- Advertisement -

Талап-тілек ескерусіз қалмайды

18

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысының ауданға сапары аудандық Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесуден басталды.

Кездесуде аудан тұрғындары бірқатар ауылдарда көлік жолдың жоқтығын, табиғи газбен, тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды қордаланған мәселелердің бар екендігін айтып, талап-тілектерін жеткізді.

– Бүгінде Күреңбел ауылдық округінде ауыз су жеткізілу мәселесі өзекті болып отыр. Ауылға су жеткізетін құбырлардың тозығы жеткендіктен, «Жуалы-Су» мекемесінің жұмыскерлері оларды жиі алмастырып, жөндеп отырады. Ал, жаз айларында су жинайтын қорда тапшылық сезіледі, – дейді аталған ауыл тұрғыны Нағашыбек Меркібай.

Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан бір бағыттағы теміржол өтпесін кеңейту, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен «Көксай» демалыс орнына автожол салу мәселесі көтеріліп, тиісті органдар тарапынан жауап берілді.

Бұдан бөлек, Ербол Шырақпайұлы аудан ардагерлерімен кездесіп, «Топжарған» оқу орталығының жұмысымен танысты. Мектеп оқушыларына қосымша білім беруді ұйымдастырып отырған орталықта эстрадалық вокал, ұлттық би, кескіндеме және сурет салу сынды шығармашылық үйірмелері бар. Жас жеткіншектерді өнерге баулуды мақсат еткен білім ошағы жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді курспен оқытып, жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

Жуалы өңірі туристік әлеуеті өндіріске сұранып тұрған мекен. Аймақта экотуризм мен тау туризмін дамыту бойынша бірқатар жобалар қолға алынған. Соның бірі – «Қаралма» тау шаңғы спорт кешені. Шақпақ ата ауылдық округінде орналасқан спорт нысаны бір мезгілде 3000-5000 адамды қабылдай алады. Мұнда қыс айларында тау шаңғысы мен сноуборд теуіп, канатты жолдармен жүріп өтуге, жаз мезгілінде велотуризм, жылқымен серуендеу, арқан жолдарымен өрмелеу секілді спорт түрлерімен айналысуға болады.

2019 жылы құрылысы басталған жоба пандемия кезеңінде тоқтатылған. Ал, бүгінде қажетті материалдардың нарықтық бағасының өсуіне байланысты құрылыс жұмыстарын аяқтауға 2 миллиардтан астам қаржы талап етіледі. Бұл ретте өңір басшысы мұндай жобалардың маңыздылығына тоқталып, қолдау жұмыстары жалғасатындығын жеткізді.

– Аталған спорт кешені облыстағы алғашқы тау шаңғы орталықтарының бірі. Бұдан бөлек, бүгінде өз жұмысын жандандырып отырған «Көлсай» тау шаңғы кешені бар. Алайда, онда канатты жолдар қарастырылмаған.Ал, Ақсайдағы демалыс орнының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, құрылысын бастауға дайын. Халықтың денсаулығын жақсартып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған мұндай жобаларды біз әрқашан қолдауға тиіспіз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-нің жұмысымен танысып, «Злиха» шаруа қожалығы, Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейі сынды бірқатар нысандарды аралады. Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында Жуалы ауданының тындырымды істер атқарып жатқанын атап өтіп, бұл жұмыстарды жандандыруда жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support