- Advertisement -

Тарихи бағасын алмаған майдан

25

- Advertisement -

Қазіргі жастардың көбісі Ауған соғысы қайдан шыққанын, не себепті он жыл соғыс болғанын түсіне бермеуі мүмкін. Өйткені, ол жарияланбаған майдан еді. Әлі күнге дейін өзінің тарихи мағынасын алмағанымен, бұл майдан адамзат баласын үшінші дүниежүзілік соғыстан арашалап қалды.

Айта кетсем, ол кезде біз Кеңестер одағындағы мемлекет болдық. Сол 15 одақтас республикалардың Кеңестер одағының оңтүстік шекарасында орналасқан Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан мемлекеттерімен шектескен Ауған мемлекетінде 1978 жылы өздерінің сәуір революциясы орын алды. Бұл революцияда мемлекет жеңіске жетіп, демократиялық мемлекет ретінде өзін жариялады. Сол уақыттан бастап бұл мемлекеттің басшысы Нұрмұхамед Таракидің құрған мемлекетіне қарсы шығушылар бас көтерді. Осы мемлекетті құлатпақ болды. Сондықтан, Нұрмұхамед Тараки көзінің тірісінде Кеңес одағынан қайта-қайта көмек сұрай бастады. Іштегі жағдайға көмек беруді сұрады. Бірақ, Кеңестер одағы оның шақыруын қабылдамады. Осылай жүргенде Ауған мемлекетінің басшысы Нұрмұхамед Тараки белгісіз себептермен қайтыс болды. Ол Мәскеуде оқыған азамат еді. Сондықтан, Кеңестер одағына деген көзқарасы оң болатын. Оның орнына Хафизулла Амин келді. Ол Америкада оқыған. Сондықтан, оның бүйрегі АҚШ-қа тартты. Осы мақсатты пайдаланғысы келген америкалықтар сол кездегі капиталистік мемлекеттердің құрамынан құралған НАТО әскери блогының әскері қазіргі Біріккен Араб Әмірліктері, қызыл теңіз, бергі жақтағы Пәкістан, Иран жерлерінде өзінің үлкен әскери оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізе отырып, негізгі мақсаты – Кеңестер одағының оңтүстік шекарасындағы Ауғанстан мемлекетіне әскери блогтарын қоймақ болды. Кеңес одағының барлаушылар тобы олардың мақсатын жақсы білді. Сол себепті 1979 жылы шұғыл түрде Кеңестер одағы өзінің әскерін Ауған жеріне кіргізуге мәжбүр болды. Міне, майдандағы басты мәселе осы еді. Оны қазір әркім әртүрлі айтып жүр. Аталған жылы 25 желтоқсан күні арнаулы түрде әскер Ауған мемлекетіне енді. Осылайша Кеңес әскері мемлекетті бір түнде алды. Ол кезде Хафизулла Амин қайтыс болып, оның орнына сонау Чехословакияда елшілікте жүрген коммунист, Мәскеуде оқыған Бабрак Кармаль билік басына отырды. Кеңес әскерінің енуіне тікелей рұқсат берген де сол кісі еді. Әскер оккупация, қыру-жою, талқандау ниетінде емес, сол қоғам көшінен қалып қалған мемлекетке интернационалистік борышымызды өтеу мақсатында кіргізілді. Біз барғанда ол елде ешқандай мектеп, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Баяғы он төртінші ғасырда өмір сүріп жатқандай. Кеңес одағы Ауған еліне мектеп, аурухана, электр стансаларын, жол сала бастады. Осылайша одақ бұл мемлекетке 3 триллион рубль ақшасын жұмсады. Қазіргі ақшамен 9 триллион АҚШ долларын құрайды. Қарап отырсақ, кішігірім бір мемлекеттің құны. Тағы айта кетерлігі, біз Ауғанстанмен соғысқан жоқпыз. Сол елдегі бүлікшілер, яғни меджехеттер елден бөлініп шығып, қарапайым халық Кеңестер одағында қалып қойды. Олар Пәкістан арқылы дайындалып, Американың шоқпарына айналып, бізге қарсы оқ ата бастады. Айналып келгенде, бұл алып Кеңестер одағы мен Америка құрама штаттары арасындағы ойыннан өрт шыққан, жарияланбаған 10 жылдық соғыс. Әлі күнге дейін ол өзінің тарихи бағасын алған жоқ. Ол соғысқа барлығы 650 мың, елімізден 22 200-ден астам жауынгер қатысты. Соның ішінде өңірімізден 2 232 адам аттанды. Соның 71-і жат жерде жан тапсырса, 1-і осы күнге дейін із-түссіз жоғалып кетті. Әртүрлі санатта мүгедек болып келген азаматтарымыз облыс аумағында 300-ге жуық.

