- Advertisement -

Қаламы қасиетті Қастеев

25

- Advertisement -

Халық суретшісі – Әбілхан Қастеевтің есімі қазақ елі үшін аса қастерлі. Аяулы қылқалам шеберінің мол мұрасы бүгінгі жас ұрпақтың үлкен олжасы. Қазақтың алғашқы кәсіби суретшісі өз естелігінде: «Өнерді таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», – деген екен. Оның қаламынан шыққан туындылар сурет өнерінің баға жетпес қазынасы саналады. Хас шебердің 120 жылдығы аясындағы іс-шаралар еліміздің әр аймағында өтуде. Әйгілі суретшінің мерейтойына орай іс-шараны біздің өңірде алғаш болып облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы бастады.

Аталған орталықтың жиынға жақсы дайындалғаны көрініп тұрды. Ғимаратқа кіреберістен Қастеевтің суреттері қойылыпты. Бұл ретте Д.Қонаев атындағы балалар және жасөспірімдер орталығының әзірлеген көрмесі сәтті шыққанын айта кетуіміз керек.

Іс-шарада алдымен режиссер Қаржаубай Сыдықназаров пен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Айдархан Сихаев сөз алып, қастерлі суретшінің қайталанбас қолтаңбасына тоқталды. Айдархан Сихаев суретші мамандығын таңдаған студент жастарға Алматыдағы Әбілхан Қастеевтің сурет галереясын арнайы барып көруге шақырды. Мұнан соң Суретшілер одағының мүшелері Мұхтар Егізеков пен Қайрат Гумаров өз ойларын ортаға салды. Мұхтар Егізеков әйгілі суретшінің мол мұрасына тоқталып, әйел теңсіздігі, қазақы құндылықтар, ұжымшар өмірі, табиғат көріністері туралы еңбектерін көпшілікке кеңінен таныстырды. Жалпы, Суретшілер одағының негізін қалаған, алғашқы төрағасы болған Ә.Қастеевтен 2 мыңнан аса тамаша суреттер қалған.

Еңбек ардагері Гүлбахрам Ақылова «Әбілхан Қастеевті мен көзіммен көрдім. Әйгілі суретшінің галереясынан паровоз жүргізіп бара жатқан әкемнің картинасын таптым», – деп көзіне жас алды. Басқа да құрметті кісілер пікір білдіріп, жастық шағы қиындыққа толы болып өткен Қастеевтің кезінде Мұхтар Әуезовтің үйінде тұрғаны туралы да дерек келтірді.

Іс-шара барысында «Анаға тағзым» орталығы өздерінің әр бағыттағы ізденістерінен хабар беріп отырды. «Ерке сылқым» би тобының, «Домбыра-қазына» үйірмесінің, «Әгугай» вокалдық тобының, «Ақ келін» әншілер тобының өнеріне куә болдық. Күйші Дидар Басықараев пен әнші Мерей Әбуеваның өнеріне көпшілік тәнті болды.

Жиынды аталған орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support