- Advertisement -

Мың жылдық монеталар

23

- Advertisement -

Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атанған Тараз қаласының тарихы сан қырлы. Қала қойнауында қаншама халықтың, қаншама мәдениет пен өркениеттің озық үлгілері сақталған.

Ортағасырлық Тараз қаласының дамуы барлық сипаты жағынан бірнеше кезеңдерден өткен. Атап айтқанда, ерте феодализм кезеңіндегі Тараз VI-IX ғасырлар, яғни Тараз және айналасындағы қалашықтар топографиясы, қолөнер, қоғамдық қатынастардың басталуы, екінші Тараздың гүлденген кезеңі Х-ХІІ ғасырлардағы феодализм дәуірі. Бұл кезеңге қолөнер, сауда және шарушылықтың одан әрі дамуы, исламның енуі жатады. Үшінші, Талас бойындағы мәдениеттің құлауы – ХІІІ-ХVІІІ ғасырларға жатады.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ең ірі сауда, ғылым, экономика орталықтарының бірі болғандықтан, Тараз үнемі таққа талас қақтығыстары негізінен бір иеліктен бір иелікке өтіп отырған. Оның дәлелі нумизматикалық жәдігерлер. Біздің заманымыздағы 704-766 жылдары Таразда құйылған теңгелерде «Түргеш қағанаты теңгесі» немесе «Түркінің көк қанының теңгелері» деген жазулар болған. Бұл тайпалық дәрежедегі теңге емес, бүкіл мемлекет дәулетін, мүлкін, ел ырысын куәландыратын кепілдеме.

999 жылы Талас бойындағы қалалар Қараханид құрамына кірді. М.Е.Массон, О.И.Смирнова, А.Н.Бернштам, М.А.Бубнова тағы да басқа ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде Тараздың теңге сарайы 1002 жылдан 1173 жылдар арасында билеушілері және вассалдық билеушілері өз аттарынан тиындар шығарған.

Бүгінде музей қорында түргеш тиындары, Қараханид дирхемдері, Самарқанд, Бұқара тиындары, ХІІІ ғасырға дейінгі қолданылған тиындардың, сондай-ақ, XV ғасырдың ІІ жартысына жатқызылатын Тимурид тиындар коллекциясы сақталған. Сонымен қатар, осы тиындарды сақтаған құмыралар да, көмбелер де табылған.

Ортағасырлық билеушілер арасында билігі мықтылары ғана өз атынан тиындар шығарған. Өйткені, кез-келген билеуші бұлай жасай алмаған, оған белгілі бір деңгейде саяси ықпал керек болды. Осыған қарап-ақ, шаһардың саяси беделін көруге болады. Таразда теңге сарайының болуының тағы бір себебі, алтын мен күміс кен орындарының болуы, яғни Тараз түсті металлургия орталығы болған. Ежелгі күміс кен орындары Ақыртас маңында, Қордай ауданының тауларында кезіккен. Белгілі қазақстандық археолог Карл Байпақовтың дерегінше, ХІІІ ғасырдың өзінде Орталық Азияда 15 теңге сарайы болған. Солардың қатарына бірнеше түркі мемлекеттерінің ірі қаласы Тараз да кіреді. Тарихшылардың айтуынша, қытай династияларының тиындары VII-VIII ғасырлар аралығында қолданысқа ене бастаған. Бұл монеталар дефициттік жағдайда болғандықтан, түркі билеушілерінде үлкен қажеттілік туындап, өз монеталарын соға бастады. Алғашқыда монеталар Шу алқабы бойындағы Суябта соғылып, кейіннен Тараздағы теңге сарайларында соғылды. Мұндай нумизматикалық жәдігерлер тек теңгенің таралуы, қолданылуы, құндылығынан ғана ақпарат бермейді. Ол қаланың, мемлекеттің экономикасы, беделінің бейнесін көрсетеді.

Музей қорындағы тиындардың көпшілігі қоладан, мыстан соғылған. Көбінде қалашықтардың, керуен-сарайлардың археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, музей қорына тапсырылған. Өлшемдері де әр түрлі болып келеді: 1см, 1,8 см, 2,3 см, 2,4 см, 2,7 см. Жатқызылатын кезеңдеріне қарай, әрқайсысында әртүрлі өрнектер, нақыштар, сызықтар, жазулар түсірілген. Мұндай жәдігерлер музей құндылығын жылдан-жылға арттырып отыр.

 

Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support