- Advertisement -

«Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі биік»

33

- Advertisement -

Ғазиза Естаева, Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Мемлекеттік қызметшініңмәртебесі биік».

– Ғазиза Тоқсабайқызы, мемлекеттік қызметке қай кезден бастап араласа бастадыңыз? Әйел азаматтардың басшылық қызметке келуіне қалай қарайсыз?

– Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер қызметтің барлық саласында белсенділік танытып, тек отбасы ұйытқысы ғана емес, әртүрлі салада нәтижелі табыстарға жетіп, жаны нәзік болса да, нардың жүгін арқалап, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген құрметке лайықты іскер жандар деп білемін.

Мемлекеттік қызметке алғашқы қадамым – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция органдары мен бөліністеріне басшылық етуді жүзеге асыратын аумақтық бөлінісінен бастау алды. Бұл сәттілік – қызметтік жолда мол тәжірибе жинақтауыма жол ашты.

Егер сенім артылса, елге қызмет еткен дұрыс деп ойлаймын.

– Мемлекеттік қызметтің мәртебесі туралы не айтасыз?

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бар. Отбасында ата мен әке ұлағаты, әже мен ана тағылымынан өнеге алдым.

Заманы зұлмат жылдар мен соғыс қасіретіне тап келіп, өмірдің қиындығын көрсе де сағы сынбаған, Жасаған Иемізге шүкіршілік етуден танбаған, өмірдегі басты ұстанымы – адалдық пен әділеттілік болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасырға жуық жасаған Естай атамыз өзінің жасаған ерлігі мен еңбегін саудаға салмаған. Көзі тірісінде жеке басының шаруасымен ешкімнің алдына бармаған.

Әкем Тоқсабай Естаев мемлекеттік қызметте еңбек ете жүріп, 2007 жылы небәрі 59 жасында өмірден өтті. Шу, Мойынқұм аудандарының тұрғындары әкемді әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Себебі, менің әкем кісінің ала жібін аттамаған арлы азамат бола білді. Адамдар арасында көркем қарым-қатынастың кемеліне жетіп, отбасында ардақты әке болудың ерекше қолтаңбасын қалдырып, аудан көлемінде абыройлы қызмет атқарды.

Бүгінде әке жолымен мемлекеттік қызметші ретінде ел игілігі үшін жұмыс істеп келемін.

Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген жауаптылығын қамтиды. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі әрқашан биік.

– Біздің қоғамда билік тарапынан мемлекеттік қызметшінің еңбегін бағалау туралы ойыңыз қандай?

– Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 1-ші тарауында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді», – делінген.

Мемлекеттік қызметтегі талаптарды орындау – біздің басты міндетіміз. Яғни, әдеп нормаларын сақтай отырып, айналадағы адамдармен мәдениетті қарым-қатынас жасауға шақырады. Осы талаптар мен міндеттемелерде адами құндылықтарды сақтау алдыңғы орынға қойылған. Қоғам алдындағы жауапты қызметтерді атқара жүріп, ел сүйіспеншілігіне бөленуді өзіңе мақсат етуің керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Үкімет басына жас кадрларды тарту, білімді азаматтарға қолдау көрсету ел болашағының кепілі екенін атап өтті. Сондықтан, сенім артып тапсырған қызметті адал атқару басты парызым деп есептеймін.

– Аудан мәдениетіне басшы болғалы бері қандай бастамаларды көтердіңіз?

– Аудандағы 48 мәдениет нысаны ел игілігі үшін қызмет атқарады.

Аудандық, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс жүргізу барысында нысаналы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын, халықтық атағы бар ұжымдардың шығармаларын танымал ету, олардың репертуарын жаңарту, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде мақсатты аудиторияны кеңейту, кітап қорын толықтыру мен цифрландыру, дәстүрлі, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйірмелер санын ұлғайту, мәдени-тарихи құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени мұра объектілеріне, кітапханалар мен музейге келушілер санын арттыруды, сонымен қатар, уақытпен санаспай қажырлы еңбек етуді және халық алдындағы жауапкершілікті талап етемін.

