- Advertisement -

ТЖД хабарлайды

19

- Advertisement -

Қызметкерлерді оқыту басталды

15 қаңтардан бастап Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының оқу орталықтарында мемлекеттік орман күзеті және орман өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлерін оқыту басталды. Бұл туралы академияның баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу апта сайын 15 қаңтар мен 20 наурыз аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде жүргізіледі. Осы аралықта барлығы 1332 қызметкерді оқыту жоспарлануда.

Қызметкерлерді оқытудың негізгі мақсаты – орман өрттерінің алдын алу, өрттерді сөндірудің тактикалық әдістері мен тәсілдері, өрт сөндірудің техникалық құралдарын қолдану тәсілдері, сондай-ақ өртті сөндіру кезінде қызметкерлердің іс-әрекеттеріне басшылық жасау саласындағы кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға бағытталған.

Өрт сөндіру бөлімінде «Ашық есік күні» өтті

Аталған өрт сөндіру бөліміне бас сұққан балаларға өрт сөндіруші-құтқарушылар аталған қызмет жөнінде кеңінен әңгімелеп, негізгі өрт сөндіру техникалары мен авариялық-құтқару жарақтары, жауынгерлік киімдер, тыныс алуға қолайсыз ортада қолданылатын «MSA AUER» аппараттарымен таныстырып, оның өрт кезінде қалай қолданылатындығы жөнінде түсіндірді.

Құтқарушылар оқушыларға қысқы мезгілдегі жылыту маусымында пеш және электр құралдарын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауды ескертті. Ұялы телефонға келіп түскен хабарламаларға үнемі назар аударуды естен шығармау қажеттігін, ал ауа райының қолайсыз кезеңінде алысқа сапарға шығуды мүмкіндігінше кейінге қалдырған жөн екендігін айтты. Кішкентай балаларға сіріңкемен ойнауға жол бермеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсудің тәртібімен және белгіленген шарттарымен таныстырды.

Осындай бағыттағы іс-шара Жамбыл медициналық колледжінің студенттері үшін де өткізілді. Білімгерлерге мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмыс тәртібі, бөлімдегі арнайы өрт сөндіру автокөліктерінің қызметі таныстырылды. Сонымен қатар өрт туындаған кездегі алғашқы іс-қимылдар түсіндіріліп, өрт сөндіру құралын қалай пайдалану қажеттігі көрсетілді.

Жаңа техникалармен танысты

Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ильяс Капашев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын атқаруға арналған техникалармен және жарақтармен танысты.

Жалпы, өркениет дамыған сайын, заман ағымымен бірге облыста өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жарағы да жаңа әрі заманауи техникалармен толығуда.

Мәселен, өткен жылы қызмет жарағына жергілікті және республикалық бюджет есебінен негізгі, арнайы және қосымша техникалар мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған жабдықтар алынған болатын. Ал, азаматтық қорғау қызметінің жаңа техникалармен және жарақтармен жабдықталуы бүгінгі заманның талабы екендігі баршаға белгілі.

Үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

Бұл күндері облыс тұрғындары арасында өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газбен уланудың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.

Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Жастар рухы» еріктілер қозғалысымен бірлесе отырып, қала аумағындағы Жалаңтөс батыр, Әлихан Бөкейханов, Кулибин көшелерінің тұрғындарына өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алуы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға қатысушылар 150 тұрғын үйді аралап, 350-дей адамға «Өрт қауіпсіздігі ережелері», «Улы газбен улану», «Балалардың отпен ойнамауы» тақырыптарында жадынамалар таратып, дауыс күшейткіш құралымен көшелерге өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы хабарлады.

 

Бетті дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support