- Advertisement -

Тәуекелшіл тұлға QazVac-ты ойлап тапқан ғалым

652

- Advertisement -

Күнсұлу Закарья – әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеуге қатысқан ғалым. «Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналының бас редакторы. 200-ден астам ғылыми жарияланымның, 8 ғылыми-әдістемелік құралдың, 5 монографияның, 29 өнертабысқа берілетін патенттің, оның ішінде 2 халықаралық патенттің, профилактикалық және диагностикалық препараттар өндірісі бойынша 7 нормативтік-техникалық құжаттың авторы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Күнсұлу Закарья басқарған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы талантты әрі белсенді жастарды ғылыми ортаға тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырды. Ол бұл лауазымға Мемлекет басшысының өкімімен 2023 жылдың 12 сәуірінде тағайындалған болатын. Көп ұзамай, 31 мамыр күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымды қабылдап, жаңа мәртебеге ие болған академияның отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ғылыми интеллигенцияның елімізді дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтіп, Күнсұлу Дальтонқызының Ұлттық Ғылым академиясы президенті ретіндегі жаңа әрі жауапты қызметіне табыс тілеген.

Шын мәнінде, бұл қызметке дейін Күнсұлу Дальтонқызының өзінің ғалымдық сүрлеуінде қанша қиындық кездесіп, қандай кедергілерден өтіп, қанша белестерді асқаны қарапайым жұртқа белгісіз еді. «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ғылыми- зерттеу институтының бас директоры болып жүргенінде, QazVac отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі ретінде алғаш есімі елге жарқ ете қалған ол күнделікті жұмыс күнін Әнұранмен бастайтын патриот ғалым. Оның басқаруымен QazVac отандық вакцинасы әзірленген Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми — зерттеу институты – Қазақстанда және Орта Азияда салынған ең алғашқы лаборатория. Ал, биология ғылымының докторы, профессор Күнсұлу Закарья QazVac-ты жасаған ғалымдар тобының жетекшісі ретінде 2021 жылы «Жылдың ең танымал адамы» атанды.

Күнсұлу Дальтонқызы 2018 жылы бас директор боп келген институт 1958 жылы ашылған. 1992 жылға дейін құпия мекемелер тізімінде болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін осындағы ғалымдардың жанкешті еңбегінің арқасында институт сақталып қалған. Ең қауіпті штаммдар бар зертхана бірнеше корпустан тұрады. Бұл – Қазақстанды өте жоғары биологиялық қауіпсіздік деңгейге көтерген зертхана. Мұндай лабораторияға кіру үшін әр қызметкер арнайы дайындықтан өтеді. Өйткені өз өмірін қауіпке тігеді.

2019 жылдың желтоқсаны. Бүкіл әлем коронавирустың құрсауында қалды. Ғалымдар вирустың біздің елге де жететінін, қамдану керектігін ескертті. Тәуекел еткен Күнсұлу Закарьяның ұжымы вакцина шығаруға бел буды. Әрине, вакцина жасау оңай емес. Ол бірнеше сатыдан тұратын күрделі процесс. Күрделі жағдайдың алдын алуымыз керек дескен ғалымдар бірнеше он жыл бұрын басқа бір түрлері шығып үлгерген коронавирустың алуан түрлерін жан-жақты зерттеген.

Вакцина. Вирус. Жұмыс. Қауіпті вирустың штаммы бар «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ғылыми- зерттеу институты облысымызға қарайтын Отар станциясындағы темір жол бекетінің арғы жағындағы әскери гарнизон аумағында орналасқан. Күніне жиырма сағат жұмыс істейтін ғалым мен оның қарамағындағылар үшін жаһанды дүрліктірген пандемия уақытында ұйқыны тіпті ұмытты десек болады. Бірақ, сонда да оның ажарынан ұйқысыздықтың, шаршап- шалдығудың табы байқалмады. Өз жұмысын шын жақсы көретін, содан ләззат алатын адам шаршаушы ма еді. Жұмысқа келіп, лабораторияға кірер алдында сақталатын қатаң тәртіп бар.

Вакцина әзірлеуді қолға алған кезде таныстардың көбі «Қайда бара жатсыңдар, істей алмайсыңдар, қазақтың қолынан келуші ме еді, ал ертең дұрыс шықпаса, адамдар өлсе не болады?» деп күмәнмен қарап, бұларды сынға алған. Вакцина сынамалардан өтетін боп, клиникалық зерттеулерге түсіп, ғалымдардың өздеріне, өз еркімен келіскен адамдарға салына бастайды. 42 күн өткеннен кейін өте жоғары, сапалы, нәтижелі, қауіпсіздігі жоғары көрсеткіштерді көрсетеді.