– Ауданның мәдени ахуалы қалай дамып келеді? Оған аудан әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшылығының қолдауы қалай болып жатыр?

– Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның мәдени-рухани дамуына, мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыру мен іске асыру саласында оң көзқарас танытып, үлкен қолдау жасап, материалдық-техникалық базаның нығаюына жыл сайын қаражат қарастырып отыр. Оның ішінде, ұлттық киімдермен қамтамасыз ету, аспаптар сатып алу, кітап қорын толықтыру, компьютерлік техникамен жабдықтау, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың ағымды жөндеу жұмыстарына ықпал етіп, халықтың ризашылығына бөленуде.

Өткен жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады», – деп рухани дамуды қолдаған болатын. Осыған байланысты өскелең ұрпақты мәдени-адамгершілік бағытта тәрбиелеуде мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың маңызы зор.

Ал, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығы тарапынан екі мыңға жуық тұрғыны бар, халықтың сұранысын ескеріп, қолданыстағы Күреңбел мәдениет үйі мен стратегиялық маңызы бар шекаралас аймақта орналасқан Бәйтерек ауылдық мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырып, қолдау танытса ауылдағы мәдениет нысандарының тапшылығы оң шешімін табар еді.

– Жуалы жерін ел Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның елі деп таниды. Осы ұлы тұлғаларды ұлықтауға арналған қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?

– Қос алып – Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза ұлтқа қызмет етіп, сол жолда өмірлерін сарп еткен тарихи тұлғалар, біз үшін үлкен мақтаныш.

Бауыржан Момышұлының туған күніне байланысты әйгілі қолбасшының қаһармандық, азаматтық қасиеттерін жастардың бойына сіңіру, батырдың тарихи тұлғасын терең тану арқылы жастардың патриоттық сезімдерін қалыптастыру, ерлігін бүгінгі ұрпаққа кеңінен үлгі ету мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Біз – Бауыржан ұрпақтарымыз!» атты жастар форумы өтті.

Ақиқаттың алдаспаны, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына байланысты тағылымды іс-шаралар облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, жазушының кіндік қаны тамған туған ауылы Талапты ауылында аталып өтті.

Шерхан Мұртазаның өзі тұрып, шығармашылықпен айналысқан үйінен әдеби-мемориалдық музей үйі ашылды. Әдеби-мемориалдық музей үйдің ашылу салтанатының тұсаукесеріне Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов, генерал-лейтенант, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова, сонымен қатар, Парламент Сенатының және Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары қатысып, шығармашылық орталықтың лентасы салтанатты жағдайда қиылды. Құрметті қонақтар Шерхан Мұртазаның шығармашылығын насихаттауға әрі жас зерттеушілерге арналып ашылған орталықтың жұмысымен танысып, онда қойылған құнды мұралармен танысты.

Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбектің ұйытқы болуымен Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арнайы түсірілген 40 минуттық деректі фильмі көрсетіліп, көрермен қайраткердің рухымен қайта тілдесті.

Аудандық халық шығармашылығы мәдени демалыс орталығының «Жуалы» халықтық театрының режиссері Ерболат Қаттебеков дайындаған «Ай мен Айша» драмасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылып, 26 ақын бақ сынады. Жуалының жүйрігі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Қанат Мырзахан және байзақтық айтыскер ақын Дархан Әбдіманат айтыстың озық үлгісін көрсетті.

Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен Жуалы ауданы әкімдігінің қолдауымен Шерхан Мұртазаның туған күніне орай облыстық «Шерхан оқулары» байқауы өткізілді. Байқауға аудандар мен Тараз қаласынан келген 17-35 жас аралығындағы 11 үміткер қатысты. Жұлдызы биік Жуалы жері – талай тау тұлғалы азаматтар мен дүлдүлдерді дүниеге алып келген қасиетті мекен. Алдағы уақытта да атқарар ісіміз сан алуан.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Нұржан ӘЛІШ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support