- Advertisement -

Аран апатынан сақтандырған жанайқай

18

- Advertisement -

Жазушы – өмір жайлы түсінік-пікірдің, сенім мен сезімнің шарайнасы. Қоғамдағы қалыптасқан қатынастардың, ішкі және сыртқы байланыстардың пікір қайшылықтарының жалпы суретін, табиғатымызға ең жақын шешімдерді жазушы қаламынан туындаған шығарманың астарынан іздеген абзал. Өйткені, адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін, жанайқайын, ой елегінен өткізіп, оқырманына ұсына білу жазушының азаматтық міндеті. Ал, халқыңның тағдыр-талайына, дүниетанымына, салт-санасына бейжай қарамай, ұлттық құндылықтарды шығармасына арқау ету – қаламгер бақыты.

Көсемәлі – қоғамдық-саяси мәселелерді көркем шығарма арқылы шебер жеткізе білетін жазушы. Қарымды қаламгер ретінде ұлттық дүниетанымдық сабақтастыққа атсалысып жүргені де белгілі. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың шынайы ізбасары екеніне оның «Аран» атты кітабындағы осы аттас әңгімесіндегі астарлы ой-түйіндері дәлел.

Оқиық:

– «Аран» деген атпен бір дүние жазып жүр ем, ешкім жоқта соны бітіруім керек.

– «Аран» дейсің бе?

– Иә, жұрт ашқарақ адамды көргенде «мынаның араны ашылған ба?» деп үрейленіп жатады ғой. Аранның түрі көп. Ашыққан қойлардың бір-бірінің жүнін жеп, киіз тышып, қынадай қырылатын ауруын қырғыз ағайындар «Аран» деп атайды.

– Ой, сұмдық-ай! Ем-домы бар ма ол пәлекеттің?

– Әкем айтатын, аранға ұшыраған кезде қойларды қораға қамамай, ашық аспан астына шығарып, шөбі мен шүйгіні мол қарлы далаға қарай тоқтатпай қуа беру керек деп. Біздің қоғам да қазір үлкен рухани аштыққа душар болып, аран ауры сияқты неше түрлі сұмдықтар белгі бере бастады емес пе? Билік басындағылардың бірін-бірі сатып, бірін-бірі ұстап беріп жатқандары, басқа емес, аранның дәл өзі. Тіпті, одан да жаман. Осы рухани дерт болашаққа үлгі болмаса екен деймін де…».

Міне, осы жолдарды оқып отырғанда төбеңнен біреу мұздай су құйып жібергендей, құйқа тамырың шымырлап, өзгеше күй кешесің. Қоғамда кездесетін бүкіл жамандық атаулының суреті көз алдыңа келіп тұра қалады. Бар даусыңмен, жанұшыра «Аран!», «Аран!», «Аран!» деп айқайлағың келеді. Әрбір жанның көкірегіне шер боп қатқан қайғы-мұңы аралас қыжылды қалай ғана бір ауыз сөзге сыйдырып жіберген. Жазушының шеберлігіне таңдай қағасың. Тәуелсіз ел болып өмір шындығына енді-енді қаныға бастаған, «Сайқымазақ дүние» (тағы бір кітабының аты) саясатына апыл-тапыл қадам баса бастаған «бала көңіл» халықтың образын (бейнесін) былай суреттейді:

«Сәбидің шын аты – Арман. Біреуіміз әскерден, енді біреуіміз құрылыстан келіп оқуға түскен кәртеңдеу студенттердің қатарына жататындықтан, жасы кіші Арманды «Сәби» деп еркелетуші ек.

– Екі әңгіме, – деді, – Сәби, – бірінің аты «Мылқау бауыр», екіншісі «Әлди-ай, бөпем, әлди-ай». Қайсысын оқиын?..».

Енді Көсемәлінің қаламынан туған шығарманың астарына үңіліп, ой-түйіндерін тарқатып, ішкі сырын ашып көрелік. Аран – аурудың алдын алу үшін жазылған, медицина тілімен айтқанда профилактикалық дүние. Жазушы бізді қандай қауіптен, қандай жұттан, нендей індеттен сақтандырғысы келеді? Әрине, өзінің табиғи болмысынан айырылған халық мәңгүрттене бастайтынын, ал өзінің ұлттық болмысын, құндылығын сақтап қалу – бұл ұлы күрес екенін айтқысы келгені кәміл.

Аран – біздің қоғамға жұқпалы дерттей жайылған жемқорлық, сатқындық сияқты ауру. Аран – көркем тілмен жазылған процедуралық іс-әрекет. Аурудың асқынғаны соншалық, оның ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін іске алғысыз етіп тастағаны да ақиқат. Бұл ақиқаттың талай адамдардың өмір сүру салтына айналып кеткені де бесенеден белгілі. Ал, көкірегінде сәулесі бар жандардың жүрегіне жанын жаныштаған жүк болатыны айтпаса да түсінікті. Қазақ халқының сонау жылдардан бері дүниетанымын жайлап алған қасірет- қайғының бүгінде бітеу жараға айналғанын көбен көріп, жандүниемізбен сезінген ақын- жазушылар шығармасының пайда болғаны қуантады.

