- Advertisement -

Қордай шаруалары 4 жобаны жүзеге асырды

34

- Advertisement -

Бүгінде 32443 тұрғынға құтты мекен болған Қордай ауданының орталығы – Қордай ауылында егін және мал шаруашылығымен айналысатын 27 шаруа қожалығы бар. Ауыл шаруашылығы бағытында 4 жоба 690,7 миллион теңгеге іске асырылған. Осы жобалармен сүт өңдеу цехы ашылып, 30 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 400 миллион теңге көлемінде мал бордақылау қорасы салынып, «Ақ жол Қордай» шаруа қожалығы 10,5 миллион теңге көлемінде фронтальды тиегіш техникасын сатып алған.

Бұл ауылда ауыл шаруашылығы мақсатында 15 174,5 гектар жер бар. Оның 7656,3 гектары егістік болса, 1752 гектары суармалы жер. Жалпы, жайылым жер көлемі 8480 гектар, оның ішінде 1699 гектары елді мекеннің жайылымы, 6781 гектары шаруа қожалығы мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге тиесілі. Ауыл әкімі Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, елді мекенге 1520 гектар жайылым қажет.

– Жайылым жер бойынша ынтымақтастық туралы 3 шаруа қожалығымен және 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 6024,47 гектарға меморандум жасалды. 425 гектар жер мемлекет мұқтаждығына алынды. Өткен жылы округ бойынша шаруа қожалықтарында барлығы 5781,67 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде былтырғы күздік бидай 4219,57 гектарға, арпа 595 гектарға, жүгері 165 гектарға, пияз 110 гектарға, көпжылдық шөп 692,1 гектарға егілді, – деген Әділет Меделбекұлы бұл ауылда 25 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3686 жеке кәсіпкер барын айтты.

Қордайда 19516 мүйізді ірі қара, 93570 ұсақ мал, 1227 жылқы, 1028 шошқа және 19241 құс бар. Жануарлардың денсаулығын күту адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізетіні белгілі. Округте сібір жарасының алдын алу мақсатында 11992 ірі қараға, 88700 ұсақ малға, 1150 жылқыға және 1000 бас талпақ танауға екпе салыныпты.

Өткен жылы бұл округте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 19 көшенің 7,2 шақырым жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, ауылдық округтегі көшелердің 2600 шаршы метріне шұңқырларды жабу жұмыстары жасалған. Бүгінде ауылдық округте жөндеуді қажет ететін ауылішілік жолдар шамамен 25 шақырымды құрайды, осы жылға 11 көшенің 12 шақырым жолын жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.

Ал, мемлекеттік грант бойынша 2023 жылы өз кәсібін бастау мақсатында 1 миллион 380 мың теңгеден 31 азаматқа беру жоспарланып, оған 26 тұрғын қол жеткізген. Айта кетейік, құрылыс саласында 2 миллиард 768 миллион теңгеге инвестиция тартылып, 21 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 165 жұмыс орны ашылды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support