- Advertisement -

Жобаларды жүйелі жүзеге асыру міндет

16

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әкімдік мәжілісінде жиын өтті. Өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы талқыланған жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасап, нақты қай салалар бойынша төмен көрсеткіштер орын алғанын атап өтті.

Басқарма басшысының мәліметінше, жыл қорытындысына сәйкес экономикалық өсім 102,4 пайызды құраған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласынан басқа барлық салаларда, атап айтқанда, өнеркәсіп, құрылыс, байланыс, сауда, көлік салаларында оң қарқын байқалған.

Соның ішінде өнеркәсіп саласында 847,7 миллиард теңгеге өнім өндіріліп отыр. Алайда, жыл басынан Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында электрмен жабдықтаудың азаюына байланысты өндіріс көлемі 11,0 пайызға төмендеген. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында су тапшылығы орын алып, «Golden Compass Jambyl» ЖШС өндіретін өнім көлемінің азаюы себепкер болса, Жамбыл ауданында «Амангелді мұнай өңдеу» ЖШС өндірісінің төмендеуі тікелей әсер еткен. Ал, Тараз қаласы бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» шикізат тапшылығына байланысты ферроқорытпа өндірісін төмендеткен. Осыған орай, бүгінде «Тараз қант зауыты» ЖШС елімізге Ресейден арзан бағамен қант келуіне байланысты өндірілген өнімге сұраныс төмендеген.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің баяндамасына сүйенсек, өткен жылы бюджет қаражатының 96,5 пайызы ғана игерілген. Нәтижесінде, жыл қорытындысы мен пайдалануға берілуі тиісті 71 жоба мерзімінде аяқталмай, белгіленген межеге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, құрылыс басқармасы тарапынан білім саласында 4 жоба, денсаулық сақтау саласы мен тұрғын үй құрылысында 1, инженерлік-инфрақұрылым тарту, мемлекеттік органдардың нысандарын дамыту және ауыл шаруашылығы саласында 2 жоба жүзеге аспаған.

Сонымен қатар, Тараз қаласында 24 тұрғын үй құрылысы мен соған сәйкес инфрақұрылымдық 9 жобаның кешеуілдеуі орын алған. Мұндай олқылықтың орын алуын қала әкімі Бақытжан Орынбеков бюджет қаржысының кеш бөлінуінен деп түсіндірді.

– Қала аумағында өткен жылы 24 тұрғын үй құрылысы нысанының аяқталмауы бюджет тарапынан қажетті қаржының кеш бөлінуінен орын алып отыр. Өздеріңізге белгілі, былтыр аталған жобаларға қаражат тек мамыр айында бөлінді. Ал, құрылыс мерзімі 9 айды қамтиды. Өзге 9 нысан тұрғын үй құрылысының аяқталуына тәуелді болып отыр. Сондықтан, жыл сайын қаржы қарастыру мәселесін ертерек шешіп алғанымыз жөн, – деді өз сөзінде шаһар басшысы.

Өткен жылы облыс экономикасында ауыл шаруашылығы саласынан басқа барлық салаларында оң динамика қалыптасып отырғанымен, өңірлер бөлінісінде инвестиция көлемі жөнінен Жамбыл ауданы, жеке инвестиция тарту мен тұрғын үй құрылысы бойынша Мойынқұм, құрылыс көлемінен Қордай аудандары бекітілген меже бойынша жоспарды толық орындай алмаған. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз жұмысын жете орындамаған басшылар мен олардың орынбасарларын сынға алып, бірқатар міндеттемелерді жүктеді. Сондай-ақ, жоспарды уақтылы орындай алмаған Меркі, Қордай аудандарының әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялап, аталған аудандардың салалық басшылық органдарына шара қолдануды тапсырды.

Бұдан бөлек, әкімдік жиынында Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптастыра отырып, бірқатар жұмыстарды жандандыруды, инвесторлар тарту ісін жүйелі түрде жүзеге асырып, аймақтардың даму көрсеткішін қатаң бақылауда ұстау қажеттілігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support