- Advertisement -

«Қалтамдағы ақша қазағыма кетсін…»

65

- Advertisement -

Тараз қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, «Еркебұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Мырқалықов қоғамның дамуына жастайынан қажырлы еңбегімен үлес қосып келеді. Көпшіліктің ортасында өсіп, халықтың мұң- мұқтажымен етене таныс кәсіпкер бүгінде қайырымдылықпен де айналысады. «Еңбек – бәрін жеңеді» деген ұстанымдағы азаматпен сұхбат құрудың сәті түскен еді.

Руслан Мірсапарұлы, кәсіпкерлікке келу оңай болмасы белгілі, қандай кедергілерден өттіңіз?

– Осы жасыма дейін әртүрлі салада бағымды сынап көрдім. Мал шаруашылығымен айналыстым, шетелдерден Отанымызға көлік те тасып көрдім. Ескі базарда кішігірім өз орнымыз болды, онда аяқ киім де саттым. «Шахристан» базары жабылған кезде кәсіпкерлердің басынан ауыр күндер өткені жасырын емес. Жаңадан ашылған Киров көшесінің соңындағы базардан орындарын тапқанымен, нәпақасын айыру қиынға түсіп, көптеген кәсіпкерлер банкрот болды. Мен қазіргі «Айрылмас» сауда орталығының орны бос тұрғандықтан, сол жерді сұрадым. Ол жер 2014 жылы бұйырып, құрылыс жұмыстарын сол уақытта бастадым. Кәсіп ретінде емес, өзімнің кенже баламдай қарадым десем, артық айтқаным болмас. Жыл сайын түрлендіріп отыруға тырыстым, астыңғы қабатқа балалар ойнайтын алаң соғып, облысымызға алғаш мұз айдынын әкелген болатынмын. Керекті асай-мүсейлерін сапалы болсын деген ниетпен шетелдерден алдырдым. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы көлік жалдап алып келіп, тегін концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, ойын алаңшасында көңіл сергітулеріне мүмкіндік жасадым. Бүгінгі таңда да осы үрдісті үзбей жалғастырып келемін. Кәсіп бастау туралы ойдың қалай және қай кезде пайда болғаны нақты есімде болмаса да, не үшін жалғастырып келе жатқанымды анық білемін. Осы арқылы халықтың аздаған бөлігіне болса да қуаныш сыйлай алатындығымның өзі маған ғажап стимул!

– «Айрылмас» сауда орталығы өзіңіздің жан қалауыңызбен, өз қаржыңызға ашқан кәсіп көзі ме әлде ата-анаңыз сізді кәсіпкерліктің қыр-сырына баулып, қаржылай көмек көрсетті ме?

– Әкем базардың реттілігін сақтаушы, жалпақ тілмен айтқанда, базарком болды. Жастайымнан сол кісінің қасында жүріп, басқа өңірлерді аралау арқылы өзімде де, осы салаға деген қызығушылық оянды. Әкем ақылын аямай, әр істің өз қиыншылығы болатыны жайлы жиі айтып отыратын. Аяқтан шалу, кәсіптің құлдырауы, алғашқы жылдары табыстан шығынның көп болатыны секілді қиындықтар алдымнан шыққанда сол кісінің ақыл-кеңесі, қолдауы арқылы ғана осы күнге жеттім деп айта аламын.

– Алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар? Қай бағытта дамымақсыз?

– Қайырымдылық шараларына, отбасыма жіті көңіл бөлсем деймін. Кәсіп жағына келетін болсақ, жақында бір жолдасыммен үлкен жоба бастағанбыз, кейін келе маңызы, құндылығы менің мақсаттарыммен бір болмағандықтан салымымды қайта алып, бөлек кетуді жөн көрдім. Ол қаржыны өзім иелік етіп отырған сауда орталығының жөндеу жұмыстарына салдым. Бірлесіп жұмыс істеу жеке кәсіпкерге қиын соғатынын сол мезетте түсіндім. Қазіргі таңда өзімнің жан-дүнием қалайтын істі іздестіру үстіндемін.

– Өзіңіз айтып өткендей, қайырымдылық жасаумен жиі көзге түсіп жүрсіз. Депутаттық мандат, кәсіп, қайырымдылық жұмыстарына бір кісідей үлгеріп жүргеніңізге дүйім жұрт куә. Осындай қым-қуыт тіршіліктің арасында отбасы, балаларыңызға жеткілікті көңіл бөліп жүрмін деп ойлайсыз ба?

– Оның бағасын отбасым ғана бере алады. Дейтұрғанмен, аптаның әр демалысы ұл-қыздарымды алып кинотеатрға, саябаққа барып серуендеуге тырысамын. Отандық жаңа бейнефильмдер шыққанда балалар өздері-ақ «Әке, осындай жаңа қазақстандық кино шығыпты, барайықшы», – деп қиылады, мен де өтініштерін жерге қалдырмауға тырысамын. Бала деген көз алдымызда тез өсіп кетеді, бүгінгі күндер есінде қалсын деп жұмыстан тыс уақытта барынша көңіл бөлемін. Жер үйде тұратын болғандықтан, ұлым екеуіміз жаз мезгілінде ағаш, гүлдердің бабын жасап, бірге шөп орамыз, ол да әке мен бала арасындағы байланысты нығайта түседі емес пе? Осы уақытта үйде жұбайым мен қызым бізге ыстық тамақ жасап күтіп отырады. Кешке бірге отырып асымызды ішеміз. Ондай сәттерде ешкім телефонға үңіліп, болмаса теледидар қарап отырмайды. Жылдар бойы осы дәстүр сақталып келеді.

