- Advertisement -

Маралтайдың мұғалімі

44

- Advertisement -

Игілік ауылындағы Шоқай датқа атындағы орта мектебі талай талантты шәкірттерімен қатар әйгілі ақын, мемлекеттік «Дарын», халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері Маралтай Райымбекұлын тәрбиелеп шығаруымен де, ақынның алғашқы мұғалімінің осы ауылдың тұрғыны болуымен де ерекше. Біз Маралтай ақынның алғашқы ұстазы Сақтаған Шотбасованы қарашаңырағынан таптық.

Әйгілі ақынға білім берген ұстаз өте қарапайым екен. Іздеп барғанымызға қуанып, ағынан жарылып естеліктер айтты. Ол кісінің сөздерінен нағыз ұстазға тән еңбекқорлықты, мейірім мен жылы жүректі аңғардық. Маралтайдың жарқырап көрінуіне осындай көңілі сара ұстаздың да ықпалы болғаны анық.

– 1974 жылы ұстаздық еңбек жолымды қазіргі Жайылма ауылындағы Ленин атындағы орта мектептен бастадым. Мамандығым бойынша химия, биология пәндерінен сабақ бердім. Арада екі жыл өткенде Игілік ауылына тұрмысқа шығып, осындағы орталау мектепте бастауыш пәні мұғалімі болып ауысуыма тура келді. Себебі, химия пәні 2 сағат қана, бір мұғалімнен артылмайды. Сол кезде қабылдаған сыныбым – Маралтай және оның құрдастары болды. Кейбіреулерге бастауыш мұғалімінің жұмысы жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ, менде алғашқы күннен бастап ұйқы болған жоқ. Жауапкершілікті сезінгеннен болар. Оның үстіне, мен қабылдаған сынып балабақшаға бармаған, малды ауылдан, әр жерден келген еңбекшілердің балалары. Маралтайдың өлеңінде айтылғандай, «алқам, салқам» балалар ғой. Бәрінің бірдей жақсы үлгерім көрсетуі де қиын. Содан дене шынықтыру пәнінің орнына – математика, ән сабағының орнына – ана тілі, суреттің орнына да негізгі пәнді қойдым. Оқушыларым үзілісте ойнағанда сыныпқа тағы «алқам, салқам» болып кіреді. Есік алдында мектеп директоры ағайды да қағып кете береді. Оларға өз апайларынан басқа «бастық» жоқ. Бір жолы үлкен үзілістен оқушыларым артынып-тартынып сыныпқа кірді. «Қане, тез отырыңдар» деп сөйлеп жатсам, артқы партада мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Жанысбек Нағанов ағай отыр. Жұмысқа қатал кісі. Ал, шегінерге жол жоқ. Маралтайдың еркеліктен бе, «з» әрпін «т» -ға өзгертіп айтатын әдеті бар еді. Сабақ үстінде қол көтерді. Сұрай қалсам, «көз» деген сөзді басқаша ұятсыздау айтты. Оның кінәсі жоқ. Тілі келмей тұр. «5» қойдым.

Артынша «завуч» Жанысбек ағай шақырып алып сабағымды талдады. Жоқ, дұрыс пікірде екен. Бірақ «Неге анайы сөз айтқан оқушыға «5» қойдың?», – деді. Мен: «Ол дұрыс айтты, тілі келмей тұр», – деп дәлелдеп шықтым.

Маралтайдың тағдыры ауыр болды. Ата-анасы өмірден ерте озды, екі бауыры да бақилық болды. Мұның бәрі менің сезімтал шәкіртіме ауыр тиді. Оның үстіне ақындық деген –дерт. Сол да жанын қинап жүрді. Бірақ, барлық сынаққа төтеп берді, танымал ақын атанды. Біз Маралтаймен мақтанамыз, – деді.

Бір қызығы, бастауыштан соң, Маралтай жоғары сыныпқа өткен кезде де Сақтаған апай сынып жетекші болыпты. Ол кезде мектеп он жылдыққа ауысып, химия мен биологияның сағаттары көбейген екен. Сонда Сақтаған Шотбасова елдің ерке ақыны – Маралтайдың сыныбына 10 жыл жетекші болған. Бүгінде Маралтай ақынның аты аталған сайын алғашқы ұстазы Сақтаған апайдың да мерейі өседі. Ұстаз бақыты осы!

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support