздың ежелгі тарихын зерттеу ісінде елеулі орын алды.

Дауылпаз ақын Махамбет… дəулескер күйші Құрманғазы… Бұл энтузиаст Ноэльдің 1967–1978 жылдар аралығындағы өмірге келтірген дүниелері. Одан соң…, иəодан соң көпшілік Ноэльді біраз уақытқа жоғалтып алғандай болды. Оған себеп – оның отбасы жағдайымен 1971 жылы Мәскеуге қоныс аударып, медициналық институтта бірге оқыған достарының арқасында академик Н.Блохин атындағы Онкология орталығына ғылыми қызметкер болып орналасуы болса, екінші – Исатай мен Қобыланды батыр бейітін зерттеу экспедициясындағы сәтсіздіктер болды. Оның адресіне Құрманғазының, Қобыландының және Махамбет Өтемісовтің сүйектерін ұзақ уақыт өзінде себепсіз сақтауда деген қауесек кінәлар тағылды, баспасөздерде бірнеше сын мақалалар жарияланды. Бірақ, оның 1968 жылы Махамбеттің сүйегін кері Гурьевке (Атырауға) алып келмекші болғаны жайлы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Бисеновке жазған мына төмендегі хаты (ол сол музей архивінде сақталған) дәлел бола алады:

Міне, осы хаттан-ақ Н.Шаяхметовтың ұлт тарихына, өз ісіне өте адал болғанын, шынайылық пен дәлділікті сүйетіні, бастаған ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Тіпті Мәскеуге қызметін ауыстырар алдында 1970 жылы профессор Қабижан Әбисатовқа телефон шалып, өз үйінде 3-4 жылдан бері арнайы корапта сақтаулы жатқан Махамбеттің сүйегін алып кетуін, оны Атырауға жеткізіп беруін өтінеді. Бірақ Қ.Әбисатов базбір себептермен (сүйектерді сақтай алмаймын ба деген ой, аруақ алдында жауапкершілік және т.б.) ол өтінішті орындай алмайды.

Ноэль Жұмабайұлы 70-80-жылдары Мəскеудегі онкологиялық орталықтағы еңбек демалысын алысымен жыл сайын өзінің туған өлкесіне келіп көптеген күндерін республика ғылым академиясының тарих, археология жəне этнография институтының бөлімдерінде, зертханалары мен кітапханаларында ізденіспен өткізуді əдетке айналдырды. Ізденіс, ізденіс… тағы да ізденіс. Дəуір көшінің шаң басқан сілемдерінде ізі өшуге айналған оқиғалар сұлбасы оны Алматыдан Ташкентке…, Хиуаға, одан Қазан мен Омбыға əлденеше апарып қайтқызды. Осындай мазасыз зерттеу жұмыстары – объектіні игеру алдындағы барлау барысында жинақталған деректер алдына қойған мақсаттарының орындалуына (кейіпкерлерінің бейнесін айна-қатесіз жасауға) көп мүмкіндік берді.

«Кейде ойлаған, қолға алған ісіңнің орындала бермейтіні де бар. Бұл жайтты мен соңғы кездері анық байқап жүрмін. Оған Исатай бейнесін тірілту жолында тер төккен үш жылымның нəтижесіз аяқталғанын айтуға болады. Нарын құмында қаза тапқан халық қаһарманының мүрдесін іздеп, шайқас болған жерді қаншама шарладым десеңізші. Бұл арада Омбы архивінен табылған нақты деректердің өзі де көмектесе алмады. Өкінетіні – сол жазда батыр денесінің қай жерге жерленгенін таба алмай қайтқаным. Біздің қызметіміз керісінше, өзің қолға алған нəрсеге тынымсыз тер төгетін еңбектен, ойға ой қосатын ізденістен, өмірге тарихшы көзімен қарайтын зерттеуден тұрады. Ал, антрополог өзі жасаған адам бейнесін аяқтаған соң оның келбетінің сол ма, сол емес пе екенін елге қалай дəлелдейді деген сауалға келсек, ол да сыннан өткен нəрсе.

Бірде мынадай оқиға болған. Иван Грозныйдың бейнесін жасаушы М.Герасимов атына: «Ол екенін сіз немен анықтайсыз?» деген сұрақтарға толы хаттар жауып кетеді. Ғалым оларға антропологияның халықаралық ережесінде көптеген тексеру тəсілдерінің бар екендігін, онда бəрі де қамтылғанын айтқанымен іс бітпейтінін біледі. Ол сарапшыларға туыстарының өтініші бойынша енді қолға алайын деп жүрген, бұрын өзі көріп-білмеген, суреті де сақталмаған азамат соғысы қаһармандарының бірінің мəйітін əкелуді бұйырады. Мүсіншінің қолға алған істі нанымды орындағаны соншалық, 1920 жылы Украинада махношылар қолынан қаза тапқан комдив А.Пархоменконың зайыбы аталмыш бейнемен дидарласқанда: «Қасқалығын білдірмес үшін арттан алдыға тарайтын шашы да, бала күнінде ат тепкен шекесіндегі тыртығы да қалай айнымай қалған?», – деп таңғалған.

…Исатай, Қобыланды бейнелерін өмірге келтіру жолындағы сəтсіздіктер (мысалы, жергіліктілердің Қобыланды батырдың сүйегі осы жерде деп қаздырғандары бейтаныс әйелдің мүрдесі болып шыққан) Ноэльді жасыта алмады. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік оны жаңа жұмыс жоспарларына жетелей берді. Соның нəтижесінде ол кейінгі кезде тағы бір игілікті іс тындырды. Бұл отызыншы жылдары орыс кулактарының қолынан қаза тапқан тұңғыш қазақ пионері Болатбек Омаров бейнесінің бүгінгі ұрпақпен жүздесуі», деп қалам тербейді белгілі журналист Жанболат Аупбаев ертеректе Н.Шаяхметовтан алған сұхбатында («Егемен Қазақстан», 21.05.2019). Мәскеуде жүрсе де қолы сәл қалт еткен сәттерде Қазақстанға келіп, көптеген антропологиялық зерттеулерге қатысып, ұлтымыздың тарихының көкжиегін кеңейтуге барынша өз үлесін қосты. Мысалы, Қарағанды облысының Қарабие аймағынан табылған біздің ғасырлардан бұрынғы V-IV жүзжылдықтарда адам бассүйегіне қолмен жасалған трепанация болғаны, ал Жамбыл облысынан табылған ежелгі түркі жауынгерінің бассүйегіндегі көлемі 3 см келетін ойылған тесік, адам қолымен хирургиялық ота — трепанация жасалғанын антрополог Н.Шаяхметов дәлелдеп берді.

Ұлтжанды, отансүйгіш, терең ойлы ізденпаз ғалым Ноэль Шаяхметов 2002 жылы республикамыздың басшыларына 10 қазақ батырының антропологиялық скульпторларын (Қобыланды батырдан бастап) жасауға ұсыныс жасайды. Бірақ Мәдениет министрлігі (№ 04/2020, 10.06.2002) оның әзірше қиын жұмыс және оған Үкіметтің арнайы шешімі қажет екенін мәлімдейді. Сөйтіп, өкінішке қарай, жабулы қазан жабулы қалады.

Базбір мәліметтер бойынша, дәрігер-онколог, антрополог Н.Шаяхметов 2009 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша Мәскеудегі «Пирогов-2» емханасындағы онкологиялық орталықта қызмет етіпті. Одан кейінгі өмірі белгісіз. Біздегі қолда бар мәлімет әзірше осы. Алып-қосатындарыңыз болса біз ризашылықпен қабылдаймыз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support