Көсемәлі әңгіме ішінен әңгіме тудыра білетін қаламгер. «Мылқау бауыр», «Әлди- ай, бөпем, әлди-ай…» соның айғағы іспеттес. «Аран» әңгімесінің ішіндегі «Мылқау бауыр» сюжеті тілден айырылудың соңы адамды қандай күйге түсіретінін баяндайды.

«Жоқ, – деді ол, – ешкімнің де ән салып, әңгіме айтқанын естіп тұрғаным жоқ. Тіпті, мына Сіз де ана, Сіз де әке… мылқау сияқты тілден айырылыпсыздар…

– Балам, – деді Ана осы кезде, – шындықты білгің келе ме?

– Иә.

– Қорықпайсың ба?

– Қорықпаймын.

– Балам, көңіліңе келе ме деп айтпап ек, мылқау біз емес, сенсің. Шетелде жүргенде айықпас дертке шалдықты деп естігенбіз. Міне, соның салдарынан тілден айырылып келдің, әйтпесе, елің де, жерің де, тілің де тегіс аман…

– Сонда мылқау мен бе?

– Иә, балам, сенсің…

Ана еңіреп тұрып жылап жіберді…».

Әңгіме ішіндегі әңгімені оқи отырып ойға батасың. Құлдық санадан тазарғың кеп бұлқынасың. Мүдделі топтың арам пиғылына арандап қалғаныңды сезінесің.

Шарасыз шалдың ішкі жандүниесінің әлемтапырық күйзелісін сипаттайтын «… Ұлы баяғы «Сен – түземдіксің!» деген қыздың, жо-жоқ, сары қарын әйелдің өңіріне медаль тақты…» немесе «Түннің бір уағында жылап оянған баласын кемпірінің «Әлди-ай, бөпем, әлди-ай» деп жұбатқан бесік жыры ойына оралып, көзінің алды мұнартты. Егіліп жылап отыр екен…» деген қаламгер толғаныстарының астарында бүкіл халықтың қайғы-мұңы, көрген небір құқайлары жатқан жоқ па?

Басқа түсініктің, бөтен танымның, табиғатына сай келмейтін пікірдің ықпалына арандап қалған діліміздің бүгінгі сыйқы мынандай: ажырасу, асылып өлу, зорлық- зомбылық, жезөкшелік, ұрлық-қарлық, жемқорлық, жең ұшынан жалғасу… айта берсең таусылмайды. Бүтін бір ұлттың тіршілік ету салтындағы олқылықтар көз алдыңнан тізіліп өтеді. Сол келеңсіз көріністерді көре білсең, К.Сәттібайұлының «Аран» атты әңгімесін дін, діл және тіл тұрғысындағы трилогия деуден басқа лаж жоқ.

Дүниетаным – өмір туралы түсініктердің жиынтығы екенін айтып жатудың өзі артық. Өмір жайлы, тағдыр жайлы түсінігімізді жинақтап, ой елегінен өткізіп болсақ, ақыр соңында ұлы Жаратушымызға тірелеріміз хақ. Дәл осы түсінік, осы сезім біздің күнделікті көзбен көріп жүрген өмірден бөлек тылсым дүниенің бар екеніне иландыра түскендей. Жандүниеміздің тереңінде әбден пісіп жетілген түсініктеріміз, пікірлеріміз, сана-сезіміміз, қадір-қасиетіміз басты құндылығымыз иман жолын түзейді (тудырады). Осындай кіршіксіз түсініктер мен қадір-қасиетімізге иманға байланбаған дүниетанымды кіргізіп алатын болсақ, екіжүзділікке бой ұра бастайтынымыз анық жағдай. Дүниетанымның басқа пікір, басқа әдет-ғұрыппен былғануы – тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа, аранның ашылуына алып келуі табиғи жағдай. Осы тұрғыдан алғанда, «Аран» әңгімесі – түйсік шеңберінде жазылған шығарма. Түйсік – Жаратушы Иеміздің адамзатқа тартқан тартуы, сыйы. Бұл үлкен қазынада Ұлы Шебердің қолымен жасалған ешбір міні жоқ адами қасиеттердің белгісі жинақталған. Осындай ақиқаттың тұнығынан ой аулап, сыр суыртпақтау жазушы бақыты.