«Қазақтар вакцина жасай ала ма?..» Күнсұлудың жігерін жанып, намысын қайраған да осы сөз еді. Тәуекелге барды. Бірақ, өндіріске шығару оңай болған жоқ.

Барып, басшыларға кіріп, дәлелдеп, түсіндіруге қанша қажыр- қайратын сарп етті. Президенттің қабылдауына барғанда ғана бұл мәселе шешімін табады. Протокол бойынша Президенттің алдында 15 минутқа ғана жоспарланған баяндама бір жарым сағатқа созылған. Бір жарым айдың ішінде Мемлекет басшысы бәрін шешіп берді.

Екі айға жетпей әзірленіп шығарылған вакцина – отандық ғалымдарымыздың өте үлкен жеңісі. Қазақ ғалымдарының қолынан іс келетінінің әлемге дәлелі. «Пайдасы да, зияны да жоқ белгісіз сұйықтық» деп біздікілер менсінбей жүрген қазақстандық вакцинаны ақыры әлем мойындады.

«Вирусология – жаңа ғылым емес. Жер бетіндегі вирустар адамзаттан бұрын пайда болған. Олар да өмір сүргісі келеді» дейді ғалымдар. Сондықтан түрленіп, қолайлы орта іздейді. Ал, вирусолог ғалымдар кез келген қатерлі штаммға қарсы тұратын вакцина шығаруға әрқашан дайын болулары керек.

Институттың ғалымдары дайындаған 67 вакцинаның барлығы бұл күнде сынамадан өткен. Әсіресе, мал ауруларының вакцинасы қуатты, бірақ бітпейтін бөгет, көзге көрінбейтін кедергі көп. Мысалы, институт 2018 жылы «Модулярный дерматит» деген мал ауруын емдейтін вакцина дайындап шығарды. Бұрынғы Кеңес одағында болған мемлекеттердің біреуі де мұндай вакцинаны әзірлей алмаған. Күнсұлу бастаған ғалымдар бұл вакцинаны шығарып, ауылшаруашылық министрлігіне апарғанымен, олар қабылдамайды. Африканың ешқандай нәтижесі жоқ (өтірік құжаттарына кейін қылмыстық іс қозғалған (К.З.) вакцинасын алдыртып малға егеді. Қаншама мал қырылады. Күнсұлулар екі жыл бойы осындай бюрократиямен арпалысып, өздері шығарған вакцинаны қолдану арқылы төрт миллиард теңгені үнемдейді.

Иммунитетті жақсы ұстайтын вакцина мен ауру қоздырғыш вирус – таусылмас тақырып. Күнсұлу Закарьяның олар жайлы айтары көп. QazVac вакцинасын жасап шығарған ғалымның бейнелі түрде түсіндіруінше дүниежүзіндегі барлық вирусты жинаса 0,5 литрлік құтыға сыяды екен. Тәж тажалға қарсы егілетін вакциналарды чиптендірумен байланыстырып, елді әрі-сәріге салған қиял-ғажайып әңгімелерге Күнсұлу Дальтонқызы күліп ғана қарады. «Адам өз еркімен сол чипті ұстап жүр. Бәрінде бір емес, бірнешеуі бар. Ол – телефон. Ал вакцинамен бірге ешқандай чип салынбайды. Вакцина – сұйық зат. Ол қанға түседі. Қан 120 күн сайын ауысып тұрады. Егер тіпті өзіңізді мемлекеттік маңызы бар адам сезініп, чиптелдім деп ойлап жүрсеңіз де, үш айдан кейін оның маңызы жоқ.

Жалпы, вакцинаны адамзат 200 жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді. Кеңес өкіметі кезінде сен аласың ба деп ешкім сізден сұрамайтын. Барлығына міндетті түрде егілетін. Бәріміз де тірі жүрміз ғой содан. Әке-шешелеріміз де, өзіміз де, балаларымыз да, Құдайға шүкір. Сондықтан да жоғарыдағыдай ертегілерді сөз ету мен үшін күлкілі», – дейді ғалым.

Ұлттық Ғылым академиясына қызметке келгелі де Күнсұлу Дальтонқызы ғылымдағы әлемдік проблемаларды жиі көтерді. 2023 жылы 8 маусымда өткен Астана халықаралық форумының сессиясында Күнсұлу Закарья әлемге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігі қажет екенін қадап айтты. Ұлттық ғылым академиясының президенті еліміздің пандемиямен күресі, вакцина және ғылым туралы кеңінен сөз еткен форумда енді осы пандемияның салдарын ұмытып, ауыртпашылықты артта қалды демей, керісінше өткен індеттен сабақ алуымыз керектігін, өзінің жақында ғана QazBioPharm «Пандемия сабақтары және Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында форум өткізгенін, сол ауқымды іс- шарада еліміздің тәжірибесі туралы айтылғанын, сол пандемияның сабақтары, ережелерін сақтап қалуымыздың керектігін еске салды.

