Ұланбелдің әлеуеті жақсарып келеді

Ұланбелдің әлеуеті жақсарып келеді
ашық дереккөз
Ұланбелдің әлеуеті жақсарып келеді
Ұланбел ауылдық округінде 15 ауылшаруашылық құрылымдары тіркелген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 кәсіпкер қайтарымсыз 1 225 000 теңге грант алып, әр түрлі шаруашылықты жүргізуде. Қазір ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінінің ақпарат алаңында округ әкімі Еркебұлан Абасов мәлімдеді. Ауылдың негізгі бағыты–ауыл шаруашылығы саласы. Округтің жалпы жер көлемі – 564750 гектар. Оның ішінде 305893,5 гектар жайылымдық жер болса, 17 мыңнан аса гектар жер шабындық. Жайылымдық, шабындық жерлерді тиімді игеруге байланысты жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде мақсатсыз игерілмей жатқан жерлердің жоқ екені анықталған. Былтырғы есеп бойынша, округте 2305 бас сиыр, 8774 ұсақ мал, 389 жылқы, 110 түйе және 625 үй құстары тіркелген. Барлық төрт түлікке тиісті ветеринариялық емдеу шаралары уақтылы жүргізілуде. 207 ауладан тұратын Ұланбел ауылдық округінде 985 тұрғын бар. Оның ішінде 385 экономикалық белсенді тұрғын болса, 210 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, зейнет жасындағылар саны – 88, белсенді жұмыспен қамтылғандар – 157, өзін-өзі қамтығандары – 114, мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 17. Сонымен бірге, 37 өзге ұлт өкілдері ауыл халқымен тату-тәтті күн кешуде. Қазіргі кезде ауылдық округте 2 асхана, 12 дүкен бар. Былтыр сәуір-тамыз айларында әкімшілік, мектеп, учаскелік полиция пункті, клуб, кітапхана ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы ауылдық округ бөлінген 52 миллион 711 мың теңге әкімдік аппаратының қызметін ұйымдастыру үшін тиісті заң талаптары аясында толық игерілген. Сонымен қатар, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 8 адам қызмет етеді. Атап айтқанда, 1 дәрігер, 3 аймақтық медбике, 1 акушер, 1 техникалық қызметші және от жағушы мен көлік жүргізуші бар. – Былтыр 15 бала дүниеге келді. Жүкті әйелдерге, 1 мен 5 жасқа дейінгі балаларға және жаңа туған сәбилерге тегін дәрі- дәрмек беріледі. Қант диабетімен 11 және онкологиялық аурумен ауыратын 4 науқас есепте тұр. Ана мен бала өлімі болған жоқ. Ал, 2022 жыл бойы округте 118 адамға рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмектер берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәртібі негізінде 1 отбасыға 140 мың теңге қаражат тағайындалды. 4 балаға әлеуметтік азық-түлік көмегі берілуде. Аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арзандатылған ұн таратылды. Өткен жылы ақылы қоғамдық жұмысқа ауылдағы жұмыссыздар ішінен 12 адам жұмысқа тартылды. Жыл бойында мекемелермен шаруа қожалықтарға, жеке кәсіпкерлерге тұрақты жұмысқа 5 азамат орналасты, – деді Еркебұлан Абасұлы. Ұланбел ауылдық округінің басты байлығының бірі – 369928 шаршы метрді алып жатқан Төменгі Шу орман алқабы. Қазір орман бөлімшесінде 37 қызметкер жұмыс атқарады. Округ бойынша 11 шаруа қожалық және 10 жеке қосалқы шаруашылығының малдары орман қоры жерінде орналасқан. Орман шаруашылығы қызметттік 3 көлік және өрт сөндіру машинасы, 2 соқа, 2 рация, 2 мотоцикл, 2 трактормен қамтамасыз етілген. Осында орнатылған 1 өрт бақылау мұнарасы арқылы орман ахуалы үнемі бақылауда. Ал, округті сумен қамтамасыз ететін 22 шақырымда орналасқан ауыз су станциясында 4 қызметкер жұмыс атқарады. Жиын соңында округ әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар