- Advertisement -

Жастар әділ сайлауды жақтайды

30

- Advertisement -

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан олар қазір қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуі қажет. Мәселен, Жаңа Қазақстан жастарының еліміздегі саяси науқанның бірі – сайлау туралы түсінігін қалыптастыру, білім беру мен ақпараттық технологиялар арқылы болашақ жас сайлаушылардың демократиялық үдерістерге белсене қатысуына ықпал ету маңызды екені сөзсіз. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде 1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай өткен «Әділетті Қазақстанның жас белсенді сайлаушылары» атты облыстық форум соның бір айғағы іспетті.

Облыстық сайлау комиссиясы мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны облыстық с айлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, 2005 жылғы 14-17 қыркүйекте Венгрияның Шиофок қаласында сайлау ұйымдарының Дүниежүзілік конференциясы «25 мемлекеттен тұратын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығы » бастамасымен өткендігі және оның шешімімен ақпанның бірінші бейсенбісі «Дүниежүзілік сайлау күні» болып белгіленгендігі туралы айтып өтті.

Осылайша, елімізде жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде аталған мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырылады. Серғали Өмірзақұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде енгізілген саяси реформалар туралы, оның ішінде сайлау жүйесіне енген өзгерістер мен жаңалықтар туралы да түсініктеме берді.

Форумда Жамбыл, Сарысу аудандық мәслихаттарының жас депутаттары Жандар Тоқсаба және Бауыржан Балғабай сөз алып жыл өткен сайын ұлттың болашағына бейжай қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін жастардың саны артқандығы, саяси науқандарға бар ынтасымен қатысып, өздерінің конституциялық құқығын дұрыс пайдаланатын жас сайлаушылардың көбейіп келе жатқандығы туралы пікірлерімен бөлісті.

– Бүгінде халық арасында елімізде сайлаудың әділ өтетініне сенімсіздік білдіретіндердің бар екені жасырын емес. Соның ішінде жастар да бар. Олай біржақты ойлау дұрыс емес. Бұл сөзіме өзімнің былтыр аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлануым дәлел. Бұған дейін аудандағы шараларға, соның ішінде қайырымдылық істерге қатысып, еріктілермен бірге ауқымды жұмыстар атқарған еңбегімді аудан тұрғындарының басым бөлігі бағалап, өз дауыстарын маған беруі, сол арқылы жеңіске жетуім еліміздегі сайлау науқанының әділ өтетініне сенімімді ұлғайтты, – деді жас депутат Бауыржан Берікбекұлы.

Іс-шара соңында сайлау саласындағы қоғамның демократиялық дамуында жоғары белсенділік танытқан бірқатар азаматтар облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен марапатталды.

Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар дәстүрлі түрде облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласында жалғасын табатын болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support