Қазір облыста көзі тірі ардагерлеріміз – 1003, Тараз қаласында 427-ге жуық. Оның ішінде медициналық және басқа да штаб жұмыстарына араласқан әйел азаматтар да бар. Қазіргі таңда сол 17 медициналық қызметкеріміз бейнетінің зейнетін көріп, ортамызда жүр.

Бұл соғыста қандыкөйлек замандастарым Ұлы Отан соғысында бабаларымыз салып кеткен даңғыл ерліктің жолымен антына адал қызмет етті. Соның бір айғағы, қазір халықтың мақтанышына айналған жерлесіміз генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев дипломатиялық жағдайға араласып, өзінің ротасымен дұшмандарға тікелей барып, сол кездегі кеңестік жүйеге де бағынбастан соғыстан құлап қалған мешіттерді қайта тұрғызып, қышлақтарға су жүйелерін тартуға көмектесті. Қазірге дейін сол жерлерде «Бақытжан бағы», «Бақытжан қышлағы» деген елді мекендер бар. Бұл ата-бабаларымыздың соғысқұмар емес екенінің, мейірімінің, кеңпейілділігінің нақты көрінісі. Бейбіт елімізге белгілі батыр, рухты ақын Бақытбек Смағұлдың да ерлігі етене таныс. Бірер жыл бұрын ол кісі Ауған соғысы ардагерлері жайлы кітап жазды. Кешегі Қобыланды мен Алпамыс батырлардың ұрпағы Бауыржан Момышұлы ағамыз майданда әлемді аузына қаратқан қолбасшы болса, Ауған соғысында сол кісінің жолын қуған, полковник дәрежесіндегі Борис Керімбаев ағамызды да айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Ауған соғысы ардагерлері қоғамның сан саласында абыройлы еңбек етуде. Сот, прокуратура, қорғаныс істері, әскери бөлімдер, медицина, мектептерде жұмыс жасап, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып келе жатыр. Мен басқарып отырған Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы республика аумағында қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатындағы белсенділікте соңғы он жыл бойы алдыңғы қатарда келе жатырмыз.

Сол қарқынмен 2016 жылы «Құрмет» орденін алдым. Ол да болса еңбегіміздің еленгені. Қауымдастық бұл күнде облыс аумағындағы барлық әскери бөлімдерде, шекара заставаларында, ұлттық «Ұлан» әскери бөлімінде, әскери-техникалық мектеп, қорғаныс істер департаменті, бөлімдерде, шалғай аудандардағы әскери бөлімдерде, жоғары оқу орындары, колледж бен мектепте, кітапханаларда тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Бұл жұмыстар биыл да сәтті жалғасын табады. 35 жылдықтың құрметіне биыл 35 патриоттық іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, ел ұрпағын ерлікке баулитын шаралар легі бір күн немесе бір жылмен шектелмейтіні анық. Сондықтан, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді жүзеге асырыла береді.

Бұл – үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кету қаупін туындатқан Кеңестер одағы мен АҚШ арасындағы соғыс еді. Мемлекеттердің түсіністігі арқасында соғыс ұзамай тоқтады. Соның әсерінен әскерді кері қайтарды. Сондықтан, бұл сәтті адамзатқа төнген қауіп қайтарылған күн деп санаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Дүкенбай ЕРМЕКОВ,

Жамбыл облысы және Тараз қаласы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support