Астанада өткен «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты сол халықаралық форумда отандық вакцина туралы «QazVaс: Тайталас» кітабының тұсауы да кесілді. Деректі публицистикалық кітапты «ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ басқарма президенті Күнсұлу Закарья таныстырды.

– Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасап шыққан қазақ ғалымдарының ерлікке пара-пар ісіне арналады. QazVac вакцинасы қалай жасалды? Қандай кедергілерді жеңуге тура келді? Вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынды? Оның маңызы қандай? Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзімен, басшылық жасаған тұлғалармен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынды. Пандемия аяқталды, бірақ онымен күрес кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек, кітап осы мақсатта жарық көріп отыр, – деді Күнсұлу Закарья.

Осы тұста Күнсұлу Закарьяның елімізде аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналар шығаратын зауыттың салынуына да үлкен үлесі болғанын айтуымыз қажет. Ел Президентінің қолдауымен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында GMP стандарты бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналар шығаратын еліміздегі толық циклді алғашқы «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытының 1-кезегі салынды және пайдалануға берілді. Жылдық өндірістік қуаты 60 миллион дозаны құрайтын зауыт 2022 жылдың 12 сәуірінде іске қосылды. Осы жылдың 22 тамызында Күнсұлу Дальтонқызы «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры болып тағайындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша институт ғалымдары қысқа уақыт ішінде QazVac вакцинасын жасап, 3 244 еріктіде клиникалық зерттеулер жүргізді. Зерттеулердің оң нәтижелері бойынша вакцина өндірісіне мақұлдау алынды. QazVac вакцинасын дайындау технологиясы Қазақстан Республикасының патенттерімен қорғалған. Сондай- ақ, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына халықаралық өтінім берілді. Алғаш болып елімізде және Қырғыз Республикасында тіркелген QazVac вакцинасын басқа елдерге енгізу- ілгерілету және тіркеу бойынша жұмыс жүргізілді. Вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтарының, клиникалық зерттеулерінің I және II фазаларының нәтижелері Lancet тобына кіретін «Микробиология шекаралары» (Frontiersin Microbiology) және EClinicalMedicine рейтингілік шетелдік журналдарында жарияланды. Елімізде 6 миллионға жуық адам салдырған қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған. Аталған кітап осындай дәйекті деректерімен, терең мағлұматтарымен құнды.

Қарағанды облысында 1967 жылы дүниеге келген қазақтың ғалым қызының өзі туралы мәлімет аз. Атасы Закарья Қалиев – Ленинградта оқып, білім алған алғашқы қазақтардың бірі. Сол жақтағы досы Дальтонның құрметіне Дальтон деп ұлының атын қояды. Оқуын бітіріп, елге келгенде ауыл шаруашылығымен айналысады. Қазақстанға алғашқы тракторлар сатып алуға атсалысады. Көзі ашық, көкірегі ояу, белсенді азамат болған атасы Закарьяның музыка зерттеуші Затаевичке «Арман» деген халық әнін жазып бергені, ол әннің атақты «Қазақтың мың әні» жинағына енгізілгені туралы мәлімет ғалымның отбасылық жеке мұрағатында сақталған. Атасы Закарья бұдан тура бір ғасыр бұрын халықты ашаршылықтан құтқару ісіне қатысса, немересі Күнсұлу халықты әлемді жаулаған тажал вирустан құтқаруға атсалысты. Әкесі инженер-металлург, анасы елу жылға жуық мектепте химия пәнінен сабақ берген Күнсұлудың да кішкентайынан көргені формулалар болады.

«Білім азбайды, тозбайды. Ол – мәңгілік байлық. «Білім – жұмыс. Жұмысты жай ғана жұмысқа барып, отырып келу деп санамау керек, беріліп жұмыс істеу керек. Қазір керемет күшті, дарынды жастар бар. Тек солардың көбісінің өз уақыттарын босқа кетіріп жатқанына жаным ашиды. Қазағымды жақсы көремін. Тәрбиелі қыздарды көрсем тамсанамын. Күйді жақсы көремін. Құрманғазының «Адай», «Сарыарқалары» тыңдаған адамға қандай керемет күш береді! Ұша жөнелгің келеді», – дейді ғалым.

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support