Сонымен бірге «Аран» – дүниетаным сабақтастығы, астарлы ой жалғасы. Бұл ойды қара бұлтты қақ жарып жарқылдаған, қара жерді дүр сілкіндірген найзағай тәрізді суреттеуге болады. Осындай қас-қағым сәттік суретті жадыңа тоқысаң – тоқыдың, тоқи алмасаң – түйсік атты сезім өзінің есігін тарс жауып ала қояды.

Ой сабақтастығы – ортақ қазына. Және ортақ құндылықтарымызды сақтаудың жолдары, ережелері, сын-ескертпелері, қоғамды қандай күйге түсіретінінің көрінісі немесе суреті (портреті). Әрбір қалам иесі өзінің қал-қадерінше, арман-ниетіне қарай, сіңірген ой еңбегінің жемісін ақ қағаз бетіне жайып салады. Ой сабақтастығы – табиғи құбылыс. Бұл болмысты (құбылысты) көкірек көзімен ғана көруге болатынын шығарманы жазған жазушының өзі де сезбеуі мүмкін. Адамның табиғаты сондай, бірінің білмегенін бірі біліп, бір-бірін үнемі толықтырып тұрады. Жаратылысы солай. Жазушы мен оқырман да солай.

Осыдан он ғасыр бұрын өткен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» мен Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі арасында, Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» кітабындағы Мәңгүрт пен Көсемәлі Сәттібайұлының «Аран» әңгімесі арасында Аранда ой сабақтастығы жоқ деп айта алмаймыз. Көкірегіңіз ашық, көңіліңіз ояу болса, бұл сабақтастықтан мыңжылдық байланысты көресіз, сезінесіз, аңғарасыз. Бұл сезім оқырман бақыты. Оқырман бақыты адамның жақсылыққа ұмтылу табиғаты, яғни ұлы Жаратушыға құл болу танымы, ар-ұждан сенімі.

Ұлтты ұлт етіп тұратын қадір-қасиетінің басты себебі: ұстанымы мен тазалығында. Осы табиғи болмысты сақтап қалған ұлт рухани жағынан таза, адамгершілікте өмір сүретін қоғамға айналатыны шындық. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» кітабында мемлекеттің төрт құбыласы тең болуы үшін: Әділетті, Бақытты, Ақылды, Қанағатты шарт етіп қояды. Дін мен Діл арасындағы жанды (рухани) байланыстың үзілуі – табиғи заңдылық пен күнкөріс салтымыздың арасындағы сәйкессіздікке, үйлесімсіздікке алып келетінін баян етеді.

Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіндегі Көксерек – табиғи болмысты сақтаудың, ұлттық қалпын (ахлақ) мінез- құлықтың жарқын пікірін, салт-санасын, ар- ұятын жүректің әміріне берудің айқын үлгісі. «Көксерек» әңгімесіндегі баланың образы бала көңіл халықтың бейнесі. Арамдықтан ада, айналасындағылардың бәрін өзіндей көретін аңқау, адал, сенгіш ұлт –қазақтардың прототипі ретінде қарауға болады.

Көксерек – ұлттың ұлт болып қалу жолындағы ар-ождан күресі. Көксерек – қазақ халқындағы «Көкбөрі» тотемінің (ұраны, белгісі, таңбасы) заңды жалғасы. Ендеше, жүрегімізге еніп кеткен бөтен ой, жат таным қоғамның жаппай азғындауына, Аранының ашылуына алып келеді.

Көсемәлі Сәттібайұлы – Шыңғыс Айтматовтың шығармаларындағы шындық пен шеберлікті таусай танып, тамсана үңілген жазушы ғана емес, сол Шыңғыстың үйінде болып, әдебиет, мәдениет, қоғам жайлы, ел мен ес туралы әңгімелескен жалғыз-жарым қалам иелерінің бірі. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасындағы Мәңгүрт өз анасына оқ атса, К.Сәттібайұлы әңгімесіндегі Аран – араны ашылған пенделердің ұлттық құндылықтардың тамырына балта шауып жатқанын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Аран» әңгімесінен тағы бір үзінді келтіре кетейін.

«…елге тұтқа болатын небір азаматтарды бірінен кейін бірін жоя бастады емес пе? Аран ғой бұл! Апырау, сонда аранның адамға да кеп қалғаны ма? Аран… аран… аран…».

Шығарманың шарықтау шегі осылай түйінделеді. Бағзы заманда адамды мәңгүртке айналдыру үшін басына көн қаптайтын еді, ал қазіргі таңда адам санасына жат танымды сіңіріп жіберсе болғаны Сәбит кейпіндегі (Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы кейіпкері) мәңгүртке айналып шыға келеді.

Қорыта айтқанда, «Аран» әңгімесі – жүрегімізге кіріп кеткен бөтен ой, жат таным арқылы қоғамның жаппай азғындауына, яғни Аранның ашылуына алып келетінін меңзейді.

 

Асқарбек АЙДАРОВ,

ақын.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support