– Технология қарыштап дамыған заманда руханият саласына көзқарасыңыз қалай? Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқып тұрасыз ба? Болашақта осы салаға да үлес қосып, жас таланттарға демеуші болу ойда бар ма?

– Өзіміздің өңірден шыққан таланттардың шығармашылығымен танысып отыруға тырысамын. Алайда, өзіңізге белгілі, шетел әдебиеті қарқынды дамып жатыр. Сәйкесінше, оқылым да көп. Аға деп алдыма келген, таланты таудай жастарға шама-шарқымша көмек берген кездер болған. Алдағы уақытта да ден қоятын дүние екен. Күнделікті тіршіліктің қамымен бүгін руханиятты ойламасақ, ертең назар қоғамдағы басқа мәселеге ауысып кетуі бек мүмкін.

– Қоғамдық резонанс тудыратын мәселелерге байланысты өзіндік пікірі бар азаматсыз. Каспий банк аударымдарға біраз кәсіпкерлер шектеу қойды. Әлеуметтік желіде бұл жайлы қысқаша жазып өттіңіз. Бұл жөніндегі ойыңызды толығырақ білсек…

– Салықтың арқасында әлеуметтік жұмыстардың көбі оң шешімін тауып отыр. Кәсіпкер қандай да бір іс арқылы табыс тауып отыр ма, демек, мемлекет салған салықты төлеуі керек. Иә, кәсіпкерлердің мүддесі де қорғалу керек, ол даусыз. Бұл жерде басқа шешімін тауып, мүлде басқа жүйе бойынша әрекет ету керек еді. Өзім мүшесі болған «Ақ жол» партиясының төрағасы бұл мәселені көтерген. Патенттік жүйені жоймау керек еді, кәсіпкерлерге, оның ішінде шағын кәсіпке ыңғайлы әрі тиімді жүйе осы еді. Кәсіпкерлер арнайы бір белгіленген қаражатты төлеп отыратын. Бұл жүйе өкінішке қарай биылдан бастап күшін жойды. Қазіргі жүйе арқылы кәсіпкерлерді салық төлеуден қашырып, жемқорлықты асырып алуымыз мүмкін бе деп қорқамын. Есеп беру, бухгалтерлер жұмысының артуы, осының бәрі қымбатшылыққа әкеліп соғуы мүмкін.

– Ашығын айту керек, қарапайым халық қымбат техника мен шетелге жолдама дегенді мүлде армандамайды. Қымбатшылықтың шегі бар ма? Сіз өзіңіз шетелге қаншалықты жиі демалуға барасыз?

– Әлі жыл сайын шетелге шығатын деңгейге жетпедім деп ойлаймын. Қасымдағы өзім танитын құрдастарым жылына 3-4 рет жылы елдерге барып тұрады. Демек, табысы соған сай. Өзім жаз мезгілінде отбасымды алып Қырғыз еліне, Ыстықкөлге, Алатауға барып тұрамын. Балаларға да пайдалы, өзіміз де бір жасап қаламыз. Бала-шаға өскенде, бар ісімді соларға сеніп тапсырып, еркін ел-жер аралауға ден қоймасам, әлі ерте секілді.

– Алматыда «Милка» компаниясы тәттілерден шырша құрып, қала тұрғындарын қуантқан болатын. Ізінше әлеуметтік желілерде тәтті шыршаға үлкені-кішісі жапа-тармағай бас салған видео тарады. Халықтың пікірі осы тұста екіге бөлінді. Мемлекеттің кінәсі деп бір топ шуласа, екінші пікір – балаларға арналған шыршаға үлкендердің жабысқаны бәрібір де ұят тірлік деп қара халықты кінәлайды. Өңірлерді депутат ретінде аралап жүрсіз. Халықтың жағдайын сырт көзбен қарағанда қалай бағалайсыз?

– «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді ғой, біздің өңірде ашығын айтқанда, халықтың жағдайына жақсы деген баға бере аламын. Жастардың қолында соңғы маркалы ұялы телефон, әр үйдің алдында 2-3 автокөліктен, байқасаңыз, қалада жол кептелісі пайда болған. Ал, жағдайымыз төмен дейтіндердің кейбірінде масылдық психология. «Айрылмас» сауда орталығының жөндеу жұмыстары кезінде қалтамдағы ақша қазағыма кетсін деп қазақ жұмысшыларын іздеп көрдім, 1-2 күн істейді де жұмыс ауыр деп кетіп қалады. Соңында амалсыздан өзбек жұмысшыларын тауып, ақшаны соларға төледім. Халық мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік төлем секілді көмекке әбден үйреніп алды. Осындайда Абай атамыздың «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деген қанатты сөзі ойға оралады. Өмір сүру үшін тамақ қаншалықты маңызды болса, денсаулық үшін еңбектің те орны дәл солай. Еңбек өмірдің шырағына май құяды, ал қиял оны тұтандырады.

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support